«Жанұя» орталығы қиын жағдайға түскен отбасыларға үміт сыйлады

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен еліміздің түкпір-түкпірінен Отбасын қолдау орталығы ашылып жатыр. Бүгінде оның саны 152-ге жеткен. Орталықтың негізгі міндеті – мемлекеттің отбасылық саясатын жүзеге асыру, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету бойынша жұмысты үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға қол ұшын беріп, олардың жұмысын ұйымдастыру. Астанадағы сондай орталықтың қызметімен танысып қайттық.

Мекеменің алғашқы қарлығашы – елордада ашылған. Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ  әуелде өз ісін пилоттық жоба ретінде бастаған.

 – Біз 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бастапқыда жай ғана жоба ретінде іске қосылған. Ол кезде орталықтың не үшін, кімге көмектесетіні, немен айналысатыны, кімге бағынатыны белгісіз еді. 2023 жылы коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде тіркелген соң қай бағытта жұмыс істейтінімізді түсіне бастадық. Сөйтіп, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ережесі шығарылып, ол әлеуметтік қорғау басқармасына бағынып, өз міндеттері бекітілді. Бізде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар ғана емес, кез келген жанның тығырықтан шығуына, түйінделген мәселесін шешуіне барымызды саламыз.

 Егер бұрын бала мемлекеттің қарауына түссе, онымен Балаларды қолдау орталығы айналысатын. Кейін баланы отбасынан ажыратып алғанда, оның әке-шешесімен ешкім жұмыс істемейтін. Содан болар көпшілік «баласынан айырылдым» деп бар үмітін үзетін. Қағазбастылықтан, әр есіктің табалдырығын тоздыру процесі әрбір ата-ананы қажытады.

Ал қазір баласынан айырылғалы отырған отбасы жағдайын түзеп алуына мүмкіндігі бар. Әсіресе, ата-ана құқығынан шектеп, баласынан айырылу кім-кімге де ауыр. Оның үстіне, біз кәмелетке толмағандардың ісі бойынша өтетін комиссияның құрамындамыз. Барынша баланы өз отбасында сақтап қалуға тырысамыз. Тіпті, ол Балаларды қолдау орталығына түссе де, біз  оның отбасына оралуына және отбасылық ахуалдың түзелуін қадағалаймыз. Біздің мақсат – бала қайта өз отбасына оралған кезде түзелген, жақсы ортаға түсуі тиіс. Әйтпесе, ол бұл жағдайға қайта түседі, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директордың орынбасары Кәмшат Белденова.

Құралай Серікқызының айтуынша, коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде тіркелгеннен бастап орталықтың жұмысы қыза түскен. Өздерінің мәліметінше, 2023 жылы орталық саны 33-ке жетсе, келесі жылында 67-сі ашылған. Ал 2025 жылы 131-ге ұлғайса, биылғы қаңтар айының ақпаратына сәйкес мекеменің саны – 152-ге жеткен.

– Бүгінде Астана қаласында  әр аудан бойынша отбасын қолдау орталығының 6 бөлімі бар. Әр бөлімнің өз мамандары жинақталған. Біздің штатта 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Жалпы, орталық бұдан басқа тегін психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетеді. Оған қоса, әр адам өзін алаңдатқан мәселесі жайлы консультативті көмекті тегін ала алады.

Қала мен ауылдағы мекеменің жұмысы екі бөлек. Қалада арнайы дағдарыс не оңалту орталықтары бар, қажетті жағдайда көмек сұрап келгендер соған жеткізіледі. Ал шалғайдағы ауыл-аймақтан аудан орталығына жеткізу оңайға түсе бермейді. Дегенмен ол жақтың жұмысын оңтайландыру үшін көмек сұраушылар  біздің орталықта уақытша тұрады, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директордың орынбасары Құралай Жанұзақова.

 

Отбасының берекесін сақтауға қала ғана емес, аудан мен ауыл әкімдігі атсалысады

Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директордың орынбасары Кәмшат Белденова орталықтың жұмысын ілгерілету үшін ішінен жүйелендіру  қажет екенін айтты. Сөйтіп, жұмыстың қарқынын өзгертіп, мобильді топ құрылған.

