Қазақстан кейінгі уақытта өңдеуші өнеркәсіпке, соның ішінде жүгері дақылын терең өңдеуге ден қоя бастады. Үкімет дерегінше, 2023 жылы жүгері өндірісі шамамен 1,2 млн тоннаны құраса, 2024-2025 жылы жүгері өнімінің көлемі 1 млн тонна деңгейінде қалған.
Өндірістегі оң бетбұрыс
89
оқылды

Осылайша, кейінгі үш жылда салыстырмалы түрде жүгері өндірісі шамамен 16 пайыз деңгейінде іркілді. Дей тұрғанмен, биыл Жамбыл облысындағы жүгері зауыты 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін жүгері өңдемек. Ал Алматы облысындағы жүгері зауыты 300 мың тонна өнім айналдырып, 20 түрлі өнім өндіруге әзір тұр. Түркістан облысындағы жаңа жүгері зауыты 150 мың тонна шикізатты қайта өңдеп, 27 түрлі өнім шығаруға қауқарлы. 

Жаңа өндірістердің қажеттілігін тек оңтүстік өңірлер есебінен қам­тамасыз ету мүмкін емес. Осыған байланысты солтүстіктегі астық егетін өңірлерде де жүгері егіс ал­қаптарын ұлғайту міндеті қойылды. Демек, жүгері өндірісі бүкіл ел бойынша қолға алынады деген сөз.

«Казкрахмал» ЖШС басқа­рушы директоры Руслан Кәрімұлы «Шардара жүгері» зауытының жай-күйі, өңдеуші өнеркәсіпке қосы­лып жатқан үлес, жаңадан ашыл­ғалы жатқан Қызылорда өңіріндегі жүгеріні терең өңдеу зауыты жө­нінде ой бөлісті. 

– Мемлекет басшысының бастамасымен терең өңдеуге бет бұрдық. Біздің елде «Жаркент жү­гері зауыты» 16 жылдан бері жұмыс істейді. Енді «Шардара жүгері за­уы­тының» құрылысын біттік. Жо­балық құны – 35 млрд теңге. За­уытта 27 түрлі өнім өңдеп шы­ға­рылады. Біздің жүгеріден өндіріл­ген  крахмалды тамақ өнімдеріне, қағаз өндірісіне, гипсокартон, құрылыс саласында қолданады. Шырында­рымыз «Коко-кола», «Макси чай» сияқты әртүрлі сусын шығаратын компанияларға ши­кізат ретінде қамтамасыз етіледі. Мәселен, құс фабрикаларына, мал азығына қа­жетті жемнің өзінен ішінара 11 түрлі өнім шығады. Сон­дай-ақ Қызыл­ордада тағы бір жү­гері өңдеу зауы­тының құрылысы басталды. Қы­зылордалық күріш егетін шаруалар, бұдан былай жү­гері егетін болады. Сөйтіп, 16 мың гектарға жүгері егіліп, терең өңдеу­ге жіберіледі.  Өң­делген өнімнің 60 пайызы Ор­талық Азиядағы Өзбек­стан, Қыр­ғызстан, Ауғанстан және Әзербай­жан сияқты елдерге экс­портталады. Осылайша, жүгеріні 98 пайыз терең өңдеп, елдің өң­деуші өнеркәсіп саласына өз үле­сімізді қоспақпыз, – деді зауыт басшысы.

Ауыл шаруашылығындағы қай­та өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу жоспарланған. 2025 жыл­дың қорытындысы бойынша не­гізгі өнім түрлері (ет, сүт, майлы да­қылдар, жүгері, күріш, қарақұ­мық) бойынша қайта өңдеу үлесі 64%-ға жетті. 2027 жылға дейін еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 3,3 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Ауыл шауашылығы министрлігіне қарасты Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепованың сөзінше, жүгері алқаптарын 265 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл был­тырғы жылмен салыстырғанда 90 мың гектарға артық.

Нақтылап өтейік, жүгері өн­дірісі негізгі үш бағытты қамтиды. Мал шаруашылығында, соның ішінде ветеринарияға қажетті жо­ғары сапалы сүрлем шығарылады. Тамақ өнеркәсібінде, дән сұрып­талып, ұн, май, крахмал өндіріледі. Ал техникалық бағыт бойын­ша, биоэтанол өндірісінде жүгері құ­рамынан бөлініп алынған әртүрлі қышқыл қолданылады. 

Әлемде АҚШ жыл сайынғы өндіріс көлемі 400 млн тонна жет­кізіп көш бастаса, ізін басып Қытай 270-280 млн тонна жеткізіп тұр. Ал Бразилия 120-130 млн тонна жүгері өндіріп, үштікті түйіндейді. Яғни, жүгеріні терең өңдеуден түсетін пайда көп. 

О.МҰРАТБЕКҰЛЫ