Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен 2022-2026 жылдардағы қысқы олимпиадалық цикл қорытындысына арналған кеңейтілген жиын өтті. Іс-шарада халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиын барысында XXV қысқы Олимпиада және XIV қысқы Паралимпиадада үздік ондыққа енген спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ведомстволық наградалар табысталды. 2022-2026 жылдардағы қысқы олимпиадалық цикл Қазақстан үшін тарихи кезең болды. Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде отандық спортшылар тарихи нәтижелерге қол жеткізді.

Қысқы Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте 19-орынды иеленді.
Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров алтын медаль олжалап, ел тарихында осы спорт түрінен Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы атанды. Осылайша Қазақстан кейінгі 32 жылда қысқы Олимпиадада алғашқы алтын медаліне ие болды.

Туризм және спорт министрлігі мәліметінше, Паралимпиадада Қазақстан құрамасы 55 елдің ішінде 18-орынға тұрақтады. Ербол Хамитов пара биатлоннан – алтын, пара шаңғы жарыстарынан қола медаль жеңіп алды. Оның жеңісі Қазақстан тарихында пара биатлоннан алғашқы алтын және бір спортшының қысқы Паралимпия ойындарында бірден екі медаль жеңіп алған ерекше жетістігі ретінде есте қалды.

Сонымен қатар бірқатар отандық спортшылар Олимпиада және Паралимпиадада үздік ондыққа еніп, ұлттық құраманың дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