– Бұрын отбасының қиын жағдайда екенін білгенде әкімдік, мектеп, емхана бәрі көмектесуге жүгіретін. Артынан сол көмекті бір ғана отбасы ала бергені анықталды. Мұндай олқылықты тәжірибе алмасу бойынша өткен басқосуда білдік. Осы кезде жұмысты жүйелеу керегін түсіндік. Сөйтіп, жұмыстың қарқынын өзгертіп, мобильді топ құрылды. Біздің міндет – осы мобильді топтың жұмысын жүйелендіру. Жұмыс барысын қадағалай отырып, дұрыс ұйымдастыру. Нәтижесінде, қиын жағдайға түскен отбасылардың қалыбы жақсы жаққа өзгерген динамикасын байқадық, – дейді ол.

Әкімнің үкімімен заң аясында мобильді топ бір жылға жасақталады. Биыл – олардың жұмыс істеп жатқанына екінші жыл. Оның ішіне қалалық және аудан әкімі кіреді. Ал аудандық әкімдікке барлық ауыл әкімдігі қарасты. Әр аудан өзіне қарасты ауылдармен жұмыс істеп, аумағында қиын жағдайға тап болған отбасын тіркейді. Мобильді топқа ішкі істер ұйымы, білім, денсаулық және әлеуметтік қорғау бойынша төрт мемлекеттік ұйым жүктелген.

– Бұрын біз мектеп, полиция секілді мемлекеттік органның қай-қайсына болсын хат жазып, оның жауабы түгілі, қаралуы ұзаққа кететін. Бүгінде бұрынғыдай бюрократия жоқ. Әкімнің өкімімен бекітілген мобильді  топқа бүкіл мекеме кіреді. Олар қиын жағдайға тап болған отбасыларды тауып қана қоймай, сол жағдайдан шығаруы  керек.  Мысалы, көмек сұраған адамның өтініші  тіркелген соң 1414 нөмірінен хабарлама түседі. Егер ол жеке ақпаратын тексеруге рұқсат берсе, мемлекеттік базадан отбасының сандық картасы алынып, бүкіл ақпарат қаралады. Отбасының бұған дейін қандай көмек алғаны, кімнің қай жерде жұмыс істегені немесе немен айналысқаны бәрі көрсетіледі.

Әлеуметтік жұмыс дегеніміз бір фактімен немесе бір заңға негізделмейді. Бәрі егжей-тегжейлі тексеріледі, – деді  Құралай Жанұзақова.

 Халыққа көмектесу жүйесі орталықтандырылған

 Мекеме басшысы орталықтың көмегін көріп, қиын жағдайдан шығып, ахуалын түзеген отбасы аз емес екенін айтты. 2019 жылдан бері 1 050 отбасын толыққанды сүйемелдеп, олардың жағдайы түзелген. Өткен жылдың өзінде 140 отбасының жағдайы жақсарған екен.

 – «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» дегендей  мобильді топ мамандары хабар түскен соң әлгі отбасының үй-жайына барып, ахуалына көз жеткізеді. Үй ішінің әр мүшесімен сөйлесіп, субъективті көзқараспен отбасын қысылтаяңнан шығару жолын қарастырып, жоспар құрады. Онда отбасының әр мүшесіне, яғни кімге, қандай көмек керегі жазылады. Қандай мәселеге қай мемлекеттік орган жауапты екені көрсетіледі. Сол кезде отбасына жеке мінездеме жасалып, оның мәселесін анықтап, шешуге жоспар құрылады. Мысалы,   тіркеуде бар ма, емханаға тіркелген бе, жұмысы бар ма, үйі бар ма? Әлгі отбасыны бүге-шігесіне дейін қарастырып, мемлекеттік органдардың араласуымен мәселені шешуге тырысамыз, – деді Кәмшат Белденова.

Оның айтуынша, түсетін хабарламаның көптігінен жұмысты орталықтандыру қажеттігі туындаған. Сондықтан  FSM Social  цифрлық қосымшасы жасалды. Барлық ақпарат көзі бір жерде жинақталып, әр орган бір-бірінің ісін қайталамаудың алдын алды. Әрбір хабарлама сүзгіден өткізіліп, реттеледі.

