Жол салу жеңіл бітер іс емес. Жыл­­да жол жөндеуге қыруар қар­­жы қаралғанымен, бүлінгені­мізді бүтіндеп бітпедік. Көктем шы­ға сала мамандар тас жол­дар­ға құрылысты бастағанымен, ой­дым-ойдым жолдардан әлі күн­ге көз ашпадық. Бұл жүр­гізу­ші­­лердің шағымын тудырмай қой­масы белгілі.
Жолдың қаржысы қолдың қаржысы емес
104
оқылды

«Көктем шықса болды, құрылыс компа­ниялары жолды қазуды бастайды. Ол шамалы уақытта біте қалса, мақұл. Құрылыс жұмыс­тары сонау қалың күзге дейін созылады. Бір жол­ды енді бітіп қалды дегенде, тағы басқа жа­ғын қазып, шаңын шығарады. Ал ең таң­ға­ларлығы, бір жөндеген жолды құрылыс ком­паниялары екінші мәрте қопарып жа­та­ды. Оның үстіне, сапасыз жол көлік жүр­гізу­ші­лерін қосымша шығынға батырады», – дей­ді Тараз қаласының тұрғыны Самат Тілеу­жан. 

Иә, жол қадірін жүрген біледі. Шаһардағы жол құрылысы жұмыстарынан әбден шар­ша­ған жүргізушілер осылайша жанайқайын біл­діруде. Сонда жылда жолды жамай бер­ген­нен оның сапасы жақсара ма? Әлде бізде жол­­ды бір рет күрделі жөндеуден өткізуге қар­­жы жетпей ме?

Облыстық Полиция департаменті берген ақ­паратқа сүйенсек, соңғы екі айдың ішінде өңір­дегі жолдар 706 рет тексерілген екен. Нә­ти­жесінде, 3 427 ақау анықталған. 

«Анықталған ақаулардың дені – белгі­лен­ген жол салу ережелерін сақтамау, құры­лыс­тың сапасы сын көтермеу немесе белгілердің дұ­рыс жүргізілмеуі сынды жағдайлар. Тек­серу­лер қорытындысында біз ақауларды қал­пына келтіру үшін 711 нұсқама бердік. Жол әрдайым бақылауды қажет етеді. Өйт­ке­ні жолдың сапасы жүргізушілердің қауіп­сіз­дігіне тікелей байланысты. Сондықтан де­­­партамент тарапынан нұсқама беріп қана қой­май, жауаптыларды жауапкершілікке тар­ту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл бағытта біз 273 хаттама толтырып, жол қауіпсіздігі мен са­пасына немқұрайлы қараған 109 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту тура­лы ұсыныс бердік. Ал ескертуді елемеген 10 жауапты тұлғаға тағы қосымша хаттама тол­тырылды», – деп жауап берді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр Жам­был облысында 2 042 жол-көлік оқиғасы бол­ған, 205 адам қаза тауып, 3 071 азамат түрлі дене жарақатын алған. Ал Тараз қаласында 957 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 256 адам жа­рақаттанып, 26 жолаушы көз жұмған. 

Есепті кезеңді айтсақ, биыл үш айда об­лыс бойынша 377 жол апаты болса, 564 азамат жарақат алып, 32 адам қаза болған. Ал Тараз қаласында 193 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам көз жұмып, 256 азамат түрлі жарақат алып­ты. Байқап тұрсаңыздар, өңірде болған жол апаттарының тең жартысы Тараз қала­сы­на тиесілі.

Әрине, жол апатының барлығы бірдей са­пасыз жолдан болды деуден аулақпыз. Алай­да жол сапасы да статистикаға әсер етпей қой­майтыны анық. 

Тараз қаласы әкімдігінің берген мәліме­тіне сүйенсек, жол сапасы жергілікті биліктің жіті назарында. Алайда жол құрылыстарының дені орташа жөндеу екенін билік өкілдері де жасырмады. 

«2024 жылы 120 көшеге орташа жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Ол 86,7 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, Санырақ батыр мен Шостакович көшелері жаңғыртудан өтті. Ал был­тыр 108 көше орташа жөндеу көрді. Оның ша­қырымы 61,4-і құрап отыр. Қазір Қойгелді мен Асқаров көшелерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, ең өзекті аумақ са­на­латын «Бурыл» алқабындағы 75 көшеге және «Барысхан» алқабындағы 24 көшеге тас жол төселді. Жалпы 2023-2025 жылдар ара­лығында 474 көше асфальтталды. Нәти­же­сін­де, жол сапасы 58,6 пайыздан 74,5 пайызға жақ­сарды», – дейді қала әкімдігінің маман­дары. 

Иә, үш жылда 474 көшенің жөнделуі қуа­нарлық жағдай. Алайда Тараз қаласында үш жылдың өзінде 474 көше жөндеуді қажет етсе, сонда бұған дейін жауаптылар не істеген? Жол­дың жер құмы шыққанша қараусыз қал­дырған ба? Әлде жоғарыда жолаушылар ша­ғымданғанындай, шенділер бір көшені жылда сипалап жүре берген бе? Егер осыған дейін 474 көше жөндеуді қажет еткен болса, демек Тараздағы жолдың жайы сын көтермегенін аңғару қиын емес. 

Былтыр өңірде орташа жол жөндеу жұ­мыс­­тарына 6,5 млрд теңге жұмсалған екен. Ал биыл 3,4 млрд теңге қаралып отыр. Демек, әлі де шаһарда жөндеуді қажет ететін жол көп деген сөз. 

Әрине, байыбына бармай жатып, бай­балам салудан аулақпыз. Алайда жол мәселесі қазір жүргізушілер мен жолаушылардың жа­ны­на батып тұрғаны анық. Жылда жол жөн­деу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жұрт­шы­лық көруде. Алайда оның сапасы қандай? Егер бір көшені жөндеуге бөлінген қаржы то­лықтай тетігін тауып, мердігер мақсатты жұм­саса, келер жылы сол жолға қайта кон­курс жариялап жатпас едік.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы