Бұл жолғы қойылым минимализм стилінде жасалған. Сахнада ешқандай алып декорация жоқ. Оның орнына төрт жұптың тылсым биін үлбіреген төрт реңді мата жандандырды. Қызыл түстің төрт реңкі махаббаттың түрлі кезеңін айшықтап тұрғандай. Қойылымның қоюшы режиссері Сұлтанбек Ғұмар көрерменге махаббаттың жай сезім емес, екіжақты үлкен еңбек екенін жеткізгісі келген.
– Мәңгіліктің төрт сыры – махаббат жайлы қойылым. Бізге күш беретін де, өмірге құштар ететін де – махаббат. Сондықтан өміріміз махаббаттан тұрады. Ал сол махаббаты сақтап қалу – үлкен еңбек. Махаббат бес кезеңнен тұрады: қыз бен жігіттің бір-біріне ғашық болуы, екі жастың ынтықтығы құмарлыққа ұласып, махаббат елесіне айналуы, екеуара қақтығыс пен күрес, оның соңы бір-бірін қабылдауға әкеледі. Біз мәселелерден қашқан сайын олар қатая түседі. Ал керісінше, біз оларды қабылдап, шешімін табуға тырыссақ, оның басқа жағымды тұстарын көре бастаймыз. Мөлдір махаббат су тәрізді, оған қол жеткізу үшін шешімдерін, формасын таба білу керек. Су стақанға құйса да формасын ұстайды, ағызып жіберсең де саңылау тауып, сыртқа шығады. Мәңгілік махаббат та сондай болуы керек.
Бесінші кезең – мәңгі махаббат. Неге мәңгіліктің төрт сыры? Осы төрт кезеңді жеңе білген, өте білген адам мәңгі махаббатқа жол ашады. Өйткені махаббатта сүйіп қана қоймай, ол жерде үлкен еңбек жатыр. Осыны дұрыс атқара білген, оны түсінген адамдар ғана отбасын сақтап, мәңгі бақытқа кенеледі , – дейді Сұлтанбек Ғұмар.
Оның айтуынша, қойылым небәрі екі аптаның көлемінде дайындалған. Оған қатысқан төрт жұптың әр дуэтінде өзіндік мінез бар. Әр образға келетін әртістерді өзі таңдаған. Оның үстіне, әрқайсысының хореографиясы да әртүрлі. Хореограф еркін бағытты ұстанғанымен, әртістерден классикалық би элементтері, кей жерде шапшаң қимылды да байқауға болады.
– Спектакльдің басқа да ұтымды тұсы өте көп. Мәселен, екінші дуэтте қос ғашықтың қарым-қатынасындағы нәзік сәттер жіңішке жіп арқылы беріледі. Кейін олардың арасында түсініспеушіліктер пайда болғанда жіп арқанға айналады. Бірінші және екінші дуэттердің көздері таспа жіппен байлануы арадағы кемшіліктердің байқалмағанын білдіреді. Ал кейін олар көзіндегі байлаулы матаны шешкенде белдегі арқанды көріп, арада тайталас басталады, – деді қоюшы хореограф Сұлтанбек Ғұмар.
Айтуынша, композитор Хамит Шанғалиев және оның пианист ассистенті Әлібек Әлпиевтің арасында ерекше шығармашылық тандем қалыптасқан.
– Небәрі үш нотадан тұратын қысқа әуен хореографқа шабыт беріп, осы спектакльдің лейтмотивіне айналған. Бұл музыкада домбыраның үні мен қазақи нақыштағы әуендер кездеседі, бірақ оны заманауи классикалық тұрғыда өңдеп, балетке лайықтадым. Сұлтанбек бұл балетті өте әдемі қойған, оның идеясы музыкамен өте керемет үйлеседі. Жас болса да, оның ой-өрісінің кеңдігіне таңғаламын. Ол спектакльді егжей-тегжейлі ойластырған, – деді Хамит Шанғалиев.
Сахнадағы қойылымды жарық баяндай түсті. Бос кеңістікті толтырып қана қоймай, әртістердің қимыл арқылы берген мінезін жандандырды. Тіпті, қоюшы хореограф бұл балетте жарықтың да қандай болуы керегін алдын ала ойластырған. Оның бұл идеясын жарық бойынша суретші Михаил Епанчин жүзеге асырды.
Осыдан екі жыл бұрын Сұлтанбек Ғұмар хореограф ретінде алғаш Борис Эйфманның Би академиясы ұйымдастырған «Жас хореограф» бүкілресейлік фестивальге қатысып, көрермен көзайымына айналған. Сол кезде ол «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына «Қилы заман» нөмірімен шыққан болатын. Сол кезде ол «М.Әуезовтің «Қилы заманы» мен Ш.Айтматов шығармасындағы мәңгүрт тақырыбын халықаралық деңгейде таныстыру көптен көкейімде жүретін. Бұдан бөлек, театрлық жарық дизайны бойынша жаңа білім мен тәжірибе ала алдық. Борис Эйфманның Би академиясында жарық бойынша суретшілерді даярлайтын арнаулы факультет бар. Бұл хореографтар үшін өте маңызды, өйткені жарықтың көмегімен-ақ барлық ойды және кейіпкердің мінезін жеткізеді» деген ойымен бөліскен болатын.