«Бұрын хабарламалар WhatsApp, телефон, хат арқылы келсе, қазір бұл міндетті  FSM Social  цифрлық жүйесі орындайды. Қосымшаға түскен хабарды біздің мамандар қарап, оған спонсорлық көмек пе, әлде азық-түлік қажеттілігі ме, нақты қандай көмек  керегі анықталады. Қай орган атсалысуы тиіс, қай бағытта жұмыс істейтіні белгіленеді. Сол себепті емхана, мектеп, пробациялық қызмет, полиция секілді бүкіл мекемелерден хабар түседі. «111» контакт орталығымыз бар. Оның өзіне соңғы уақытта 98 қоңырау түсті. Бастысы – мемлекеттік ұйымдар қиын жағдайға тап болған отбасыларды қайда жіберу керегін біледі. Сондықтан бізде коңыраулар тоқтаусыз түсіп жатыр, – дейді Құралай Жанұзақова.

Мобильді қосымша арқылы қиын жағдайға тап болған отбасы бойынша 400-ге  жуық хабар түскен. Сүзгіден өткізу барысында 120-ға жуық отбасы сүйемелдеуге алынған. Оларға бір реттік кеңес емес, ұзақ уақыт бойы, үздіксіз толыққанды көмек көрсетілген.

 

 28 жастағы жігіттің тұрғылықты тіркеуі болмаған

Бүгінде орталықтың көмегіне жүгінетін жан өте көп. Кәмшат Белденованың айтуынша, былтырдың өзінде орталыққа көмек сұрап 5 мыңға жуық адам келсе, жыл басынан бері оның саны 10 мыңнан асады.

– Қазір қиын жағдайға тап болған отбасының мәселесі көбірек анықталып жатыр. Бұрын ондай отбасы өз мәселесі өзінде қалып, көршілері бұл жайында хабарсыз қалатын. Ақпараттың ашықтығы және елдің сеніміне кіргендіктен, болған жағдайын өздері айтып келетіндер көбейді. Оның үстіне, мобильді топ та  осы бағытта жұмыс істейді.

Қазір көпшілігі психологиялық көмекке жүгінеді. Сәнге айналды ма, білмеймін, әйтеуір психологтің көмегіне жүгіну ұлғайған.  Сонымен қатар  кез келген хабарласушыға ең алдымен психологиялық көмек міндеттелген. Өйткені адамның ойы өзгермей өмірі өзгермейді. Сондықтан психологиялық көмекке көбірек мән береміз. Әрине, адамның егер ішер асы, қонар жері болмаса, ол қайдан психологке барады. Кейде міндетімізге кірмесе де олардың тұрмыстық мәселесін реттеуге тырысамыз. Тегін заңгердің қызметі, яғни құқықтық көмек, медиациялық көмек, психологиялық, әлеуметтік сүйемелдеу, әлеуметтік көмек порталы қызметі бойынша да көмектесеміз. Оған мүмкіндігі шектеулі жандардың, өздігінен шипажайда демалу, ем алуына тіркеуін үйретіп, мамандарымыз кеңес береді, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директордың орынбасары Кәмшат Белденова.

Оның айтуынша, бұрын өмірлік жағдайын қиын отбасы деп полиция көрсетсе, бір мезетте жапа-тармағай бүкіл орган тексеретін. Қазір әр ақпарат мобильді қосымша арқылы түседі, ол жерде отбасының жай-күйі сипатталып, нақты қандай мекеменің баруы керегі анықталады. Отбасының тұрмысын көріп, оның портреті жасалған соң қай департаменттің, қандай мәселемен айналысу керегі белгіленеді. Сөйтіп, ол отбасы бір жылға бақылауға алынады. Аяғына нық тұрып кетуіне әлі де көмектің қажеттігі байқалса, сүйемелдеудің уақыты  тағы созылады. Мысалы, мүгедектікті тіркеу тез арада шешілмейді. Жалпы, елде құжаттарды ретке келтіру ұзақ уақыт алатыны белгілі.  

