Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен бюро отырысы өтті. Депутаттар 9 сәуірде өтетін палата отырысының күн тәртібін айқындады.
Халықаралық келісімдер топтамасын талқылайды
85
оқылды

Бейсенбі күні өтетін палатаның алдағы отырысында сенаторлар «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы ара­сындағы жасыл энергияны өндіру және беру сала­сын­дағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратифи­кациялау туралы»  заңды қарайды. Ынтымақ­тастық экологиялық таза сутегі мен аммиакты бір­лесіп өн­діруді және сатуды, сондай-ақ елдер арасында жаңар­тылатын эне­ргияны үздіксіз беру үшін бірыңғай тех­никалық және әкімшілік ережелерді әзірлеуді көздейді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңы болмақ. Келісім радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу, талдау және болжау арқылы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға және ядролық әрі радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағыт­талған.

Сонымен қатар депутаттар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауындағы міндеттерге сәйкес Сенаттың жұмыс жоспарын талқылады және Мәжіліс бұған дейін қабылдаған заңдарды тұрақты комитеттер арасында бөліп берді.

М.ТӨЛЕУ