«Болеро X» – израильдік хореограф Шахар Беньяминидің қойылымындағы Морис Равельдің әйгілі партитурасын ой елегінен қайта өткізу.
Музыка мен қозғалыс тоғысқан тұс: Астанадағы «Болеро X» балеті көрерменді тәнті етті
103
оқылды

27-28 наурызда «Астана Балет» театрының сахнасында «Болеро X» заманауи балетінің премьерасы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Болеро X» – израильдік хореограф Шахар Беньяминидің қойылымындағы Морис Равельдің әйгілі партитурасын ой елегінен қайта өткізу.

«Болеро X» – танымал музыканың иллюстрациясы емес, оны терең хореографиялық ой елегінен өткізу. Морис Равельдің – гипноздық ырғағымен және шиеленістің біртіндеп өсуімен танымал партитурасы Беньямини ұсынған нұсқада бишілердің қозғалысы, ұдайы қайталанып отыратын қимылы мен топтық энергия сахналық рәсімге айналып, көркемдік құралдың негізгі кілтіне айналды.

Спектакль діңгегі 50 шақты бишіден тұратын ансамбльге арналған көпшілік хореографияға құралған. Дәстүрлі жеке орындаушының орнына хореограф ұжымды біртұтас ағза ретінде паш етеді. Ұдайы қайталанып отыратын қимылдар және динамикасы құбылып тұратын ұжымдық қозғалыстар арқылы спектакль бірлік, ұжымдық сәйкестік, жеке тұлға мен топтың өзара әрекеттесуі секілді тақырыптарды зерттейді. Бишілердің тәні музыкалық ырғақтың органикалық жалғасы іспетті, ал сахна – шығарманың екпіні үдей түсетін ортақ кеңістікке айналады.

Хореография баяу басталып, визуалды және кинетикалық максимумға жететін күшті шарықтау шегіне дейін «Болеро» музыкалық формасымен параллель дамиды. Қайталанып отыратын қимылдар механикалық емес – мағынасы тереңдеп, шығарманың философиялық әрі эмоционалды аспектісін ашатын би тіліне айналады.

Спектакль атауындағы «X» әрпі көбейту немесе қиылысу нүктесінің символы ретінде түсіндіріледі – өткен шақ пен осы шақ, жеке және ұжымдық, музыка мен қозғалыс түйісетін жер. «Болеро X» классикалық музыка мұрасы мен заманауи бидің диалог кеңістігіне айналды.

Спектакль халықаралық деңгейде кеңінен танылып, әлемдік сенсацияға айналды. «Болеро X» Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның ірі сахналарында гастрольдік сапар аясында көрсетіліп,  Ballet BC  сияқты труппалармен және  Tanz Akademie Zürich  секілді білім беру институтымен бірлесіп қойылды. Бұл қойылым көбінесе аралас бағдарламаларға, мысалы, балет және заманауи би маусымдарына қосылып, фонограммамен де, жанды музыканың сүйемелдеуімен де орындалды.

«Астана Балет» әртістері керемет! Олардың техникасы, пластикасы және дене қимылы мүмкіндіктері тәнті етеді. Балет туралы білім олардың дене-бітімінде жатқан секілді және бұл керемет көрініс. Сондай-ақ олардың әлеуеті мен мүмкіндіктері мол, менің ойымша, олар бұл жайлы ойына да алмаған тәрізді. Осындай талантты әрі қабілетті әртістерге тап болғаныма қуаныштымын. Менің мақсатым – оларға тың мүмкіндіктер ашып, жаңа идеялар мен қозғалыс тәсілдерін көрсету. Бұның дене физикасы мен мүмкіндік шекарасының кеңеюіне ғана емес, сонымен қатар олардың санасына да әсер етуге қатысы бар. Олар қимыл-қозғалысқа қадамдар жиынтығы ретінде ғана қарамай, әр басқан адымын елеп-екшеп, тереңнен қозғап, ішкі күйін қосуы керегін түйсінеді», – деген ойымен бөлісті  хореографтың ассистенті Джозеф Кудра.

Шахар Беньямини – заманауи бидің танымал хореографы. Ол эмоционалды тереңдік, физикалық қарқын мен әсерлі визуалды тілді біріктіретін экспрессивті заманауи туындыларымен танымал. Ол үздік би ұжымдары үшін қойылымдар жасап, дүниежүзінің би ұжымдарымен шығармашылық байланыс орнатқан. «Болеро X» қойылымы хореографтың заманауи би әлеміндегі беделін нығайтуда маңызды рөл атқарған ең танымал туындыларының бірі саналады.

Қойылым бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.

Сондай-ақ көрсетілім аясында кеш бағдарламасын толықтырып, театр репертуарының көркемдік маңызын арттырған «Орфей мен Эвридика» балеті де көрермен назарына ұсынылды.

«Астана Балет» театрындағы «Болеро X» премьерасы елорданың мәдени тынысындағы маңызды оқиғаға айналып, көрермен қауымға әлемдік сахнадағы заманауи балеттің ең жарқын әрі батыл үлгілерінің бірін паш етті.