Сондай жағдайдың бірі 2023 жылы болған. 28 жастағы астаналық жігіттің еш құжаты болмай шыққан. Зейнеткер анасының да құжаты түгенделмеген екен.

– Әлгі жігіт өзі мүгедек, бір аяғы тізесінен жоқ. Астаналық базар маңындағы мешіт алдында қайыр сұрайтындар көп. Ол сол жерде күнелтіп жүрген. Дөрекілік көрсетіп, полицияға да талай шағым түскен. Олар оны тіркеп, қамауға алайын десе, құжаты болмаған. Жігіттің жағдайын реттей бастағанда оның Қазақстан азаматы ретінде еш жерде тіркелмегенін білдік. Қолында ешқандай құжаты жоқ. Ол алда-жалда қаза тапса, құлдыққа сатылса, оны ешкім білмейтін еді. Жігіттің анасы бар, сол кезде оның жасы – 65-те, зейнетке шықпаған. Оның да ешқандай құжаты болмай шықты. Осы отбасының жағдайын, яғни тек құжатын реттейміз деп екі жарым жыл жүрдік. Әуелі жігіттің емес, анасының құжатын реттеуге кірістік. Оның зейнетақы құжатын реттеп, алғашқы базалық зейнетақысын алғанын көрдік. Кейін жігіттің құжатын ретке келтірдік, мүгедектікке тіркеу процесі әлі жүріп жатыр.

Апамыз болса бұған дейін аналық құқығынан айырылып, балаларынан қол үзген. Оларды қайтарып алуды білмеген. Баласының барын білсе, айырылып қаламын деп қорыққан ана құжатын реттеуге кіріспеген. Мәселе қорыққанында емес, негізі халықтың енжарлығы, білімсіздігі. Олар мүгедектікке тіркелсе жәрдемақы алатынын, қосымша жеңілдік беретінін білмеген, – деді Құралай Жанұзақова.

Елордада тұрып, құжатсыз жүрген бұл бір ғана жағдай емес. Үш баласы бар келіншектің де құжаты болмай шыққан. Өзінің ғана емес, үш баланың туу туралы куәлігі болмаған. Ең үлкені – 7 жаста, құжатын реттеген соң мектепалды даярлық сыныбына барды. Келіншек кәмелеттік жасқа толғанда куәлігін алмаған. Қайта балаларының құжаты Астанадағы перзентханада босанғаны туралы анықтамасының арқасында тезірек реттелген.  

 

Анасы 14 жасына дейін баласын мектепке жібермей, үйінде ұстаған

Жоғарыда айтып кеткендей, орталық кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ісі бойынша комиссияның құрамында. Қазіргі сәтте олар осы мәселемен 71 отбасының ісін қарастырып,  ата-аналық құқығынан айырылмауын қарастырып жатыр.

Құралай Жанұзақованың айтуынша, мұндай кезеңде алдымен баласынан айырылған  ата-анамен психологиялық консультация жүргізіледі. Алты ай ішінде бұл отбасының тұрмысын жақсартуға тырысады. Содан кейін ол «жағдайым түзелді, балаларымды қайта аламын» деп қайтадан сотқа жүгіне алады.

– Мемлекетіміз әр баланың ата-анасымен бірге болғанын қолдайды. Екінші жағынан, бізге түсіп жатқан баланың көбі – әлеуметтік жетімдер. Яғни, балалардың ата-анасы бар, бірақ оларды қарай алмағаны. Тұл жетімдер біздің елде өте аз. Оған қоса, комиссияда баланы бірден қолдау орталығына жіберуді қарастырмайды. Баланың өміріне, денсаулығына зиян келтірмейтін жағдайды қарап, үкілеген үмітінің үзілмеуін мойнымызға аламыз, – дейді Құралай ханым.

Кәмелетке толмағандардың ісі бойынша өтетін комиссияның отырысына әрдайым қатысып, әр істі бақылауында ұстайтын Кәмшат Белденова басынан түрлі жағдайдың өткенін жасырмады.

Оның айтуынша, астаналық жасөспірім 1-сыныпқа 14 жасында бір-ақ барған. Бұған дейін анасы оны үйінде ұстаған. Бұл жағдайды учаскелік полицей байқаған.

