Мемлекетшіл мінез иесі

Жылдар тек уақыт өлшемі емес, ол – тәжірибе, сабақ, шыңдалу мен толысудың жарқын жаршысы. Сынаптай сырғыған сол уақыттың әрбір өткелінде белгілі бір бұлтартпас баспалдақтар болады. Мысалы, Мұрат Ергешбаевтың аяқ басқан алпысыншы көктемі жай ғана мерейлі жас межесі емес, бұл – азаматтың кемеліне келіп, көргені мен түйгені таразыға түсетін, өткен жолына байыппен көз жүгіртіп, болашаққа нық қадам жасайтын жаймашуақ кезеңі дер едім.

Жалпы, уақыт үстемдігі  адам ғұмырының ең әділ төрешісі ғой. Ол ешкімге аялдамайды, ешкімді күтпейді. Бірақ сол тынымсыз ағыс ішінде әр адамның жүріп өткен жолы, қалдырған ізі, атқарған ісі арқылы өмірінің мәні мен салмағы айқындала береді.

Осы ретте заңғар жазушы Әбіш Кекіл­баев айтқан: «Жақсысын ұлықтамау, жайса­ңын қызықтамау – өз ырысын өзі тепкендік, өз ті­леуін өзі кескендік болар еді» деген та­ғы­лымды ой еріксіз еске түседі. Себебі әрбір сұңғыла сөздің астарынан атпал азаматтың ажарын, бейнесін аңғаруға болады. Сол негізді алға тартып, біз Мұрат Ергешбаевты қайрат­керлік болмыс-бітімін баян етуге бекіндік. 

Асылы, зерделеп, байыппен ой елегінен өткізсем, Мұрат Нәлқожаұлымен арадағы сый­ластық 30 жылға жуық уақытты қам­тыпты. Уақыттың жылдамдығы білінбеге­німен, сол жылдардың әр белесі жадымда айқын сақталған.

Алғашқы жүздесуіміз 90-жылдардың орта тұсы-тұғын. Білім беру саласында үш жыл жұмыс істеген соң мемлекеттік қызмет­ке енді ғана қадам басып, Қызылорда қаласы әкімдігінде қатардағы маман ретінде еңбек жолымды жалғастырып жүрген шағым еді. Ал сол кезеңге дейін Мұрат Нәлқожаұлы ауыл шаруашылығы саласында экономист, банк саласы құрылымдарында, оның ішінде Ха­лық банкінің облыстық филиалының дирек­торы қызметтерінде басқарушылық баспал­дақтарынан өтіп, облыс әкімінің орынба­са­рының, бүгінде «Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері» құрметті атағы­ның иегері Қамбарбек Әжібековтің кеңес­шісі қызметін атқаратын. Сол бір сәттен-ақ Мұрат Нәлқо­жаұлының бекзат болмысы мен іске мығым, орнықты мінезі ерекше әсер қалдыр­ды. Іскерлігіне ішім жылып, қабілетіне қы­зыға қарадым. Сөйтіп, сырттай сүйсініп жүрдім.

2000-жылдардың басында тағдыр бізді қайта тоғыстырды. Ол облыстық Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынба­сары қызметінде болса, мен облыстық Мә­дениет басқармасы басшысының орынба­сары едім. Бұл кезеңдегі кәсіби араласуымыз біртіндеп қызметтік қарым-қатынастан асып, адами сыйластық пен өзара сенімге негізделген әріптеске айналдық.

Аунап айлар, жылжып жылдар өтіп жатты. Әуелгі әріптестік енді сенімді серікке, тамыры терең достыққа ұласты. Мұрат Нәлқожаұлы әр жылдары Қызылорда қала­лық қаржы бөлімінің бастығы, «Өрт сөн­діруші» акционерлік қоғамының вице-пре­зиденті қызметтерінде тәжірибе жинақтап, шыңдалу мектебінен өтті. Ол 2008 жылы Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындалып, шаһардың сан салалы ты­ныс-тіршілігіне араласқан шақта оның басқарушылық болмысын жаңа қырынан тануға мүмкіндік туды. 

Әртүрлі деңгейдегі жауапты қызметтерде жүріп, оның негізгі ұстанымы өзгермегені байқалды. Қандай жағдайда болмасын, сабыр сақтап, істі жүйелі түрде шешуге ұмты­лып, әр әрекетінің түп төркінінде «елге пайдам тисе» деген ішкі қағида жататын.

