Қаржы нарығында жаңа ойыншы жұмысын бастауға дайындалып жатыр.
Қаржы нарығына келген ойыншы «кім»?
94
оқылды

Қазақстанда еншілес банк ашуға Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қаржы институты Abu Dhabi Commercial Bank ресми рұқсат алды. Бұл – жай ғана тағы бір банктің келуі емес, соңғы жылдары жиі айтылып жүрген «нарыққа жаңа күш қажет» деген мәселенің нақты қадамға айналғанын көрсетеді.

Рұқсатты Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі берді. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл ше­шім мемлекет деңгейінде қо­йыл­ған міндеттермен тікелей бай­ланысты. Яғни, банк секторындағы бәсекені күшейту және сырттан сенімді инвесторларды тарту – ұзақ уа­қыттан бері көтеріліп келе жат­қан мәселе. Енді сол бағыттағы жұмыс нақты нәтижесін бере бастағандай.

Агенттік бұл шешімнің жай қабылданбағанын ашық айтады. «Жаңа шетелдік банктің ашылуы Мемлекет басшысының банк сек­торындағы бәсекелестікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді. Бұл заңнаманы жеңілдету және сенімді шетелдік банктерді тарту үшін жүргізілген рефор­ма­лардың нәтижесі», – делінген рес­ми хабарламада. Яғни, бұл жерде тек бір банктің келуі емес, тұтас жүйенің өзгеріп жатқанын байқауға болады.

Шынында да, соңғы жылдары Қазақстанда шетелдік банктерге қойылатын талаптар біршама же­ңіл­деді. Бұрын мұндай нарыққа кі­ру үшін өте жоғары талаптар қо­йы­латын. Қазір актив көлеміне қа­тысты шектеулер төмендетілді, құ­жат жинау процесі жеңілдеді, кейбір бюрократиялық талаптар қысқар­тылды. Мұның бәрі сырттан инвес­тор тарту үшін жасалған қадамдар.

Нарықтағы нақты жағдай

Abu Dhabi Commercial Bank – өз аймағында беделі бар, қаржылық мүмкіндігі жоғары банк. Оның негізгі акционері – Mubadala Investment Company. Бұл – Абу-Даби үкіметіне тиесілі ірі инвестициялық қор. Яғни, жаңа банктің артында жай ғана жеке капитал емес, мем­лекеттік деңгейдегі қаржылық қол­дау тұр деуге болады.

Банктің қаржылық көрсеткіш­тері де оның әлеуетін аңғартады. 2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша активтері 210 миллиард доллардан асады, меншікті капи­талы 24 миллиард доллардан жо­ғары, ал жылдық таза табысы 3 мил­лиард долларға жуық. Мұндай көрсеткіштер жаңа еншілес банктің Қазақстанда ұзақмерзімді жұмыс істеуіне негіз бар екенін көрсетеді.

Жаңа банк елімізде толыққанды қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Яғни, тек бір бағытпен шектелмей, бизнеске де, халыққа да арналған өнімдер ұсынады. Сонымен қатар исламдық қаржыландыруды дамы­туға ниетті. Бұл бағыт Қазақстанда бар болғанымен, әлі кең таралма­ған. Сондықтан жаңа ұсыныстар на­рық­қа балама құралдар әкелуі мүмкін.

Қазір елдегі банк секторының жағдайына қарасақ, белгілі бір тең­сіздік бар екенін байқауға болады. Ресми деректер бойынша, 2026 жылдың басында Қазақстанда 23 банк жұмыс істейді, соның ішінде 15-і шетелдік қатысуы бар қаржы ұйымдары. Сырттай қара­ғанда таңдау көп сияқты көрінеді. Бірақ іс жүзінде нарықтағы негізгі үлес санаулы ірі банктердің қолында.

Тағы бір маңызды мәселе – несиенің қымбаттығы. Қаңтар айын­дағы дерекке сүйенсек, биз­неске берілетін несиенің орташа мөлшерлемесі 22,7 пайызға дейін өскен. Ал халық үшін бұл көрсеткіш 20,8 пайыз шамасында.Мұн­дай жағдайда кәсіпкерлік жобаларды дамыту қиын. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін бұл үлкен кедергі.