– 14 жастағы мүгедектігі бар қызын анасы үйінде ұстаған. Өзі жұмысқа кеткенде қызын үйде жалғыз қалдырып отырған. Ондай бала өз-өзіне қандай күтім жасайды дейсіз. Шәугімге күйіп қалған, құлаған. Жатақханада тұрғандықтан, олардың бұл жағдайы бүкіл көрші-қолаңға мәлім. Бірақ ешбірі ешкімге хабарламаған. Арасында жасөспірімнің бір айдай мектепке барғаны бар. Онда да сабаққа көп қатыспаған.  Артынан анасы «Қарағандыға көштік» деп оқудан шығарып алған. Алайда ешқайда кетпеген, баласын үйде ұстаған. Ол үкімет баласының барын білсе, тартып алады деп ойлаған. Өйткені оған дейін ол аналық құқығынан айырылып, 5-6 баласы балалар үйіне тапсырылған екен. Осы үрейден баласын ешкімге көрсетпеген.

Осыны білген учаскелік полицей бұл мәселеге немқұрайды қарамай белгілі органға хабарлаған. Жасөспірімнің мүгедектік құжаты реттеліп, жәрдемақыға ілікті, арнайы мектепке орналастырылды. Сөйтіп, бала 1-сыныпқа 14 жасында бір-ақ барды. Қазір оны мектепке арнайы автобус алып барып, алып кетеді.  Қазір ол 2-сыныпта оқиды, ара-арасында жетістігін айтып, қуанышын бөлісіп қояды. Анасы болса алаңсыз жұмыс істеуіне мүміндік алды, – деді Кәмшат Белденова.

Оның сөзінше, кейде тұрмыстың қиындығынан емес, жауапсыздығынан баланың өміріне атүсті қарайтын ата-ананың барын тілге тиік етті. Тіпті, сырқат емес, дені сау баласын үйінен шығармай ұстағаны да бар.

– Мысалы, бір ана 7 жастағы баласын мектепке жібермей, үйінде ұстаған. Оны бізге сүйемелдеуде болған келіншек айтып берді. Бірден Білім басқармасына хабар беріп, олар оны мектепке тіркейді. Ол сабағын өз жасына сай сыныптан бастады.  Оның одан басқа екі әпкесі бар. Олар мектепте оқиды, бірақ үйде өзге баланың барын ешкімге тіс жармаған. Қызығы,  баланың дені сау және ол бүкіл екпесін алып отырған, – дейді ол.

 

Төсек тартып жатқан келіншек аяғына тұрып, жұмысқа орналасты

Орталыққа сенімнің ұлғайғаны хабарласушылардың көбейгенінен байқалады. Сүйемелдеуден өткен жандар таныс-білісінің де жағдайымен бөлісе бастағаны бар. 

– Ел ішінде бізді қабылдауы өзгерген. Комиссияны балаларын тартып алады деп қабылдаса, бізді оларды сақтап қалуға мүмкіндік ретінде көреді. Бұл дегеніміз – біздің жұртқа сенім туғызғанымыз. Қайырымдылық жасау міндетімізге кірмейді, бірақ кейде біреулерге демеушілер іздеп, көмегіне жүгінеміз.

Мысалы, орта жастағы келіншек көрші үйдің гаражына кіргенде көлік жүріп кетіп, оны қысып қалған. Көлікті көршінің баласы жүргізген. Салдарынан келіншектің ішкі ағзасына зақым келіп, төсекке таңылған. Оның бұл жағдайын бізге көршісі хабарлаған. Оқиға 2023 жылы болған. Алғашқыда жөргегін алып беріп, хат жазып жүріп, оңалғанға дейін уақытша арба беруін сұрап бердік. Мүгедектікке шыққанға дейін әлеуметтік көмек алуына байланысты құжатты тапсыруына көмектестік. Міне, былтыр сол келіншек өз аяғымен бізге келіп, жұмыс істегісі келетінін білдірді. Осындай өмірінің қиын кезеңінде жалғыз қалдырмадық. Барынша көмектесіп, тұңғиыққа батып кетпеуіне көмектестік. Көршісі хабарласпаса, біз де көмектесе алмас едік, оның да аяғына тұра алмауы мүмкін еді. Сол кезде 9-сынып бітірген қызына  оқуға құжат тапсырып, өз жолын табуына да септігіміз тиді. Бір сөзбен айтқанда, балалары қараусыз қалмады, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директордың орынбасары Кәмшат Белденова.

