2026 жыл – қазақ театры кеңістігінде символдық мәнге ие. Әуелі ғасырлық тарихы бар М.Әуезов театры 100-маусымына қадам басса, екіншіден, «әкемтеатрдың анасы» Нүкетай Мышбаева торқалы тоқсан жасқа толды.
Нүкетай Мышбаева,  Қазақстанның халық әртісі: Өнерді  өмірімнен артық жақсы көріппін
109
оқылды

Әуезов театры қазақ руханиятының шежіресі болса, Нүкетай Мышбаеваның тағдыры сол тарихпен біте қайнасып жатыр. Себебі бүтін бір саналы ғұмырын өнерге арнаған актрисаның жетпіс жылға жуық өмірі театр сахнасымен тікелей байланысты. Осыған орай біз жақында Халық әртісін атаулы мерейтойымен құттықтап, апамызбен сырласып қайттық. 

– Нүкетай апа, биыл – қа­зақ театр өнері үшін ерекше жыл. Кезінде өзіңіз қызмет ет­кен М. Әуезов театры биыл ға­сыр жасын атап өтті. Қара шаңы­рақтың ғұмырыңызда алар ор­ны бөлек екенін білеміз. Сон­дық­тан сауалымызды әуелі осы бір өнер ордасы жайынан бас­та­сақ. Өмір жолыңыз  театрмен қа­лай сабақтасып жатыр? Сах­на Нүкетай Мышбаева болып қа­лыптасуыңызға қалай әсер етті?

– Мен бала күнімнен өнер­ге ерекше ынтық болып өстім. Себебі біздің шаңырақтың өзі өнерге біртабан жақын еді. Анам әнші әрі айтыскер ақын бол­са, ағаларым домбыраның құ­лағында ойнайтын. Қыс­қа­сы, өнерді серік еткен ортада тәр­биелендім. Осындай ортада өс­кен соң менің де өнерден алыс кетуім мүмкін емес еді. Анам­ның айтуынша, бір жа­сым­нан бастап ән айтып, би би­леппін. Сол кездері үлкен әже­леріміз біздің үйде жиі бас қо­сатын. Сонда менің билеп, ән айтып жүргенімді көрген олар: «Ойпырым-ай, мына ба­ла­ға тіл тимесін», – деп алаң­дап, таңданысын жасыра алмайды екен. Ал анам болса, бәрінен бұрын менің жарқын болашағыма сенетін. Ол үнемі: «Менің қызым өскенде әртіс болады», – деп нық айтатын. Ол заманда актер болуды жұрт онша құптай бермейтін, «қаң­ғып жүретін кәсіп» деп қарай­тындар да болды. Бірақ анам өнердің киесін, таланттың қа­дірін білетін адам еді. «Әртіс болу үшін шынайы талант ке­рек. Табиғи дарыны бар адам өзі армандаған оқуына барады да, содан бақыт табады», – деу­ші еді. Менің өнерге келуім – анамның сенімі мен тәрбиесі­нің жемісі.

Осы уақытқа дейін театр сах­насында комедия, драма, трагедия жанрында болмасын, сан алуан рөлді сомдадым. Сол рөлдің бәрін шынайы жеткізіп, көрерменнің ықыласына бө­лену – мен үшін ең үлкен ба­қыт. Міне, таяуда ғана тоқсан жылдық мерейтойымды атап өттім. Кезінде театрсыз күн ке­шу мүмкін емес сияқты көрі­не­тін. Қазір жас келіп, үйде отыр­ған соң сахнаны қатты сағы­намын. Мені осы дәрежеге жет­кізген де – театр мен көрер­ме­нім. Театр – менің өмірім. Өнер­ді өмірімнен артық жақсы көріппін. Өнерге деген шексіз ма­хаббаттың арқасында театр сахнасында жетпіс жылға жуық қыз­мет еттім. 

Сәбит Оразбаев екеуміз ғана қалдық...

– Театрға Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Фарида Шә­рі­пова, Әнуар Молдабеков, Райым­бек Сейтметов, Раушан Әуебаева сияқ­ты кіл мықтылармен қатар кел­діңіз. Соған қарағанда өнер ие­сі ретінде жетілуіңізге шығар­ма­шы­лық ортаңыз көбірек ықпал ет­кен сыңайлы... 

