Азаматтық қоғамды дамыту – еліміздің мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі. Жаһандық сын-қатерлер мен қазіргідей өзгермелі жағдайда мемлекет ашықтыққа, диалогқа және мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара сенімді нығайтуға сенімді нығайтуға ұмтылуы тиіс. Ал азаматтық қоғам азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық маңызды идеяларды ілгерілету бағыттарында жұмыс істеуі қажет, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл ретте Қазақстандағы азаматтық белсенділіктің айқын көрінісінің бірі ретінде волонтерлік қозғалыстың дамуын айтуға болады.
Биыл 2026 жыл дүниежүзілік волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблясының 75-сессиясында жария еткен еді.
Ал кейін елімізде 15 наурызда өткен республикалық референдум негізінде қабылданған жаңа Ата Заңда да волонтерлік қызмет конституциялық деңгейде бекітілді.

– Жобаның 31-бабының 2-тармағына «Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, өзге де қамсыздандыру түрлері, волонтерлік қызмет пен қайырылымдылық қолдау табады» деген толықтыру енгізілді. Ережеге бастамашы болғандардың айтуынша, бұл идея жобаның басқа ережелерін, әсіресе Преамбуланы және Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын қисынды толықтырады. Олардың қатарына жауапты әрі жасампаздық, отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру және басқалары бар, – деп түсіндірген еді Бақыт Нұрмұханов Конституцилық комиссия отырысында.
2026 жылы 15 наурызда қабылданған Конституциялық реформа елдегі саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту мен азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды кезеңге айналды. Кең көлемді қоғамдық талқылаулардың ұйымдастырылуы, республикалық референдумның өтуі және азаматтардың белсенді қатысуы халықты негізгі мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне тартудың тұрақты механизмдері қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Жаңартылған Конституция мемлекет институттарының тұрақтылығын нығайтуға, басқарудың тиімділігін арттыруға және билік пен қоғам арасындағы ашық диалог принциптерін әрі қарай дамытуға деген ұмтылысты көрсетеді.