Ұлттық статистика бюросы Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық сусындар өндірісіне қатысты жаңа деректерді жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы екі айында Қазақстанда қымыз өндірісі 11,8 пайызға артқан. Қаңтар-ақпан айлары аралығында ел бойынша 215 тонна қымыз өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 тоннаға көп болған.
Ал шұбат өндірісінде керісінше төмендеу байқалады. Биылғы жылдың алғашқы екі айында түйе сүтінен дайындалған сусын көлемі 206 тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 58 тоннаға немесе 22,2 пайызға азайған.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қымыз өндірісі 1126 тоннаны құрап, бір жылда 4,3 пайызға төмендеген. Ал шұбат өндірісі 1425 тоннаға жетіп, керісінше 27,6 пайызға өскен.
Сарапшылар ұлттық сусындарға деген сұраныстың маусымдық және өңірлік ерекшеліктерге байланысты өзгеріп отыратынын атап өтеді.