Сот мәліметінше, Аягөз қаласының тұрғыны 2024-2025 жылдары әлеуметтік тұрғыдан осал адамдарды тауып, олардың сеніміне кірген.
Көпбалалы ана адам саудасымен айналысқаны үшін 6 жылға сотталды
157
оқылды

Абай облысында көпбалалы ана адам саудасымен айналысқаны үшін сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот мәліметінше, Аягөз қаласының тұрғыны 2024-2025 жылдары әлеуметтік тұрғыдан осал адамдарды тауып, олардың сеніміне кірген. Кейін оларды жұмысқа орналастырамын деген желеумен әртүрлі шаруа қожалықтарына жіберіп отырған. Жәбірленушілер үшін төленген 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейінгі қаражатты өзі иемденген.

Тергеу барысында жалпы бес эпизод анықталды. Кейбір жағдайларда әйел жәбірленушілердің еркін қозғалуына шектеу қойып, қысым көрсеткен және оларды ішімдікке тәуелді етуге тырысқан.

Сот үкімі кезінде айыпталушының кінәсін толық мойындауы, шын өкінуі, келтірілген шығынды өтеуі, жәбірленушілермен татуласуы, жасы, сондай-ақ «Күміс алқа» наградасының болуы жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді.

Соған қарамастан, жәбірленушілер оны бас бостандығынан айырмауды сұрағанымен, сот нақты жаза тағайындап, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.