Тергеу мәліметінше, күдіктілер арнайы SMS бластер құрылғысын пайдаланған.
Қазақстанда банктің атынан жалған SMS таратқан кибералаяқтар ұсталды
95
оқылды

Қаржылық мониторинг агенттігі жаппай фишингтік SMS хабарламалар таратумен айналысқан қылмыстық топтың ұсталғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер арнайы SMS бластер құрылғысын пайдаланған. Бұл құрылғы базалық стансаларды имитациялап, ұялы телефондарды өзіне автоматты түрде қосылуға мәжбүрлеген. Соның нәтижесінде абоненттерге Beeline және Halyk Bank атынан жіберілгендей көрінетін жалған хабарламалар келген.

Хабарламадағы сілтемелер фишингтік сайттарға бағыттаған. Ол жерде пайдаланушылардан жеке және банк деректері сұралған.

Қылмыскерлер құрылғыларды автокөліктерге орналастырып, адамдар көп жиналатын орындарда  базарлар мен сауда орталықтарының маңында әрекет еткен. Тәулігіне емес, сағатына 100 мыңға дейін SMS жіберу мүмкіндігі болған.

Аталған схема ТМД елдерінде алғаш рет тіркеліп отыр. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.