«Әй, осылай аяққа оралып, үйде омалып отыра бересің бе?» деп сүзетін сиыр сияқтанып ала көзімен атқан соң, қолыма іліккен кітапты алып, саябаққа жөнеп кеттім. Оңашалау орындық тауып, отыра бергенім сол, екі полицей едіреңдеп жетіп келді.
– Қолыңыздағы қандай кітап? Теріс ағымдағы дінді насихаттап, жастарды адастырайын деп жүргеннен саумысың? – деп біреуі қолымдағы кітапты жұлып алды.
– Қарай гөр! «Махаббат» дейді. Махаббат сенің неңді алған? – деп кітабымды қайтарып берді.
– Ана орындыққа пісте шағып кетіпсің. Қоғамдық орынды былғағаның үшін төлейсің. Ерніңді жымқырып алыпсың, насыбай ататын қусың-ау, – деп екіншісі жағыма жармаса кетті.
– Түкіріп тастап, мына жерді ластамақ қой, – деп алғашқысы хаттама толтыра бастады.
Немерелеріме тәтті алып қайтамын ба деп қалтама салып шыққан бес-он теңгем бар еді, соларды беріп, әзірейілдей екеуінен зорға құтылдым. Жайғасып кітапты енді аша бергенімде, қасыма мойнына қылқындырып галстук байлаған біреу жетіп келді.
– Сәлеметте боларсың! – деп гүр етті ол.
– Сәлем!
– Осы күнгі балалар миғұла деседі. Сіздің бұған қосар қандай пікіріңіз бар? – деп сұрады ол отырар-отырмастан.
Қаным қайнап кетті.
– Миғұла болмай қайтеді? Мұғалімдердің көбісі дипломдарын сатып алған. Министрдің өзі олардың сауаттылығы төмен екенін жасырмады. Бүгінгі ЖИ түгілі, олардың мұрнына қидың иісі бармайды, – деп ентігіп барып тоқтадым.
– Сонда сен мына бізді – мұғалімдер қауымын миғұла көреді екенсің ғой. Мен – мұғаліммін! Осы сөзің үшін сазайыңды тарттырамын, – деп телефонына тырс еткізіп түсіріп алды да тайып тұрды.
Осы кезде басына сәлде ораған бір дамулла пайда бола кетті.
– Сіз қалай ойлайсыз, бүгінде имандылық, адамгершілік деген бар ма? – деп сұрады ол мені бір көрінгеннің сауалына жауап беріп отыратын автожауапбергіш сияқтандырып.

Қаным қайнап кетті.
– Бүгінгінің имамдары иманнан жұрдай. Жұрт жиналған жерде уағыз айтудың орнына қайыр-садақа сұрайды. Оның орнына түрлі ағымдарға кіріп кеткен жастарды түзу жолға салмай ма? Мешітке барудан қорқатын болдық, – дедім.
– Тәйт, кәпір! Кәпірсің сен! Теріс батамды бердім саған. Екі дүниенің қызығын көрме! – деп қарғап кетті дамулла.
Одан құтылдым ба десем, қасымда сорайып біреу тұр. Шапанына қарағанда қоғамдық қызметтердің сорпасын қайнатып жүрген белсенділерге ұқсайды.
– Бүгінгінің ақсақалдары жайында не айтасыз? – деп сызданды ол.
Қаным қайнап кетті.
– Бүгінгінің ақсақалдары жағымпаздықтан алдарына жан салмайды. Әкім көрсе, қоғадай жапырылып, алдарына құлай кетеді. Бәрінің көксегені – салпыншақ немесе қызметте жүрген немерелеріне қалқан іздеу. Ақсақал деген ауыл-аймақты имандылықққа, адамгершілікке баулып, жақсы істерге ұйытқы болып жүруші еді. Бүгінгінің шалдары... – дей бергенімде, қолындағы таяғымен басымнан салып қалды. Сөйтті де, кілт бұрылып кете барды. Жарылған басымды сипалап отырсам, қасымда жігіт пен қыз отыр.
– Сізден сұрайықшы, осы махаббат деген бар ма? – дейді бойжеткен сызылып.
Қаным қайта тасыды.
– Қайдағы махаббат? Ол баяғыда Төлеген мен Қыз Жібек, Кебек пен Еңлік, Қозы мен Баян заманында өліп қалған. Бүгінгінің қыздары тұрмысқа есеппен шығады. Бәрінің бай жерге барғысы келеді, – дедім қарап тұрмай.
– Әне, айттым ғой, сен мені сүймейсің, – деп қыз жігітіне бұртия қарап, тайып тұрды.
– Көке! Миқоқ екенсіз. Қызға осылай деп те ақыл айтады ма? – деп жігіт ашуланып жөніне кетті.
Бір қарасам, өзімнен-өзім «миқоқ, миқоқ, миқоқ» деп күбірлеп келе жатыр екенмін. Қасымнан жүгіріп өткен қарасирақ балалар да «миқоқ, миқоқ, миқоқ» деп бірін-бірі қуалап барады екен.
Не болып кетті өзі? Жұрттың барлығы миқоқ болып кеткен бе? Әлде басынан жарақат алып, миғұла болып қалған мен ғана ма?!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