Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Мысыр Араб Республикасының баруға ұсынылмайтын мемлекеттер тізімінен шығарылғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл шешім аталған елдегі қазіргі жағдайды, сондай-ақ азаматтық инфрақұрылымның, оның ішінде халықаралық әуежайлар мен туристік аймақтардың жұмыс істеу жағдайларын ескере отырып қабылданды.
Сонымен қатар Таяу Шығыстағы ахуалдың әлі де шиеленісті болып қалуына, сондай-ақ өңірдің бірқатар мемлекеттерінде әуе кеңістігінің мезгіл-мезгіл жабылуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі келесі елдерге жағдайдың толық тұрақтануына дейін сапарлардан бас тарту жөніндегі ұсынымдарын сақтайды: Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Ливан, Оман және Сирия.
«Өңірде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейту, ықтимал қауіпті аймақтарға барудан бас тарту, жергілікті билік органдарының нұсқауларын қатаң сақтау, соның ішінде зымырандық қауіп туындаған жағдайда дереу баспаналарға (қорғаныс орындарына) бару, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу қажеттігі тағы да еске салынады», - делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.