Қытай Халық Республикасы Алтай аймағы Шыңжаң ауданынан келген қандасымыз орталықтың сүйемелдеуінің арқасында жағдайы түзеліп, баспанаға іліккенін айтты. 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Қаратал ауылына тұрақтап, орта білімін алған. Мұғалімдік колледжге оқуға түсіп, тұрмысқа шыққан.

«Үлкен ұлым аурушаң болды, соның ем-домын іздеп, 2009 жылы үлкен қала Астанаға бет алдық. Басымыздан біраз қиындық өтті, пәтерден-пәтерде жүрдік. Бірақ баламның денсаулығы оңалмады, сонымен әуре-сарсаңға түстік», – деген  Венера Әсемғазы (аты-жөні өзгертілді ­– ред.) бұл орталыққа баспаналы болудың жолын іздеп, жағдайын айтып барған.

 – Орталықтағы қыздар «Республика 32 мекенжайына барып, мұқтаж екенін айтып, мән-жайды түсіндірсеңіз, уақытша баспана беруге өздері шешім қабылдайды», деді. Шынымен, көмегі тиді. Республика 81 мекенжайында орналасқан жатақхананың кілтін берді. Аумағы 31 шаршы метр бөлмеде тегін тұру мүмкіндігіне ие болдым.  Бар-жоғы коммуналдық қызмет ақысын төлеймін. Ол кезде бір-ақ балам болды, қазіргідей көпбалалы болмадым. Бес жыл ішінде біраз мәселем шешілді: мемлекеттен төленетін жәрдемақыға іліктім. Баламның мүгедектігі жайлы анықтамасын алдық. Ем қабылдап, арнайы мектепке іліктік. Тұрғын үйдің кезегіне тұрдық. Әр мереке сайын сый-сияпаты, қажетті азық-түлік қоржыны беріледі, – дейді Венера Әсемғазы.  

Айтуынша, жақында келісімшартқа қол қойып, баспаналы болған.

 

«Бауырымның аутист егіз баласын қолыма алдым»

 Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директордың орынбасары Құралай Жанұзақова әр отбасының сүйемелдеу кезеңі мәселесіне байланысты қаралатынын жеткізді. Кейбірінің мәселесі шешілсе де ары қарай құжат жағынан қадағалауды қажет етеді.

«Әрине, әр отбасына көмектесу, қолдау – біздің жұмысымыз. Дегенмен біз Алла емеспіз, кей адам көмегімізді қажет етпеуі мүмкін. Енді бірі баласынан айырылған кезде ғана мәнін түсінеді. Шыны керек, кейбірі сынып кетеді. Мәселен, ішімдікке салынса, ол бір жылда індетінен айырып шықпайтыны анық. Сонда да ол отбасыны жылдар бойы бақылауда ұстаймыз. Отбасының ахуалы түзеліп, қалыпты өмірге көшті дегенде, шыдас бермей ескі әдетіне басады. Былтыр бір баланы анасының қасында қалып, оның құқығын айырмауын сұрағанбыз. Қатты ішімдікке салынған анасы өзін қолға алғандай көрінді. Жасөспірім үйден қашып, көше безуін қойып, сабаққа бара бастаған.  Өткенде көршісі әлгі келіншектің қайта ішімдікке салынғанын айтты. Далаға кеткен қанша еңбегімізден бұрын балаға жаның ашиды. Амалсыз полицияға хабар беріп, баланы балалар орталығына орналастырдық. Осындайда бір ғана адамның емес, бүкіл бір әулеттің өмірі құрдымға кететіні жаныңа батады. Алайда қолдан келер амал жоқ,  – дейді ол.

Әр шаңырақтың берекесін қашырмай сақтап қалуға тырысып бағады. Өйткені кез келген балаға өзінің әке-шешесі мен отбасынан жақыны болмайды.