Осы мінезі оның Қызылорда қаласының және бірнеше ауданның әкімі қызметін атқарғанында да айқын көрінді. Мұрат Нәлқожаұлы әсіресе Қызылорда қаласының әкімі қызметінде жаңашыл істерімен та­нылды. Сыр өңірінің бас шаһарының инфра­құрылымын дамыту мен оның тұрақ­ты тіршілігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Оның бастамасымен жол-көлік, энергетика, сумен және газбен қамту салалары жаңғыртылып, бірқатар көше күрделі жөндеуден өтті, нәтижесінде тұрғындардың сапалы өмір сүру деңгейі артты. Қызылорда қаласындағы жылу электр орталығы мазуттан газға ауысты­рылып, екі қазандығы толық қайта жаңғыр­тудан өткізілді. Ескі әуежайдың бұрынғы ұшу-қону алаңы қайта жөнделіп, Астана даңғылына айналды. Облыс орталығының кәріз жүйесі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар қаланың тазалығы және өңірлік бағдарламалардың орындалуын үйлестіріп, өңірдің орталығы өмірінің маңызды салаларына тиімді басқару жүр­гізді. Осы кезеңде жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, қаланың сәулеттік келбеті ажарланып, шағын және орта бизнестің дамуы да серпін алды.

Одан әрі Қармақшы, Шиелі, Қазалы, Сырдария аудандарын басқарған жылдары ол тек әкім ретінде емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтін кәсіби ұйымдастырушы ре­тінде танылды. Осы кезеңде бұл аудандарда ауқымды жұмыстар атқарылып, өңір хал­қының тұрмыс сапасын арттыруға бағыттал­ған нақты жобалар жүзеге асты. Елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлап, ортақ мүдде орайында озық дәстүрді қалыптастырды. Мұндай ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі ұштасқан білікті басшының квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен мол тәжірибесі, кез келген істі жүйелі үйлестіре білетін кәсібилігі, тегеурінді табандылығы мен жоғары жауапкершілігі шешуші рөл атқарды. Әсіресе, әлеуметтік саладағы шешімдері мен бастамалары уақыт сынынан өтіп, халық жадында жатталып қалды.

Расында, Мұрат Ергешбаев – сөзбен емес, іспен сөйлейтін адамдардың қатары­нан. Сондықтан да ол қай қызметте жүрсе де, нәтижеге жұмыс істеуді басты қағида етеді. Баянды бірлік пен байсалды тірлік мақсатын меже тұтады.

Бүгінде тағдыр бізді заң шығару саласын­да тоғыстырды. Мен – Сенатта, ол – Мә­жі­лісте. Бұл да өмірдің өзіндік заңдылығы се­кіл­ді. Бірақ бір нәрсе анық, ол Мәжіліске кездейсоқ келген жоқ. Ол – халықтың ортасынан шыққан, өмір мектебінен өткен, тәжірибесі толысқан мемлекетшіл тұлға ретінде келді.

«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрттың ісі», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Мұрат Нәлқожа­ұлы Парламент мінберінен өзекті мәселе­лерді батыл көтеретін білікті депутат ретінде танылып жүр. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы ретінде республикалық бюджетті қабылдау проце­сіне де белсенді атсалысады. Экономика, су ресурстары, жер қатынастары секілді күрделі тақырыптарды жүйелі түрде қозғап келеді. Әсіресе, ұн экспорты, су саясаты, Арал мә­селесі, жер дауы сияқты түйткілге қатысты нақ­ты ұсыныстар айтуы – оның мемлекетшіл көз­қарасының айғағы. Ол көтерген мәсе­лелер – жай статистика емес, халықтың күн­делікті өміріне тікелей әсер ететін ма­ңызды бағыттар.  

Оның тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен факторлар да ерекше. 

Біріншісі – отбасы тәрбиесі, әке тағы­лымы. Мұрат Нәлқожаұлы – мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың перзенті. Әке өнегесі оның өмірлік бағдар­шамы болды. Бірақ бұл жағдай оның жолын жеңілдеткен жоқ. Керісінше, әке оны өмір­дің шынайы мектебінен, елдік дәстүрдің айнымас жолынан өткізді.

Алматы халық шаруашылығы институ­тында оқыған жылдары ол қатарластары секілді жатақханада тұрып, өмірдің қара­пайым тіршілігін бастан өткерді. Бұл  оның өз күшімен өмір сүруге үйренуіне, еңбектің қадірін түсінуіне жол ашты. Әскер қатарын­дағы 2 жылдық борышын шекара күзеті қыз­метінде өтеуі де оның өміріндегі маңыз­ды кезең болды. Әскери тәртіп пен жауап­кершілік оның мінезін шыңдады.

