Танымал болған одан да жақсы. Әсіресе, ата-аналар балаларының танымалдыққа тез ие болғанын қатты қалайды. Құдай оңдап соның реті келе қалмасы бар ма?
«Оқушылар арасында кастинг өткіземіз. Талантты балаларды басты рөлге қабылдаймыз. Мынауский фильм түсіргелі жатырмыз. Балаңыз бір күнде жұлдыз болып шыға келеді» деген айқұлақ жарнама шығысымен хабарлама берген орталыққа ата-аналар бал көрген арадай құжынап жиналды.
– Балаларыңызды актерлікке үйрету үшін үш ай оқытамыз. Сосын сертификат береміз. Бұның құны бір миллион алты жүз мың теңге болады, – деді орталық басшысы.
Жұлдыз болып шығатын баладан ата-ана несін аясын, сол заматта сұраған ақшаны құйып тастады. Біреулерінің қарызданып-қауғаланып қалса да көңілдері тоқ еді. Ай өтті, жылжып жыл келіп қалды. Бастапқыда танымал актерлер екі-үш апта теңгесін төлегендерді жинап, сабақ өткенсіп жүрді де соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Теңге төлегендер алаңдай бастады. Шу шықты. Сөйтсе, орталықтың қаржысы мүлде жоқ екен. Түсірілетін фильмнің сценарийі де жоқ болып шықты.
– Төлеген қаржымызды қайтарып берсін, – деп алданып қалғандар қазір ішкі істер департаменті алдын торуылдап жүр.
«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деуші еді бұрынғылар. Бізге енді жетпегені актерлердің алдағаны еді. Ата-аналардың актерлерге алданып ақ тер, көк тер болып қалғаны жанға батады дә...
С. ДӘНІҚҰЛҰЛЫ