Сонымен қатар биылғы жы­л­дың басында бизнеске берілетін несиелер көлемі азайған. Бұл бір жағынан маусымдық факторлармен түсіндірілсе де, жалпы экономи­калық белсенділіктің бәсеңдегенін де көрсетеді. Мысалы, сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты негізгі салаларда несиелеу көлемі төмендегені байқалады.

Несиенің қымбаттауы мен кор­поративтік сектордағы баяулау бай­қалғанымен, банк жүйесінің та­быс­тылығы әлі де жоғары дең­гейде сақ­талып отыр. 2025 жылдың қоры­тындысы бойынша екінші деңгей­дегі банктер рекордтық 2,72 трлн теңге пайда тапқан. Бір жыл ішінде өсім 6,6 пайызды құраған. Бұл қаржы секторында ақша бар екенін көрсетеді, бірақ сол табыс­тың не­гізгі бөлігі нарықтағы ірі ойын­шы­лардың айналасында шо­ғырланып отырғаны да байқалады. Яғни, жүйе жұмыс істеп тұр, алайда бәсеке әлі де жеткілікті деңгейде емес.

Ranking.kz мәліметіне сүйен­сек, «2025 жылдың қорытындысы бо­­йын­ша екінші деңгейдегі банк­тердің жиынтық пайдасы 2,72 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 6,6 пайызға артық. Соны­мен қатар ең табысты банк­тердің алғашқы ондығында өзге­рістер болды: Bank RBK сегізінші орынға көтерілсе, Bereke Bank бір­ден бір­неше сатыға жоғарылап, тоғызыншы орынға шықты. Ал кейбір банктер үздік ондықтан шығып қалды».

Бұл кімге тиімді?

Осының бәрін ескерсек, жаңа банктің келуі тек формалды жаңа­лық емес. Бұл – нарыққа қосымша қаржы көзінің келуі деген сөз. Әсіресе, ірі жобаларды қаржылан­дыру, инфрақұрылымдық бастама­ларды қолдау сияқты бағыттарда мұндай банктердің рөлі маңызды.

Агенттік те жаңа банктің келуі­нен күтілетін нәтижені нақты атап өтеді. «Жаңа банктің ашылуы банк секторындағы бәсекені дамытуға, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арт­тыруға және халықаралық ка­пи­талды тартуға ықпал етеді», – делінген мәлімдемеде.

Бұл жерде басты мәселе – бәсеке. Нарықта жаңа ойыншы пайда болған сайын, бұрыннан жұмыс істеп отырған банктер де өз қызметін қайта қарауға мәжбүр болады. Яғни, пайыздық мөлшер­леме, қызмет сапасы, цифрлық сер­вистер – бәрі де бәсеке жағда­йында өзгеруі мүмкін.

Тағы бір маңызды тұс – ис­лам­дық қаржыландыру. Жаңа банк осы бағытта жұмыс істейтінін ашық айтып отыр. Бұл әсіресе пайызсыз немесе балама қаржы құралдарын іздейтін клиенттер үшін жаңа мүм­кіндік береді. Сонымен қатар бұл Қазақстанды аймақтағы исламдық қаржы орталықтарының біріне айналдыруға да әсер етуі ықтимал.

Жалпы алғанда, қаржы нары­ғындағы бұл өзгерісті бір ғана банктің келуі деп қарау жеткіліксіз. Бұл – жүйелі реформалардың нә­тижесі. Яғни, мемлекет нарықты біртіндеп ашып, сырттан инвестор тартуға жағдай жасап отыр.

Әрине, жаңа банк бірден на­рықты өзгертіп жібереді деу қиын. Кез келген қаржы институтына толық жұмысын жолға қою үшін уақыт керек. Инфрақұрылым құру, клиенттік база қалыптастыру, өнімдерін бейімдеу – мұның бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Бірақ бастысы, бағыт өзгерді. Қазақстанның қаржы нарығы бұ­рынғыдай жабық емес, керісінше сыртқы ойыншыларға ашық бола бастады. Ал бұл ұзақ мерзімде экономиканың әртүрлі саласына әсер етпей қоймайды.

Сондықтан Abu Dhabi Commercial Bank-тің келуі жеке бір оқиға емес, жалпы үрдістің бір бө­лігі. Егер осы бағыт жалғаса берсе, алдағы жылдары нарықта жаңа банктер көбейіп, бәсеке күшейе түсуі мүмкін. Ал бәсеке бар жерде таңдау да, мүмкіндік те көбейеді.

Кәмила ДҮЙСЕН