Өзі қашып кеткен екен
АҚШ-та 32 жыл бұрын жоғалып кеткен қыз тірі табылды
98
оқылды

АҚШ-та 32 жыл бұрын жоғалып кеткен қыздың тірі екені анықталды.

DW мәліметінше, 1994 жылдың мамырында Аризонадағы Стар-Вэлли атты шағын елді мекенде тұрған 13 жастағы Кристина өз жылқысына қарау үшін жергілікті атқораға жаяу кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.

Іздеу жұмыстары нәтиже бермеді. Кристинаның мәліметтері жоғалған балалардың ұлттық базасына енгізіліп, оның жоғалғаны туралы хабарламалар бүкіл елге таратылды. Алайда 13 жастағы қыз сол күйі табылмаған. Іс жабылмай, тек жуырда ғана оның ересек әйел ретінде табылғаны белгілі болды.

Гила округінің шерифі Адам Шепардтың айтуынша, тергеушілер әйелдің жеке басын растаған. Бірақ ол оның қалай және қай жерден табылғанын, «жеке өмірі мен амандығына құрмет ретінде», нақтыламады. Ал шериф кеңсесінің капитаны Джейми Гарреттің сөзінше, қызды ешкім ұрламаған — ол үйдегі жағдайға көңілі толмай, туыстарының көмегімен өзі кетіп қалған. Кейін жалған есіммен өмір сүріп, тіпті отбасы да құрған.

Қалай болғанда да, 32 жылдан кейін қыз туралы мәлімет жоғалған балалар базасынан алынып тасталды.