51 жастағы Асылай (есімі өзгертілді – ред.) енді-енді есін жиып, шаңырағының берекесін сақтап, психологиялық қолдау алғанын еске алды. «Бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, пандемия кезеңінде аяқасты әкесінен, артынан анасынан, бауыры мен келінінен айырылған.

– Араға жыл салар-салмастан қаза үстіне қаза, әулетіміз қараңғы түнекке оранды. 2023 жылы келінім, екі айдан кейін бауырым қаза тапты. Сұлқ құлап, есімді жинай алмадым. Келінімнің артынан екі баласы, өзімнің екі баламмен қалдым. Екеуі егіз, бар-жоғы екі жаста. Олардың сырқат екенін де білмеймін. Бір емес, бірнеше  балабақшаға апардым. Бір-екі аптадан кейін әлгілер «мына бала адам болмайды, неге әкелесіз» деп өзіме қайтарады. Ақырында дәрігерге апарып, «ауру болса ауру, сау болса сау деген анықтамасын беріңіз» деп ренжідім. Марқұм келінім сол ауруханада істегендіктен, әріптестері бағыттап жіберді. Сол кезде екі балапанның диагнозы аутизм екенін білдім. Бөтен адам келсе үстелдің астына, диванның артына тығылып, ол кеткенге дейін орнынан тапжылмайды. Екеуі сөйлемейді, дәретін ұстай алмайды. Тамақты да жөнді жей алмайды. Осының бәрі мені шаршатып, күйзелтіп жіберді,  – дейді Асылай ханым.

Жұмыс істемей үйде балаларды бауырына басқан Асылай ханым оларды қаратудың жолын іздеген.

– Балаларға көмектесетін не бар деп көше кезіп келе жатып жолдың арғы бетінде «Жанұя» деген сөзді көріп қалдым. Әлгі сөз жаныма жылылық сыйлады. Бұл не екен деп ішіне бас сұғып едім, Гүлнар деген келіншек хал-жағдайымды сұрады. Әлгі кісі мені ынты-шынтысымен тыңдағаны соншалық, өзімді мазалаған сұрақ түгілі, бүкіл жан дүниемді ақтарып, ағыл-тегіл жылап алдым. Сол сәтте әлеуметтік емес, психологиялық көмекке зәру едім. Бұрын дастарқанда әулетімізбен улап-шулап бас қосатын едік. Қазір төрт баламен бір өзім қалдым. Кімді жоқтап жыларымды білмедім. Содан психологпен сөйлесіп, балаларды балабақшаға кезекке тұрғызып, мәселемді шет-шетінен реттеп берді. Олар тұңғиыққа батып бара жатқан жерімнен мен шығарды.

«Алланың өзі сынақты көтере алатын адамға береді» дейді ғой. Шүкір, стрестен шығып, аяғыма нық тұрдым. Балаларымның халі жақсы, екеуі арнайы балабақшаға барады. Ақырындап сөйлей бастады. Оларға ренжісең «кешір, анашым» дегенді өздерінше қолыңнан сүйіп білдіреді, – деді ол.

 

«Түрмеге түскенімде жақындарым менен бас тартты» 

Мекеме басшылары маманның жетіспеушілігін, жалақының аздығын қозғады. Жұмыс жүктемесінің көптігінен қызметкерлер эмоционалды тұрғыда қажытады. Соған сай қызметкерлерге екі аптада бір рет терапиялық сеанс әрі әртүрлі психологиялық тренинг өткізіледі.

– Халықтың тығырыққа тірелуі – негізі несиеден бас көтермеуінен, уақытылы төлемеуінен. Қосымша жұмыс істеп, табысын жасыруы, тағы бар. Осы бір мәселенің басы қаншама проблеманы тудырады. Сондықтан әр адам ең алдымен өз өміріне жауапты екенін ұмытпағаны абзал.  Әйтпесе, біздің әр қызметкер жұмысын жанынан артық жақсы көреді. Шынын айтқанда, біздің қызметкерлер өз отбасын ұмытып, өзгенің отбасын сақтауға барын салады. Әрқайсысына жанұяңдай алып ұшып, жанын береді. Мәселесі шешілмесе оған қаймығып, уайымдайды. Қуанышына бірге қуанады,  – деді Кәмшат Белденова.