– 1959 жылы әртіс боламын де­ген бір топ талапкер болып, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық дра­ма театры табалдырығын ат­та­­дық. Арамызда Асанәлі Әші­мов, Сәбит Оразбаев, Фарида Шә­ріпова, Әнуар Молдабеков, Райым­бек Сейтметов, Раушан Әуе­баева сияқты қазақ өнерінің маң­дайалды тұлғаларына айнал­ған дарындар болды. Бізді ар­найы іріктеп, театрға алып кел­ген – Құрманбек Жандарбеков. Ол кісі біздің бойымыздан бір үміт, бір от көрді ме, әйтеуір бә­рі­мізді бір шаңырақтың астына жи­нады. Сол кезеңнен бері біз туыс­тай жақынға айналып, бір-бірі­мізге білгенімізді бөлістік. Кө­біміз осы сахнада жетпіс жыл­ға жуық еңбек еттік. Шынында да, біз келген орта – нағыз та­лант­­тардың ордасы еді. Әрқай­сы­сы бір-бір мектеп, бір-бір әлем болатын. Әсіресе, Фари­да­ның  нәзік те терең болмысы, Аса­нәлінің сахнадағы қуаты, Райым­бектің тегеуріні, Раушан­ның табиғи шынайылығы – бәрі де біз үшін үлкен мектеп болды. Осын­дай алыптардың ортасында жү­ріп, біз де шыңдалдық, өстік. Қа­зір сол буыннан Сә­бит Ораз­баев екеуміз ғана қал­дық... Көбі о дүниеге аттанды. Әрине, қатты құлазыдық. Деген­мен амал не­шік, қолдан келер шара бар ма, қызым?..

Тоқпановтың талабы қатал, тәртібі мығым болды

– Өткенге шегінсек, тағдыр жо­лыңыздың театрмен тоғысуына Асқар Тоқпановтың бірауыз сөзі әсер еткен. Өнердегі бастауыңыз жай­лы сөз қозғалғанда, Тоқпанов­тың мектебінен тәлім алған шәкірт ретінде ойыңызға алғаш не ора­лады?

– Бала күнімдегі ең асқақ ар­ма­ным – әнші болу еді. Сол ар­ман жетегімен құжатымды ән фа­культетіне тапсыруға келдім. Жас­тайымнан Роза Бағланова се­кіл­ді сахнада ән шырқасам, ел ықы­ласына бөленсем деп қиял­дай­тынмын. Емтихан кезінде оның әнін айтып тұрғанымда, ау­ди­торияға бір кісі кіріп келді. Жұрт­тың бәрі орнынан түреге­ліп, ерекше ілтипатпен қарсы алып жатты. «Асеке, жоғары шы­ғыңыз» деген дауыстар естілді. Ауыл­дан енді ғана келген мен ол кі­сінің кім екенін білмедім. Ән ай­тып тұрған менің бойымда Ро­за Бағлановадан да асып түсемін де­ген балаң қиял болды. Сол сәт­те әлгі кісі менің қайдан кел­ге­німді сұрады. «Нарынқолдан кел­дім», – дедім. Сонда ол: «Райым­бек ауданынан екенсің ғой, аруақ қолдасын, қызым. Дауы­сың жаман емес. Бірақ сен ән­ші емес, актриса болуың ке­рек», – деді. Бұл – Асқар Тоқ­па­нов еді. Әрине, оның ұсынысына бір­ден келісе қойған жоқпын. Се­­бебі әнші болам деген ар­ма­ным­­нан алыстағым келмеді. Сон­да ол кісі: «Қызым, Роза – бі­реу. Ол ешқашан екеу бол­май­ды. Бізге кел. Драма театрының әр­тісі болатын балалар менің биыл ашқан факультетіме ке­ле­ді», – деп мені өзінің мектебіне ша­қырды. Сол бірауыз сөз тағ­ды­рымды басқа арнаға бұрып жі­бергендей. Тоқпанов – өте бі­лім­ді, өз ісінің нағыз шебері еді. Біз ол кісіден қатты именетінбіз. Талабы қатал, тәртібі мығым бол­ды. Сабақта этюд көрсет­кен­де, кейде күліп отырады, кейде бір­­ден тоқтатып, «әртіс болам де­­ген адам өзгеше болуға тиіс» деп бізді сын астына алатын. Ұрыс­­са, оңдырмай ұрысатын. Бір­ақ сол қаталдықтың артында біз­ді әртіс ретінде шыңдау, сах­наға лайық тұлға қалыптастыру мақ­саты жатты. Біз Тоқпановтың тәр­бие­сімен шыңдалдық. Сабақ­қа салғырт қарауға болмайтынын ұғындық. Оның әр тапсырмасына тың­ғылықты дайындалып, өз-өзі­мізді қамшылап жүрдік. Тоқ­па­нов бізді жай ғана оқытып қой­ған жоқ, кәсіби жолға салды, сах­на мәдениетін, өнердің жауап­­­кершілігін үйретті. Асқар Тоқ­па­новтың мектебінен өткен жастар кейін театрға келіп, басты рөл­дер­ді сомдады, көрерменнің ыс­тық ықыласына бөленді.

Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова үшеуміз көрші тұрдық

– Өзіңіз жайлы оқырман біле бер­мейтін дерек, кезінде Фарида Шәріпова мен Сабира Майқанова үшеуіңіз бір аулада көрші тұр­дыңыз­дар. Бұл сіздердің өнерде де, өмірде де жақын болула­рыңыз­ға әсер еткен тәрізді. Осы кезеңді еске түсірейікші... 

– Иә, ол бір ерекше, сағы­ныш­қа толы дәурен еді. Театр біз­ге баспана беріп, бәрімізді бір ау­лада табыстырды. Сол жерде Сә­бира Майқанова, Фарида Шәрі­пова үшеуміз көрші тұрдық. Бір аулада тұрған соң театрға да күн­делікті бірге қатынайтынбыз. Сол жылдары Фариданың жары Ыдырыс Ноғайбаевтың астында кө­лігі болатын. Үшеуіміз де театр­ға ылғи соның көлігімен ба­­рып келіп жүрдік. Сәбира мен Фа­рида қандай керемет актри­салар болды десеңізші... Сәбира апам анамдай аяулы жан болса, Фарида жан сырымды ақтаратын жақын досыма айналды. Біз бір-бірімізге жиі қонаққа барып, ұзақ әңгіме-дүкен құратынбыз. Екеуі де қазақ сахнасының біре­гей, қайталанбас актрисалары. Сәбира апам сахнада қандай шы­найы болса, өмірде де сондай табиғи қалпынан айнымайтын. Ішкі мәдениеті биік, парасаты те­рең жан еді. Ал Фарида – сах­на­да да, өмірде де ерекше жара­тыл­ған тұлға. Оның өнері де, ада­ми болмысы да бөлек бола­тын. Фарида – сахнада теңдесі жоқ актриса ғана емес, отбасында да өз орнын тапқан аяулы ана бол­ды. Бізді тәрбиелеген – сол буын­ның үлкендері. Сәбира Май­қанова, Шолпан Жандар­бе­кова, Бикен Римова, Елубай Өмір­зақов сынды театр әлемінің тар­ландары біз үшін екінші мек­теп болды. Олар бізді үйретіп қа­на қойған жоқ, бауырына тар­тып, қамқорлық танытты. «Та­лант­тарың бар» деп үміт артып, үл­кен рөлдерді сеніп тапсыратын. Сол сенім бізге күш берді, қия­лы­мызға қанат бітірді.  

– Сұхбаттарыңызда театр өне­­­­рінің саңлақтары Сәбира, Шол­пан, Бикен апаларымыз сізді ту­ған қызындай қарап, қамқорлық та­нытқанын жиі айтасыз. Өзіңіз­ден кейінгі буын арасында осын­дай сабақтастық сақталды ма?

