Ақмола облысында күннің күрт жылынуы су айдындарындағы мұздың жағдайын күрт нашарлатты.
Көктемгі мұз қақпаны: Ақмолада төтенше жағдайлар қызметі дабыл қақты
89
оқылды

Сырт көзге берік көрінгенімен, өзен-көлдердің арналарындағы көктемгі мұздың құрылымы босап, қауіпті деңгейге жеткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялық қызметте өткен брифингте облыстық департаменттің Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Аслан Нұрқанов мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz  порталының тілшісі.

Мамандардың айтуынша, қыс басталғалы бері құтқарушылар 2 мыңнан астам рейд жүргізген. Нәтижесінде, мұздағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 133 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Дегенмен ескертулерге қарамастан, тұрғындардың бір бөлігі әлі де қауіпсіздік шараларын еш елемей отыр.

Көктемгі мұз өте алдамшы. Температураның тұрақсыздығынан қалың болып көрінген мұздың өзі азғантай уақыт ішінде еріп кез келген сәтте ойылып кетуі мүмкін. Қазір мұзға шығу өмірге тікелей қауіп төндіреді,  дейді Аслан Нұрқанов.

Өкінішке қарай, өңірде  өткен маусымдағы қайғылы жағдайлар да ұмыт болған жоқ. Шортанды ауданында жұқа мұз үстінде балық аулауға шыққан ер адам қаза тапқан еді. Сонымен қатар осы аумақта екі бірдей автокөлік мұз ойылып, суға батып кеткен жағдайы да тіркелген.

Осыған байланысты Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. 

Күн күрт жылынғандықтан, мұз үстіне шығудан толықтай бас тарту қажет. Көзсіз батырлық жасап,  көлікпен мұзға шығуды тоқтатқан жөн. Әсіресе, су айдындары маңында балаларды қараусыз қалдыруға болмайтынын атап өткім келеді,  дейді Аслан Нұрқанов.

Қазіргі уақытта өңірдің барлық аудандарында профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр. Құтқару қызметтері жағдайды тұрақты бақылауға алған. Әрине, бұл орайда бірінші кезекте сақтық қажет екені рас. Өйткені көктемгі мұзға сенім артудың соңы қайғылы жағдайға әкелуі әбден мүмкін.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.