1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қарсыласпен болған қақтығыс барысында шекаралық қызметте жүрген Ішкі әскерлердің 17 жауынгері қаза тапты.
Ерлікке тағзым: Астанада қаза тапқан жауынгерлерге құрмет көрсетілді
100
оқылды

Астана қаласында Ерлік аллеясындағы «Ер есімі – ел есінде» монументіне гүл шоғын қою рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан Ұлттық ұланның жауынгерлерін еске алуға арналған Ерлік күніне орай ұйымдастырылды.

1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қарсыласпен болған қақтығыс барысында шекаралық қызметте жүрген Ішкі әскерлердің 17 жауынгері қаза тапты. Олардың ерлігін құрметтеу мақсатында жыл сайын 7 сәуірде елімізде еске алу шаралары өткізіледі.

Рәсімге Ұлттық ұланның қолбасшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ әскери және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері қатысты.

Іс-шара ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Қатысушылар монументке гүл шоқтарын қойып, қазақстандық әскери қызметшілердің ерлігі мен жанқиярлығына тағзым етті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен – 5, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – 12 әскери қызметші қаза болғаннан кейін мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Жиналғандар алдында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары  Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков сөз сөйледі.

– 7 сәуір – бұл тек еске алу күні ғана емес. Бұл – ерлік рухын ұлықтайтын, отансүйгіштікті дәріптейтін маңызды күн. Біз батырларымыздың ерлігін әрдайым мақтан тұтамыз. Батырлардың рухы алдында бас иеміз, – деп атап өтті Бас қолбасшы.

Іс-шара Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі және Шекара қызметінің елордалық гарнизондарының жеке құрамының салтанатты шеруімен аяқталды.

Айта кетейік, осы күні еліміздің барлық құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери бөлімдерінде Ерлік күніне арналған еске алу митингілері өтті.