– Театрға алғаш келген күні­міз­ден-ақ бізді үлкен буын ерек­ше ықыласпен қарсы алды. Біз оларды «апа» деп туған анамыз­дай сыйладық. Алдынан кесіп өтпей, бағыт-бағдарымызды со­ларға қарап түзейтін едік. Бір сапарымызда Бикен апа мен Шолпан апа екеуі бір нөмірде, ал біз 5-6 қыз болып бір бөлмеде жат­­­­тық. Сол кезде Шолпан апам ме­­ні шақырып алып: «Толған қыз­­дың ара­сында не бітіресің, біз­­ге келіп жат», – деп өз қасына ал­­ғысы кел­ді. Әйтеуір, мені өзде­рін­­ше жақ­­сы көретінін сезіп тұ­ра­тын­мын. Ал мен болсам қы­сыл­ған­нан: «Ұят болады, бар­май-ақ қоя­­йын, осында жата бере­мін», – дедім.

Кезінде үнемі тастамай кие­тін бір көйлегім бар еді. Сол көй­­лек өзіме қатты ұнайтын. Бір күні Сә­бира апам қарап отырып әзіл аралас: «Әй, Нүкетай, өзің ой­мақ­­тай болып алып, мына көй­­­­ле­гіңді тастамай киесің ғой», – де­ге­ні бар. «Басқа да көйлектерім бар, апа, бірақ өзіме осы көйлек ұнайды», – деймін. Сонда «Шеш, өлшейік» деді. Неге еке­нін түсінбей, бойымды өлшеп алды. Кейін білдім ғой, Сәбира апам­ның өзі ісмер, киімге шебер еді. Сөйтсем, театрдың ашы­ла­тын күні Бикен апа екеуі маған арнайы көйлек тіктіріп қойыпты. Ша­қырып алып, «киіп көр» деді. Көй­лек үстіме дәл келді. Тап бір өзі­ме құйып қойғандай. «Сахнаға осы көйлекпен шығасың» деді. Олар­дың сөзін жерге тастай ал­ма­дым. Олардың жастарға деген ықы­ласы ерекше болатын. Біз сол мейірімнің, сол талаптың ор­­­­­тасында өстік. Әр сөзі, әр қи­мы­лы – біз үшін нағыз мектеп еді. Әсіресе, Сәбира Майқанова, Би­кен Римова, Хадиша Бөкеева апаларымыздың сахнадағы үні бал­конда отырған көрерменге дейін анық естілетін. Сөздің сал­ма­ғы, дауыс мәдениеті дегенді сол кісілерден үйрендік. Бүгінгі за­ман басқа, талап басқа. Жас­тар­дың да өз деңгейі бар, киінуі де, өзін ұстауы да өзгеше. Қазіргі жас­тарды нашар деп айта алмай­мын, бірақ кейде олардың үніне қарап, студент кезінде дұрыс қа­лыптаспаған шығар деген де ой келеді... Өзім жақсы адамдар­ды көрсем, оларды туған қызым­дай көремін. Қолымнан келген­ше ақылымды айтып, бағыт көр­сеткім келеді. «Сахнада бәсең сөй­леме, көрерменге дауысың жет­сін» деп ақылымды айтып жү­ремін. Олар да басын иіп, мені өз­дерінше қадірлей бастайды. Ұрпақтар арасындағы сабақ­тас­тық әлі де үзілген жоқ деп ой­лай­мын, жарығым.

– Байқауымызша, сізді өнер­мен көп нәрсе байланыстырады. Театрға қызмет ете жүріп өмірлік жар­­тыңызды сахнада жолық­тыр­саңыз, қайын енеңіз де елге белгілі өнер адамы болды. Отбасыңызда перзентіңіз де шығармашылықтан кенде емес. Осыған қарап өнер са­ласымен тұтас бір династия ай­налысты деп айта аламыз ба?

– Иә, біз отбасымызбен өнер­­ге жақынбыз. Қызым Зем­фира –  мәдениеттанушы. Ол ерік­ті ретінде қазақ тілінің да­муы­на өз үлесін қосуды азамат­тық парызы санайды. Қазіргі қа­зақ тілінің жай-күйіне алаң­дап, осы бағытта түрлі бастаманы қол­ға алып жүр. Сондай бір жо­ба­ларының бірі – қазақ тілін жыр­ларды жаттау арқылы оқыту. Бұдан бөлек, тағы бір бастамасы Алматы қаласындағы көрнекі жар­намалардағы тілдік қателерді тү­зетуге бағытталған. Сонымен қатар «Киелі Жетісу» атты сайты бар, сол жерде өз мақалаларын жа­риялап отырады. Біздің отба­сы­мыз үшін өнер мен руханият – ажы­рамас ұғым. Сондықтан мұ­ны белгілі бір деңгейде шы­­ғар­ма­шы­лық сабақтастық, ру­хани жал­ғас­тық деп айтуға әб­ден болады.

