Небәрі төрт күн ішінде 710 құқықбұзушылықтың анықталуы бұл тек бір қаланың көрсеткіші ғана емес, жалпы елдегі көші-қон процестерінің күрделілігін аңғартатын маңызды индикатор.
Қазақстанда «Мигрант» сияқты жедел-профилактикалық іс-шаралар жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейінгі кең ауқымды операциялардың бірінде 9 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелсе, 600-ден астам шетел азаматын елден шығару туралы шешім қабылданған. Ал 2025 жылғы ұқсас шараларда 10 мыңға жуық заңбұзушылық анықталып, мыңнан астам адамға елге кіруге тыйым салынған. Бұл деректер қазіргі Шымкенттегі жағдай кездейсоқ емес екенін, керісінше, ел көлеміндегі тұрақты үрдістің бір бөлігі екенін дәлелдейді.
Сарапшылардың айтуынша, анықталған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі бірнеше негізгі бағытқа шоғырланған. Олар елде болу мерзімін бұзу, тіркеусіз жүру, заңсыз еңбек қызметі және жұмыс берушілердің шетелдік азаматтарды заңсыз тартуы сынды заңбұзушылықтарға барады. Демек, байқағанымыздай, жауапкершілік тек шетел азаматтарына ғана емес, Қазақстан азаматтарына да жүктеліп отыр. Бұл көлеңкелі еңбек нарығының әлі де сақталып отырғанын көрсетеді.
Шымкентте бұл мәселенің өзекті болуының өзіндік себептері бар. Өйткені Шымкент – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Құрылыс, сауда, қызмет көрсету салаларының кеңеюі жұмыс күшіне деген сұранысты арттырды. Нәтижесінде, шетелдік еңбек мигранттарының ағымы көбейіп отыр. Яғни, бұл табиғи экономикалық процесс. Алайда бақылаудың әлсіздігі немесе заң талаптарының сақталмауының салдарынан әділетсіз бәсекеге, салықтан жалтаруға және әлеуметтік шиеленістерге алып келуі мүмкін.
Сондықтан мұндай рейдтердің өткізілуі тек әкімшілік шара емес, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің бір тетігі. Соңғы іс-шара барысында 276 шетел азаматы арнайы қабылдау-тарату орнына орналастырылып, 103 адам сот шешімімен елден шығарылды. Бұл заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етудегі нақты қадамдар. Дегенмен сарапшылар мұндай шаралардың көбіне салдармен күрес екенін айтады. Яғни, заңбұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет жасалады. Ал мәселені түбегейлі шешу үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдету және жұмыс берушілерге қатаң бақылауды күшейту қажет-ақ. Сондай-ақ цифрлық тіркеу жүйелерін дамыту, түсіндіру жұмыстарын күшейту де нәтиже берері анық.
Шымкенттегі жағдай басқа өңірлердегі ахуалмен ұқсас. Мысалы, кейінгі жылдары еліміздің әртүрлі аймағында жүргізілген рейдтерде ондаған, тіпті жүздеген құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Бұл көші-қон мәселесінің локалды емес, ұлттық деңгейдегі проблема екенін көрсетеді. Сонымен қатар соңғы жылдары Қазақстанға келетін мигранттар санының артуы да байқалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бақылау жүйесіне қосымша жүктеме түсіреді. Айта кетейік, көші-қон кез келген дамушы экономика үшін қалыпты құбылыс. Қазақстан үшін де шетелдік жұмыс күші экономиканың кейбір салаларын дамытуға ықпал етеді. Алайда бұл процес заң аясында ашық әрі бақыланатын түрде жүзеге асуға тиіс. Алдағы кезеңде мемлекет үшін басты міндет – қатаң бақылау мен қолайлы көші-қон саясатының арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Сонда ғана бұл саладағы мәселелер жүйелі түрде шешімін табары сөзсіз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы