Туыстарының айтуынша, Әйгерім төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, еңбекқорлығымен ерекшеленген. Ол жеке кәсібін жүргізіп, дүкен ашып, пәтерлер сатып алып, оларды жалға беру арқылы отбасын асыраған.
Ұлытау облысында төрт баланың анасына 20 рет пышақ сұғып, қатыгездікпен өлтірді
Фото: Tengrinews.kz
288
оқылды

Ұлытау облысының Жәйрем кентінде қайғылы оқиға орын алып, төрт баланың анасы қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл іске 33 жастағы бірге тұрған ер адам күдікті ретінде қарастырылып отыр.

42 жастағы Әйгерімге 20 рет пышақ сұғып, аса қатыгездікпен өлтірген. Tengrinews.kz тілшілері марқұмның әпкесі Данамен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтады.

Туыстарының айтуынша, Әйгерім төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, еңбекқорлығымен ерекшеленген. Ол жеке кәсібін жүргізіп, дүкен ашып, пәтерлер сатып алып, оларды жалға беру арқылы отбасын асыраған.

«Ол тынымсыз еңбек ететін. Барлық жауапкершілік өз мойнында болды», – дейді әпкесі.

Марқұмның артында төрт бала қалды: үлкені – студент, екіншісі мектепте оқиды, ал кішкентай қызының денсаулығында ерекшеліктер бар.

Жақындарының сөзінше, Әйгерім мейірімді, өзгеге көмектесуге дайын жан болған.

Бірақ оның бірге тұрған ер адамымен қарым-қатынасы уақыт өте күрделене түскен. Алғашында қамқор болған азамат кейін қызғаныш танытып, агрессия көрсеткені айтылады. Туыстары оның жұмыс істемегенін және ішімдікке әуес болғанын жеткізді.

Отбасында зорлық-зомбылық жиі болған. Марқұм бірнеше рет полицияға жүгінгенімен, мәселе толық шешілмеген.

Қайғылы оқиға күндіз болған. Соңғы рет Әйгерім сағат 13:55 шамасында байланысқа шыққан. Туыстарының айтуынша, күдікті оған шабуыл жасаған. Қазіргі уақытта ер адам ауруханада, полиция күзетінде жатыр.

Аталған дерек бойынша «аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалы жүргізіліп жатыр.

Бұл жағдай қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Марқұмның жақындары мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп санайды.