– Ел анасы ретінде бүгінгі өс­ке­лең ұрпаққа қандай ақыл-кеңе­сіңізді айтар едіңіз? Неге үйреніп, не­ден жиренуіміз керек?

– Әр дәуірдің өз талабы, өз ағы­мы бар. Қазір заман басқа. Де­генмен санасы сергек, ойы озық жас қай кезеңде де өзін жо­ғалт­пайды деп сенемін. Менің ай­тарым, ең алдымен, жастар үл­кенді сыйлауды ұмытпауы ке­рек. Адамның жүрегін ауыртатын орынсыз сөзден аулақ болған жөн. Біз ауылдың тәрбиесін кө­ріп өскен буынбыз. Үлкен кісіні көр­сек, басымызды иіп, сәлем бе­ретінбіз. Тағы бір айтарым – адал­дық. Өтірік айтпау, шын­дық­қа берік болу – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Адамды сүю, айналаңа мейіріммен қарау да – үлкен мінез. Осындай қа­сиеттер адамды биік­тете түседі, тұлға ретінде қалып­тас­ты­рады. Саналы адам өзін-өзі тәрбиелейді, өз жолын табады. Ал санасыздық – адамды адастыратын нәрсе. Сондықтан әр жас ең алдымен өзінің ішкі мәдениетін, адам­гер­ші­лік болмысын қа­лып­тастыруға мән бе­руге тиіс деп айт­қым келеді. 

Сахнадағы серіктерімді жиі сағынамын

– Ғасырға жуық­та­ған ғұмыр жо­лыңыз­ға қарап нендей баға бе­рер едіңіз, апа? «Әттеген-ай­лар» көп болды ма?

– Мен үшін ең бастысы – сах­наға деген адалдық. Театрда жет­піс жылға жуық адалынан ең­бек еттім. Әр рөліме үстірт қа­раған емеспін. Сахнада кейіп­керім­нің сөзін жай ғана жатқа ай­тып бере салмай, оның бол­мы­сын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мә­нерін, жан дүниесін терең зерт­теп, жүрегімнен өткізіп барып қана сахнаға шы­ғатынмын. Сол жауапкершілік ме­нің бүкіл шығар­ма­шы­лық жолымның өзе­гіне айналды. Бүгін өткен өміріме көз жү­гірт­­сем, театрыма, көрер­ме­німе алғыстан басқа айта­рым жоқ. Өйткені мен оларды шын жүрегіммен жақсы көр­дім. Ал адам шынайы ықы­лас­ты әрдайым сезеді. Сол себепті кө­рермен де мені қастерлейді деп ұғамын. Енді, міне, жасым тоқсаннан асты, тәубе! Қазір кіш­кене ауырыңқырап жүрмін, ай­налайын.  

– Жылдар жылжыған сайын көңіл төрінен орын алған жан­дар­дың қатары сирей береді. Жа­ныңызға мұң ұялататын осы тұс емес пе? Кімді сағынасыз, кім­ге сыр шертесіз? 

– Уақыт өткен сайын адам­дар о дүниеге кете береді екен... (күр­сінді) Әсіресе, бірге оқы­ған, бірге қызметтес болған өзім­нің қатар құрбыларым, жат­­тан жақынға айналған дос­тарым бақилыққа атттанғанда, бұл хабарды қабылдау оңай бол­ған жоқ. Қабырғам қайыс­ты... Әсіресе, сахнадағы серік­терім Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейтметов, Раушан Әуез­баеваларды жиі сағына­мын. Бәрі де жүрегіме жақын адам­дар еді, сондықтан олар­дың әрқайсысын бөліп-жарып айту да қиын. Қазір сол күн­дер­ді, бірге өткен сәттерді еске алып, іштей сағынышпен еске ала­мын. Жас ұлғайған сайын мұн­дай сезім тереңдей түседі екен. Дегенмен тағдырға разы­мын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