Себебі, жыл сайынғы инфляция алкоголь бағасының өсуіне әсер еткені бір бөлек, екінші жағынан арақ-шарап өндірісінің ұлғайғаны да байқалады. Бұл алкогольге деген тұрақты сұранысты көрсетеді. Дегенмен қоғамда арақ-шарапқа көзқарас біркелкі емес. Ішімдіктен бас тартқан ауылдардың да бар екені осыған дәлел.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында алкоголь өнімдері шамамен 9,9%-ға қымбаттаған. Әсіресе, сыра бағасы 13,6%-ға өссе, шарап – 10,5%, ал арақ – 5,9% қымбаттаған. Бағаның өсуіне қарамастан, сұраныс төмендеген жоқ. Керісінше, өндіріс көлемі артты. 10 ай ішінде сыра өндірісі шамамен 10%-ға, арақ 7%-ға өскен. Ал шарап өндірісі 20%-дан астам қысқарған.
Бұл деректер ішкі нарықтың әлі де белсенді екенін аңғартады. Қазақстан сыраның 90%-дан астамын, арақтың шамамен 86%-ын өзі өндіреді. Яғни, ішімдікке тәуелділік сырттан келген өніммен емес, негізінен ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
Арақ-шарап нарығында өңірлік айырмашылықтар анық байқалады. Мәселен, жан басына шаққандағы алкогольге жұмсалатын қаржы Шығыс Қазақстан облысында ең жоғары – 16,2 мың теңге. Алматы қаласы мен Қарағанды облысы да алдыңғы қатарда. Ал Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстарында тұтыну деңгейі әлдеқайда төмен.
Халықаралық рейтингке сүйенсек, Қазақстан алкоголь тұтыну бойынша 189 елдің ішінде 100-орында тұр. Жылына бір адамға шаққанда 3,73 литр алкоголь тиесілі. Бұл көрсеткіш Еуропаның кейбір елдерімен салыстырғанда төмен болғанымен, мәселенің жоқ екенін білдірмейді.
Керісінше, әлеуметтік көрсеткіштер алаңдатарлық. Елде 91 мыңнан астам адам алкогольге тәуелді ретінде есепте тұр. Оның басым бөлігі – ер адамдар. Бұл – тек тіркелген жағдайлар. Ал жасырын тәуелділік бұдан да көп болуы мүмкін.
Алкоголизм – тек медициналық емес, әлеуметтік дерт. Ол отбасы берекесіне, еңбек өнімділігіне, тіпті ұлт денсаулығына әсер етеді. Ішімдікке салынған адамның өмір сапасы төмендеп қана қоймай, оның айналасындағы адамдар да зардап шегеді. Балалардың тәрбиесі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғалары – мұның бәрі белгілі бір деңгейде алкогольмен байланысты.
Мемлекет бұл мәселені реттеуге тырысып отыр. Қазақстанда алкоголь өнімдері тек 21 жастан асқан азаматтарға сатуға рұқсат етілген. Сондай-ақ сату уақытына шектеулер қойылған. Градусы жоғары ішімдіктер тек түстен кейінгі уақыттан кешкі 21:00-ге дейін, ал ішімдіктің жеңіл түрлері таңғы 8-ден бастап түнгі 23:00-ге дейін сатылады. Қоғамдық орындарда ішімдік ішуге тыйым салынған. Бұл шараларды арақ-шарапқа сұранысты шектеудің бір жолы деп түсінген жөн.
Дегенмен мәселені тек заңмен немесе мемлекеттің арақ-шарапты шектейтін басқа да шараларының арқасында шешу мүмкін емес. Бұған халықтың өз тарапынан да бастамалар қажет екені сөзсіз. Мұндай бастамалардың бар екенін де айта кетуіміз орынды. Кейінгі жылдары қоғам ішінде жаңа үрдіс байқала бастады. Елдің әртүрлі өңірінде 100-ден астам ауыл алкогольден толықтай бас тартқан. Бұл – халықтың өз еркімен қабылдаған шешімі. Мұндай ауылдарда қылмыс азайып, тұрмыс деңгейі жақсарып, жастардың болашаққа деген көзқарасы өзгергені байқалады.
Мысалы, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының өзінде арақтан бас тартқан 20 шақты ауыл бар. Ащы суды тек жекелеген адамдар емес, тұтастай ауылдардың шектеп, той-томалақты арақ-шарапсыз өткізу жағынан Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарына қарасты ауылдардың көш бастап тұрғанын да айта кеткен жөн. Жалпы, 2025 жылдың мәліметіне сәйкес, елімізде арақ-шараптан толықтай бас тартқан 400-дей ауыл бар. Бұл үрдіс алкоголизммен күрес тек тыйыммен емес, сана өзгерісімен жүзеге асатынын да көрсетеді.
Қорытындылай келе, Қазақстандағы алкоголь нарығы экономикалық тұрғыдан өсіп жатқанымен, оның әлеуметтік салдары әлі де өзекті екенін айтуымыз керек. Баға өсіп, өндіріс артқан сайын, қоғам бұл мәселені тереңірек түсініп, саналы таңдау жасауға тиіс. Ал ішімдіктен бас тартқан ауылдардың тәжірибесі – соның айқын дәлелі.
Айгүл СЕЙІЛ