Кеңестік кезеңдегі беделді оқу орны са­налатын Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдап, елге оралған тұста да әкенің ұстанымы өзгерген жоқ. «Алдымен ауылға бар» деген бірауыз сөздің астарында терең мән жатты. Осылайша, Мұрат Нәл­қожаұлы Сырдария ауданындағы Жамбыл атындағы совхозда қарапайым экономист-маман ретінде еңбек жолын бастады. Бұл кезең  оның елмен етене араласып, қара­пайым халықтың тыныс-тіршілігін тере­ңінен таныған, өмірге деген көзқарасы қалыптасқан шақ болды.

Әкенің осындай өмірлік мектебі жас маманды шыңдап қана қойған жоқ, оны халықтың мұңын түсінетін, жауапкершілікті терең сезінетін азамат етіп қалыптастырды. Қай қызмет жүктелсе де, оны мүдірмей, мінсіз атқаруы – сол тәрбиенің жемісі. 

Екіншіден, алдыңғы аға буынның жана­шыр қамқорлығы оның бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті. Осы тұрғыда оның өмірінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев айрықша орын алады.

Ел тәуелсіздігі кезеңінде саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың алғашқы легі­нің көрнекті өкілі Бердібек Машбекұлы  Мұрат Ергешбаевтың мемлекеттік қызметке келуіне ықпал еткен, бағыт-бағдар берген ұстазының бірі әрі бірегейі болды. Оның сенімі мен қолдауы жас маманның үлкен саясатқа қадам басуына жол ашты. Бұл  тәлім мен сенімнің, тәжірибе мен мүмкін­діктің үйлескен тұсы еді.

Ол өзінің естелік мақаласында: «Менің Бердібек Машбекұлымен таныстығым 1996 жылдан басталады. Сол жылы ол Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалып, аймақ дамуына тың серпін әкелді. Іскер басшының бастамаларымен өңірде қар­қынды өзгерістер жүріп, жаңа басқару қарқыны қалыптаса бастады.

Көп ұзамай ол біздің шаңыраққа арнайы келіп, әкеммен жүздесті. Әңгіме барысында өңірдің болашағы, алдағы жоспарлар кеңі­нен қозғалып, кейін әкемді түрлі қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс-шараға тартып отырды. Осы арқылы ол елге еңбегі сіңген азаматтарды назардан тыс қалдырмайтын, тәжірибені бағалай білетін тұлға екенін аңғартты.

Бір күні әкем мені оңаша шақырып, мемлекеттік қызметке ауысу туралы байып­ты кеңес берді. Бір түсінгенім, әкем менің мемлекеттік қызметке ауысуым бойынша Бердібек Машбекұлымен ақылдасқан екен. Осылайша, мен облыс әкімдігіне қызметке келіп, жаңа талап пен жоғары жауапкер­ші­л­ік­ке толы ортаға түстім. Бұл – мен үшін үл­кен мектеп болды. Ал сол таңдауға себеп­кер болған Бердібек Машбекұлының сенімі мен бағыт-бағдары өмірлік жолыма елеулі әсер еткенін ерекше атап өткен жөн», – деп еске алады.

Сөйтіп, мемлекеттік қызметке келіп, Қы­зылорда облысы әкімінің орынбасары­ның кеңесшісі лауазымын атқарады. Кейін қызмет еткен қаржы, әлеуметтік қорғау, тө­тенше жағдайлар, жергілікті басқару, ұлт­тық экономика саласында – осының бәрінде оның жан-жақты тәжірибесі қалыптасты. Ол әрбір маңызды саланың ерекшелігін терең меңгеріп, оны ел игілігіне тиімді пайдалана білді.

Мұрат Ергешбаевтың басты қасиетінің бірі – кішіпейілділік пен қарапайымдылық. Ол ешқашан өзінің шыққан тегін алға тартпайды. Керісінше, «халықтың баласы болу» әдебін ұстанады. Сондықтан да ол қай ортада жүрсе де, елден кіндік үзген емес. 

Бүгінде ол – тек Парламент Мәжілісінің депутаты  емес, ел ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген тұлға. Көптің сөзін тыңдай алатын, қажет жерде төрелік айта білетін, жауапкершілікті терең сезінетін азамат.

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты