2026 жылғы 10 сәуірде Астана қаласында «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турниріне қатысу үшін волонтёрларды ресми іріктеу басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Осы күні «QAZAQSTAN» жеңіл атлетика кешенінде Волонтёрлық бағдарламаның таныстырылымы өтті. Шара барысында қатысу форматы, функционалдық бағыттар, үміткерлерге қойылатын талаптар және іріктеу шарттары таныстырылды.
Волонтёрлар турнирді ұйымдастырудың негізгі бөлігі ретінде қатысушылармен және көрермендермен жұмыс істеу, БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау, спорттық делегацияларды сүйемелдеу және іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсету бағыттарында қызмет атқарады.
Бағдарлама еріктілік мәдениетін дамытуға және жастардың халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру саласындағы практикалық тәжірибесін арттыруға бағытталған. Оның аясында дайындалған волонтёрлар командасын қалыптастыру көзделді.
«Болашақ ойындары 2026» спорт, технология және цифрлық мәдениетті біріктіретін жоба ретінде таныстырылды. Волонтёрлардың қатысуы Астананың халықаралық деңгейдегі имиджін нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Бағдарлама қатысушыларына брендтелген киім, сувенирлік өнімдер және сертификаттар берілетіні хабарланды. Сондай-ақ волонтёрлар халықаралық турнир аясында практикалық тәжірибе алатыны атап өтілді.
Бағдарламаға студенттер, жастар және волонтёрлік ұйым өкілдері шақырылды. Өтінімдерді қабылдау 10 сәуірде басталғаны айтылды.
