3 сәуір күні Астанада Қытайдың жеткізу тізбектерін дамытуға жәрдемдесу мақсатындағы IV халықаралық көрмесінің тұсаукесері және Қытай мен Қазақстан арасындағы осы саладағы ынтымақтастыққа арналған семинар (CISCE) өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасындағы Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету комитеті (CCPIT) өкілдігінің бастамасымен, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және ICBC (Алматы) қолдауымен ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстанның мемлекеттік органдары мен іскерлік қауымдастықтың 120-дан астам өкіл қатысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь өз сөзінде CISCE жеткізу тізбектеріне арналған мемлекеттік деңгейдегі әлемдегі алғашқы ұлттық көрме екенін атап өтті. Бүгінде көрме Қытайдың ашық ынтымақтастық тұжырымдамасын жүзеге асыратын және жаһандық өндірістік тізбектерге терең ықпалдасуға әсер ететін маңызды алаңға айналып үлгерді. Елшінің айтуынша, бұл тек жаңа өнімдер, технологиялар мен қызметтер көрсетілетін орын ғана емес, сонымен қатар жеткізу тізбегінің барлық буындарын байланыстырып, қытайлық және шетелдік компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтетін «ынтымақтастық катализаторы».

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Рәтұлы CCPIT-пен тығыз әріптестікті жоғары бағалап, CISCE көрмесі халықаралық ынтымақтастықты өнеркәсіп, технология және сауда салаларын терең ықпалдастық бағытында дамытатынын атап өтті. Ол сондай-ақ екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы дәнекер рөлін жалғастыруға, өзара сенім мен ортақ көзқарас негізінде өндірістік және жеткізу тізбектері саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ жаңа өсім нүктелерін айқындауға дайын екенін жеткізді.
Қытайдың Өнеркәсіптік-коммерциялық банкі (Алматы) АҚ төрағасының орынбасары Лю Инхуа CISCE-ні байланыстарды нығайтуға, ынтымақтастықты тереңдетуге және өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететін маңызды көпір деп атады. Оның айтуынша, банк ұзақ уақыт бойы кәсіпорындарға қаржылық қызмет көрсетіп келеді және «көзге көрінбейтін жеткізу тізбегін» одан әрі нығайтуға күш салып отыр.
«Банк ЦентрКредит» АҚ жанындағы China Desk бизнес-даму бағытының жетекшісі Қарылғаш Мыңжасарова үшінші CISCE-ге қатысу тәжірибесін бөлісіп, іс-шараның ұйымдастырылу деңгейін, экспозициялардың мазмұндық құрылымын және қол жеткізген нәтижелерді жоғары бағалады.

Қазақстандағы CCPIT өкілдігі төртінші CISCE көрмесін таныстырып, бұған дейінгі көрмелердің жетістіктері, алдағы іс-шараның дайындық барысы, жаңашыл тұстары мен жеткізу тізбектеріндегі жетекші компаниялардың табысты тәжірибелері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ қазақстандық мемлекеттік және іскерлік орта өкілдерін көрмеге белсенді қатысуға шақырды.
Тұсаукесерден кейін CCPIT-тің Қазақстандағы өкілдігі қазақстандық ұйымдармен, атап айтқанда «QazExportPromotion» корпоративтік қоры, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы, China-Eurasian Business Council, Қазақстанның химия өнеркәсібі одағы және Қытайдың Өнеркәсіптік-коммерциялық банкі (Алматы) арасында көрмеге қатысу ниеттері туралы хаттары мен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойды.

Семинар барысында Huadian Overseas Investment, Қазақстандағы «Айцзю» индустриялық паркі, ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Электр энергетикасы және энергия үнемдеу институты, сондай-ақ Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының өкілдері энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларындағы өндірістік және жеткізу тізбектері бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, пікір алмасты.
