Орал қаласында Шаған өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының орнында капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің, Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты және мердігер «Казахдорстрой» ЖШС өкілдері қатысты.
Жоба Ақжайық тұрғын ауданында салынатын жол бойында жүзеге аспақ. Ұзындығы 220 метр болатын көпір мен инженерлік инфрақұрылымы бар, шамамен 4 шақырым жаңа төрт жолақты жол құрылысын қамтиды.

Жаңа жоба қала аудандарын байланыстырып, қолданыстағы жолға түсетін жүктемені азайтады, соның арқасында Оралдың орталығына кедергісіз тез арада жетуге болады. Сондай-ақ айналма жол желісін дамыта отырып, бұл жоба болашақта қаланың көлік жүйесін қалыптастыратын болады.
Көпір заманауи жүктеме мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жобаланады және су тасқыны кезеңінде де резервтік өткел ретінде пайдаланыла алады.
Жоба құны жаңартылған жоба негізінде шығарылған. 2020 жылғы есептермен салыстырғанда трассаның бағыты мен техникалық параметрлері айқындалды, инженерлік жағдайлар, инженерлік желілерді көшіру және салу шығындары, сондай-ақ материалдар мен жұмыстар құнының өзгерістері ескерілді.

Жоба EPC келісімшарты бойынша жүзеге асып жатыр. Бұл формат бойынша бір компания жобалаудан бастап құрылысқа дейінгі толық цикл үшін жауапты. Бұл тәсіл мерзімнен кешігу қаупін азайтады, жоба құнын бекітеді және сапаны бақылауды жеңілдетеді, себебі жауапкершілік бір мердігердің мойнында. Жоба құны келісімшартта бекітілген және ұлғаймайды. Жоба кезең-кезеңімен қаржыландырылатын болады, яғни төлемдер тек орындалған және қабылданған жұмыстар үшін жасалады.
Жоба аясында қоршаған ортаға тигізетін әсерді бағалау және табиғатты қорғау шаралары қарастырылған.

«Көпір өткелінің құрылысы қаланың көлік жүйесіне елеулі әсер етеді. Ең алдымен, ол аудандар арасындағы, соның ішінде Ақжайық тұрғын алабымен тікелей байланысты қамтамасыз етіп, тұрғындардың жолға кететін уақытын айтарлықтай азайтады. Бүгінде өзен арқылы тікелей өткелдің болмауынан тұрғындар айналма жолдарды пайдалануға мәжбүр, бұл жолға кететін уақытты да, ол жолдарға түсетін жүктемені де арттырады. Жоба көліктерді түрлі бағыттарға бөліп, қаланың орталығына, саябақ пен тарихи бөлігіне тез арада жетуге мүмкіндік береді. Осылайша, көпір тек жеке нысан ғана емес, қаланың көлік жүйесін тиімді ететін элемент», - деп атап өтті жоба жетекшісі Андрей Негрий.
Дайындық жұмыстары жазда басталады, жобалау күзде аяқталмақ, құрылыс жұмыстары 2027 жылдарға жоспарланған.
Компания туралы анықтама
«Казахдорстрой» ЖШС BI Engineering & Construction компаниясының құрамына кіреді, ол өнеркәсіптік және азаматтық құрылысқа, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде халықаралық компаниялар үшін салуға маманданған. Компанияның ірі жобалары қатарында Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелі, Қостанай қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салу және басқа да нысандар бар.