Орталықтың көмегін көрген Ақтөбенің тумасы бұл жаққа таныстарының кеңесімен келген екен. Көпбалалы ананың 5 баласы бар. Ең үлкені – 6 жаста, кенжесі 2 айға толған. Өзі ауысыммен жанар-жағармай бекетінде жұмыс істейді.

  

  – Өзгені білмеймін, бірақ орталықтың өзіме көмегі көп тиді. Бұл жаққа алғаш келуім – 2019 жыл. Бүгінде бес балам бар, көпбалалы анамын. «Басқа қаладағы үйімді осында ауыстыра аламын ба?» деген сұрағыма Гүлнар Жүсілбекқызы реттеп, Астана бойынша кезекке тұруыма көмектесті. Қала шетіндегі жерүйде тұрғандықтан, отын-суыма көмек сұрап едім, 3  күннен кейін демеушілер әкеп берді. Қазір заңгерлер ажырасу бойынша ісіме көмектесіп жатыр, – дейді Валя Маркова (есімі өзгертілді – ред.).

Айтуынша, ертеңгі күні ажырасса да ол енесімен бірге тұра бермек.

«Өткен жылы енем инсульт алып, денсаулығы одан әрі нашарлап кетті. Оған күтім керек. Қарт әрі сырқат жанды қараусыз қалдыра алмайсың. Алғаш сәбиімді босанғанда дәрігер оның қолайсыз жерде тұруына қарсы болған. Сонда енем несие алып, саяжайды жөндеуден өткізді. Өмірімнің қиын сәтінде маған сүйеніш бола білді, оны тастап кете алмаймын», – деді ол.

Жазасын өтеп, түрмеден шыққан соң қалыпты өмірге оралуға ниеттенген жандар да аз емес. Соның бірі – Марал Құрманбекова (есімі өзгертілді – ред.). Оның айтуынша, түрмеден уақытынан бұрын босатылып шыққан кезде оған «Жанұя» отбасын қолдау орталығына баруға кеңес берген.

– Басында «маған қалай қарайды» деп қорқақтадым. Сарайшық ауданының мамандары жылы қарсы алып, жұмысқа тұруыма көмектесті. Есепшоттарым бәрі бұғаттаулы. Заңгерлер сот орындаушыларына хабарласып, есепшотты  аштыртып, түскен ақшаның бір бөлігінен қарызымды ұстап отыруды келістірді. Отбасымдағы жағдайға да психологтері көмегін аяп жатқан жоқ. Ең жақын адамдарым менен бас тартты. Қасымда бауырларым мен әке-шешем ғана қалды. Ауыр тигені  осы. Арғы жақтан шыққанда мына жаққа үйренісу де қиын. Қоғамдық орындарда бұрынғыдай емін-еркін жүре бермейсің,  сені нұқып, көрсетіп тұрғандай бойымда үрей әлі бар. Артық ешкіммен сөйлескім келмейді. Біреумен сөйлесіп, сырласудан да қалдық, – деді ол.  

Ол түрмеде 1 жыл 1 ай жазасын өтеген. Қылмыстық кодекстің 74-бабы бойынша 5 жыл 6 айға сотталған. Жасөспірім балалары болғандықтан, уақытынан бұрын босатылған.  Маралдың 5 баласы бар, үлкен – 11-де, кенжесі үш жаста.

Айтуынша, бұрын заңгер болып жұмыс істеген. Кейін тұрмысқа шығып, босанып, баламен үйде отырған. Пәтер алудың жолын іздеп, алаяқтыққа ұрынған.

«Тігінші болып жұмысқа орналастым. Аяғыма тұрып, ел алдындағы қарызымды өтеуім керек. Жеңіл ақша, жеңіл үй бос әурешілік екен. Өзгелерге мұндай жолға түспеуіне кеңес берер едім», деді Марал.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» қиын жағдайға түскен жандарға көмектесе отырып, отбасы құндылығын насихаттап, дәріптеу. Соның аясында мәдени шаралар, концерттік бағдарламалар, психологиялық тренингтер жиі ұйымдастырылады.