Еліміз бойынша 1 300 мектеп қайта жөндеуден өтуі керек. Оның ішінде қалада – 485, ауылда – 815 мектеп реновацияға іріктелген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқу-ағарту министрлігі бұған дейінгі сауалымызға жауап бергенде Қазақстанда 8 мыңнан астам мектепте 4 миллионға жуық оқушы білім алып жатқанын, оның ішінде 1,5 миллионнан астамы ауыл мектептерінің оқушысы екені қозғады. Тіпті, 2023-2025 жылдары қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру деңгейін теңестіру мақсатында 3 008 мектепке ауқымды жаңғырту жұмыс жүргізіліп, 1,1 миллионнан астам оқушының оқу жағдайы жақсарғанын айтты. Сонда қалған 400 мың оқушының ахуалы қашан түзелетіні, яғни қанша мектептің қайта жөндеуден өту керегі айтылмады. Осының анық-қанығын білу мақсатында қайта сауал жолдадық. Сөйтіп, еліміз бойынша 8 мың мектептің қаншасы ескі, апаттық жағдайда тұрғанын министрлік бөлісті.
Олардың мәліметінше, 2023-2025 жылдары 3 008 мектеп модернизациядан өтіп, 1,1 миллионнан астам оқушының оқу жағдайы жақсарған.
«Жаңғырту жұмысы негізінен шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде орналасқан мектептерде жүргізілді. Нақты айтсақ, жыл сайын 1 000 мектептен жөнделген. Қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үш жыл ішінде жергілікті бюджеттен 210,8 млрд теңге игерілді.
Атап айтсақ, 2023-2025 жылдары 2 752 мектеп үшін 4 320 пәндік кабинет сатып алынды, оның ішінде ауылдық жерлерге – 2 961, қалаларға – 1 359 кабинет», – делінген министрліктің жауабында.
Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан реновацияны қажет ететін мектептерге талдау жүргізіліп, еліміз бойынша 1 300 мектеп (қалаларда – 485, ауылдарда – 815) реновацияға іріктелген.
«Өңірлер әкімдерімен 2025-2027 жылдарға арналған Жол карталары бекітілді (2025 ж. – 307 мектеп, 2026 ж. – 486, 2027 ж. – 507). Сонымен қатар бекітілген тізбеден тыс қосымша 69 мектепте күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Ал Алматы қаласындағы 6 мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама қорытындысын алу күтілуіне байланысты жұмысы әлі басталмаған, – деп жазған министрлік.
