Сахнада жүргеніне 40 жылдан асқан Ұлықпан Жолдасовтың 500-ге жуық авторлық әні бар. Оның ішінде 300-ге жуығы эстрадалық әндер болса, қалғаны – оркестрлік шығармалар, композициялар, саундтректер, демо нұсқадағы әлі жарыққа шықпаған музыкалар.
Ұлықпан Жолдасов, композитор: Өнердің «сауда алаңына» айналып кетуіне алаңдаймын
127
оқылды

Эстрадалық әндерінің 100-ге жуығы Қазақ радиосының алтын қорына енген. Еліміздегі беделі биік, тарихы терең аталмыш радионың әнұранының авторы да – Ұлықпан Жолдасов. Композитордың авторлық әндерін тек отандық әншілер ғана емес, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Армения, Португалия сынды елдердің жұлдыздары да орындап жүр. Композитор биыл 60 жасқа толды. Жақында әншіні мерейтойымен құттықтап, шығармашылығы жайында әңгіме өрбіттік.

Әннің салмағы заманына қарай өзгереді

– Биыл алпыстың асқарына шығып отырсыз. Сахнада жүргеніңізге де аз уақыт болған жоқ. Осы уақытта артқа көз салға­ныңызда не көресіз?

– Сахнаға алғаш қадам басқаным – 1983 жыл. Біреуге бұл көп уақыт болып көрінбеуі мүмкін, ал біз үшін бұл тұтас бір өмір. Артыма қарасам, өнерге үлкен сеніммен келген жас Ұлықпанды көремін. Біз кеңестік кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейінгі талай уақыттың куәсі болдық. Әр дәуірдің өз үні, өз болмысы бар. Сол кезеңдердің бәрінде әннің қалай туғанын, қандай көңіл күйден шыққанын көрдік. Өнер ешқашан өз мәнін жоғалтпайды. Халық қандай қиындық көрсе де, өнердің жүгі өзгермейді. Өзім ән жазатын болғандықтан, әр шығарманың артында шынайы өмір жатқанын жақсы сезінемін. Әсіресе, қиын кезеңдерде туған әндердің салмағы бөлек болады. Ондай туындыларда халықтың көңіл күйі, заманның тынысы анық байқалады. Уақыт өте келе әннің стилі де өзгеріп отырды.

Тәуелсіздікке дейін диско бағытындағы әндер көп болды. Кейін рок стилі келді. Өзім әртүрлі бағытта жазып көрдім. Диско, поп, латын-америкалық ырғақтар, қазақы вальс, босса-нова. Қазір жаңа ағымдар да пайда болып жатыр, соның ішінде регги стилін де байқап жүрмін. Дегенмен стиль таңдауда ұқыптылық қажет. Қанша түрлі бағыт болса да, соның ішінен қазақтың болмысына жақын, ұлттық нақышқа сай келетінін таңдау маңызды. Қазір бұл бағыт қазақ эстрадасында көрініс тауып келеді.

Соңғы уақытта шетелдік эстрадамен де жұмыс істей бастадым. Бұл өзімді жаңа қырынан тану, өзге музыкалық кеңістікті көру үшін керек болды. Қуантатыны, әндерімді шетелдік орындаушылар да сахнаға шығарып жүр.

– Әндеріңіздің ішінде дәл сіздің бол­мысыңызды айнытпай көрсететін ән қайсы?

– Әр әннің өз стилі бар, соған сай ай­тылар ойы да өзгеше қалыптасады. Сон­дықтан бір ғана әнді бөліп көрсету оңай емес. Дегенмен өзіме өмір туралы толғаныс­тан туған шығармалар әлдеқайда жақын. Солардың ішінде «МузАрт», «Заман», «Меломен» топтарының орындауындағы кей әндер менің ішкі әлеміммен үндесіп жатады. Мысалы, «Қайран көңіл», «Махаббат гүлі солмайды» сияқты туындылардың стилі де, рухы да маған етене жақын. Ал «Күзгі вальс» мазмұны жағынан да, әуездік құрылымы тұрғысынан да жүрегіме ерекше жылы. Бұл әнді шетелдік орындаушыларға ұсынып көрдім, олар да сахнаға шығарып жүр. Нәтижесі жаман емес. Вальс ырғағында жазылғанымен, әуені өзгеше өрілген.

