Кейінгі кезде жаңа Конституцияның 28-бабы туралы алып-қашпа әңгімелер айтылып жүр.
"Қазақстанда біреудің үйін басып алу деген болмайды": сарапшы жаңа Конституцияның 28-бабының төңірегіндегі қауесетті жоққа шығарды
95
оқылды

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев жаңа Конституцияның 28-ші бабының төңірегіндегі қауесетті жоққа шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кейінгі кезде жаңа Конституцияның 28-бабы туралы алып-қашпа әңгімелер айтылып жүр. Осыған орай сарапшы жаңа Конституцияның 28-ші бабын талдап берді. Бұл үй иесінің құқығына қатысты болып отыр.

«Адамдар түрлі нәрселерді тым тура мағынада түсіндіруге бейім, содан кейін заңгерлермен кеңесуге немесе интернеттен тереңірек ақпарат іздеуге тырыспай-ақ, оны тарата береді. Мәселе «одан шығарып жіберуге жол берілмейді» деген норма туралы болып отыр. Желі қолданушылары мұны біржақты түсініп, жалға алушылар жалдау ақысын төлемесе де, ешкім оларды шығара алмайды деген қорытындыға келген. Бұл қауесет желіде кең тараған7 Айта кету керек, көптеген конституциялық нормалар жалпы қағидаттарды білдіреді, ал олар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда, Азаматтық кодексте және басқа да заңдарда нақтыланып түсіндіріледі. Жаңа Конституцияда көрсетілген тұрғын үйге қатысты норма шын мәнінде 1997 жылдан бері заңдарда бар. Кеше Әділет министрлігі егжей-тегжейлі түсіндірме жариялады: «Тұрғын үй иесі өз мүлкін иелену және оған билік ету құқығына басымдықпен ие, соның ішінде оны босатуды талап етуге құқылы. Мысалы, егер жалға алушы шарт талаптарын бұзса, жалдау ақысын төлемесе, төлем мерзімдерін кешіктірсе немесе мүлікке зиян келтірсе, онда меншік иесі шартты бұзуға және тұрғын үйді босатуды талап етуге толық құқылы», - дейді саясаттанушы.

Заң меншік иесіне артықшылық береді, ол шартта жосықсыз жалға алушыларды шығару себептерін өзі белгілей алады. Өз кезегінде заң жалға алушы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, мәжбүрлеп шығару үшін сот арқылы қарау тетігін қамтамасыз етеді. Сондықтан шарт тараптары жалдау шарттарының талаптарына мұқият қарауы қажет.

«Қарапайым тілмен түсіндірсек, «шығарып жіберу» туралы норма, біріншіден, тұрғын үй иесінің мүдделерін, соның ішінде құрылыс салушылардың, жергілікті билік органдарының немесе сот орындаушыларының озбырлығынан қорғайды, ал екіншіден, жалға алушының мүддесін — жалға берушінің озбырлығынан қорғайды. Бұл норма азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған, ал бөтен тұрғын үйде тегін әрі жауапкершіліксіз тұру құқығын бермейді. Конституция меншік құқығын қорғауды нақты айқындайды. Яғни, қауесеттер мен алып-қашпа әңгімелерге қарамастан, жаңа Конституция ең алдымен жеке меншік иесінің құқықтарын, соның ішінде қоғам үшін аса маңызды тұрғын үйге деген құқықты қорғайды», - дейді Данияр Әшімбаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM   арнасынан табасыз.