Өңірдегі прокуратураның мәліметінше, күдікті Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдағы сот сараптамасы институтына жіберілген.
Атыраудағы қайғылы оқиға: күдіктіге қатысты жаңа сараптама қорытындысы әлі дайын емес
видеодан скриншот жасалды
230
оқылды

Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза болуына байланысты тергеу ісінде жаңа мәліметтер пайда болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Өңірдегі прокуратураның мәліметінше, күдікті Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдағы сот сараптамасы институтына жіберілген.

«Мұқанғалиеваға стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін Алматы қаласындағы сот сараптамасы институтына жолдама берілді. Қазіргі уақытта сараптама қорытындысы әлі дайын емес», – деп мәлімдеді Атырау облысының прокуратурасы.

Бұған дейін күдікті сот санкциясымен облыстағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған еді. Наурыз айының соңында прокуратура өкілдері егер әйелден психикалық ауытқулар анықталса, қосымша сараптама Алматыда өтетінін айтқан.

Айта кеткен дұрыс, А.Мұқанғалиева күдікті ретінде танылғанымен, оған әзірге ресми айып тағылған жоқ әрі бұлтартпау шарасы да белгіленбеген.

«Іс бойынша түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жайлар толық анықталып, тағайындалған сараптамалардың нәтижелері алынғаннан кейін беріледі», – делінген прокуратураның ресми жауабында.

8 сәуір күні Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сараптама тағайындауға күдіктінің мінез-құлқы мен алғашқы айғақтары негіз болғанын мәлімдеді.