Мен өзімді ақынмын деп айта алмаймын, әннің сөзін жазбаймын, тек әуенін туды­рамын. Кейде ән мен сөздің үйлесімі та­былмай, шығарма толық ашылмай қалатын сәттер де болады. Ал басқа тілде орындал­ғанда, керісінше, сол әуен жаңа қырынан көрініп, сәтті шығуы мүмкін.

Шәкірт тәрбиелеу де мен үшін маңызды бағыттардың бірі. Бірнеше жыл бойы композиторлық пен аранжировка саласында бағыт-бағдар берген шәкіртім Қуат Әбілов бүгінде эстрадада өз орнын қалыптастырған, көптеген хит әндердің авторы атанып отырған талантты композитор.

– Шетелде кімдерге ән жазып жүрсіз?

– Қазіргі уақытта шығармашылығым тек отандық деңгеймен шектеліп отырған жоқ. Нью-Йорк қаласындағы Sony Production секілді ірі продакшнмен байланыс орнатқан досымыз арқылы шетелдік нарыққа ән жазып жүрмін. Біз жиі хабарласып, ұзақ сөйлесеміз. Олар қандай мінездегі әндерді ұнататынын, қандай стильдерге басымдық беретінін талқылаймыз. Сол бағытта жұмыс істеуге тырысамын. Sony Production – әлемдік музыка индустриясында өзіндік орны бар орта. Мұнда кезінде Мадонна, Майкл Джексон сынды ірі тұлғалар шыққан. Соңғы уақытта шығармаларым көршілес елдерде де кеңінен орындалып жүр. Мәселен, Шохрухкан есімді жас өзбек әншісі оннан аса әнімді орындап жүр. Тыңдарман тарапынан жақсы қабылданып жатқанын естіп қуанамын. Негізі, бұл әндер бұрын қазақ тілінде орындалған, қазір өзбек тіліне аударылып, жаңа тыныс алып жатыр.

Одан кейін альбомдары 17 миллион тиражбен сатылған Түркияның ең танымал әншісі Мұстафа Сандал, Өзбекстанның әйгілі әншісі Юлдуз Усманова, Армян әншісі Сильва Акопян, Италия әншісі, әлемге әйгілі Ferragamo әулетінің (былғары аяқкиім, киім, т.б. өндіруші атақты италяндық бренд) ізін жалғастырушы ұрпағы, әнші Сальваторе Феррагамо да авторлық әндерімді өз репертуарына қосқан.

Шығармашылық жолымда халықаралық тәжірибенің де орны ерекше. Осыдан 10 жыл бұрын Стокгольм қаласына арнайы шақыртумен барып, келісімшарт аясында тәжірибе жинадым. Сол сапарда әлемге танымал музыкалық продюсер Николос Олоусонмен бірнеше ай бірге жұмыс істеп, кәсіби тұрғыда үлкен тәжірибе алдым.

«Алтынай» – өнердегі төлқұжатым

– 40 жыл сахнада жүрсіз ғой. Осы уақытта «Өнерге адал болу» дегенді қалай түсінесіз? 

– Қазір өнер «сауда алаңына» айналып кетуіне алаңдаймын. Өйткені әннің бағы көбіне орындаушыдан туады, кейде оның мазмұны халықтың жүрегіне жетіп, хитке айналады. Бірақ осы үдерісті таза коммер­­­цияға айналдырып, туындыны тек сату үшін жазатындар да кездеседі. Меніңше, ком­по­зитор болсын, ақын болсын, шығар­маны, ең алдымен, жүрекпен жазуы керек. Өнер – тауар емес. Бұрынғы қазақтың сал­тын­да авторға ризашылық білдірудің өз әдебі болған. «Ат мінгізіп, шапан жабу» деген дәстүрдің астарында үлкен құрмет жатыр. 

Әлеуметтік желілерде «арнайы ән жазып беремін» деген жарнамаларды да жиі көреміз. Бұл да өнердің белгілі бір деңгейде арзандап кеткенін аңғартады. Дегенмен, соған қа­рамастан, арамызда өнердің шын қадірін білетін, сапалы дүниеге жұмыс істейтін мықты композиторлар бар. 

– Сіздің қолтаңбасы қалыптасқан компо­зитор болуыңызға туған жердің топырағы (Маңғыстау жері) әсер етті ме, әлде ұстазға еліктедіңіз бе?

– Қазақтың қай жерін алсаңыз да, киелі жерлер көп. Маңғыстауда 362 әулие деп киелі деп айтып жатады. Өзі әнші Мұрат Өскенбаев деген ағамыз бар. Оның жыр-дастанын көп естідім. Күйлерін талай рет консерваторияда орындайды. Оларға қарап мен де солардай болғым келді. Кішкентай күнімнен Мұрат атамыздың жыр-термесін, күйін тыңдап, содан 6 жасымда домбыра үйренгенмін. Жас кезімде домбыра ойнап, оркестрде жүріп ойнадым. Үлкен пластин­камыз болды, күйтабақ дейміз ғой, солардан Қыз Жібекті, Қобыланды жырларын жаттап алып, домбырада айтатынмын. Сондықтан домбыра бойыма сіңген, ауылдан шыққан өнер адамымын. 9 жасымда ағама еліктеп қолыма гитара ұстадым. Гитараны жақсы үйренгеннен кейін қызығып, эстрадаға ауы­сып кеттім. Домбыраны да тастағам жоқ.

Қазақтың қай өңірін алсаңыз да, қасиетті мекенге толы. Соның ішінде Маңғыстау «362 әулиелі жер» деп бекер айтылмайды. Мұндай киелі топырақта өскен адамның өнерге жақын болмауы мүмкін емес деп ойлаймын.

– Сіздіңше, қандай әндердің ғұмыры ұзақ болады?

– Нақты қай әннің ұзақ жасайтынын ешкім дөп басып айта алмайды. Біз ән жазғанда «мынау мәңгілік болады» немесе «қысқа ғұмырлы болады» деп шығармаймыз. Оның тағдырын шешетін тыңдарман. Халықтың жүрегіне жеткен ән ғана уақыт сынынан өтеді. Мысалы, Құралай Сәтмұхан­бетова мен Ханбибі Есенқарақызы сөзін жазған «Алтынай» әнінің осынша ұзақ жасайтынын алғашында болжаған жоқпын. Бұл әнді 1992 жылы орындадым, содан бері қанша жыл өтсе де, қай концертке барсам да, ең алдымен, осы әнді сұрайды. Сол се­бепті «Алтынай» мен үшін бір жағынан төлқұжат іспетті туындыға айналды. Әрине, кез келген композитордың арманы – артында із қалдыру. Мен де Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков сияқты ағалардың, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов атамыздың әндері сияқты ұзақ өмір сүретін шығармалар жазсам деген ниеттемін. Мәселен, Шәмші атамыздың «Сыған сере­надасы» әнін араға жылдар салып Тоқтар Серіковке қайта жазып бердім. Оған дейін де талай әнші орындағанымен, әр кезеңде әннің жаңа тынысы ашылып отырады. Сондықтан әннің халық арасында кең таралуы көбіне орындаушыға да байланысты.

– Өзіңіздің сахнадағы образыңызға, стиліңізге келсек. Гитарасыз сахнаға шыға аласыз ба?

– Жоқ, мен өзімді гитарасыз елестете алмаймын. Жас кезімде 1-2 рет гитарасыз сахнаға шығып көрдім, бірақ ол маған жат екенін бірден сезіндім. Әр өнерпаздың сахнада өзін ұстауы, өзін көрсету мәнері болады ғой. Маған сахнада билеп, артық қимыл жасаған жараспайды деп ойлаймын. Ал гитарамен тұрғанда өзімді еркін сезінемін. Бір орында тұрып-ақ, бар көңілді, бар сезімді музыка арқылы жеткізе аласың.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

 

ҚЫСҚА НҰСҚА:

– Сізді қуантатын не нәрсе?

– Немерем.

– Өткенге өкінесіз ба?

– Жоқ!

– Жиі ашуланасыз ба?

– Иә. «Шәйі орамал кепкенше» ғана ренжуім мүмкін.

– Өнер дегенде, ең бірінші есіңізге не түседі?

– Гитара.