Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қараша айындағы Вашингтонға сапары елдер арасындағы экономикалық әріптестіктің ауқымын айқын көрсеткенін атап өтті. Жалпы сомасы $17 млрд болатын қол қойылған 29 келісім экономикалық байланыстардың кеңеюіне елеулі серпін берді. Қазақстан Үкіметі қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға басымдық береді.
«Қазақстан-Америка ынтымақтастығы бүгінде қарқынды дамып келеді. Оның негізінде стратегиялық көзқарасы біздің бірлескен жұмысымызға практикалық сипат беретін мемлекеттеріміздің көшбасшылары арасындағы берік қарым-қатынас жатыр. Біз жоғары саяси деңгейдегі тығыз диалог екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету үшін одан әрі қолайлы жағдай туғызады деп сенеміз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өз кезегінде елші де Үкімет басшысына тілектестігін жеткізді.
«Біздің елдер арасында бұрын-соңды болмаған қатынастар қалыптасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесі және Ибраһим келісімдері жөніндегі бастамасына қатысты нақты ұстанымын білдірді. Мұның барлығы да – тарихи әрі серпінді бастамалар. Қолдау көрсеткені үшін Америка Құрама Штаттары мен Президент Трамп Қазақстанға алғыс білдіреді», – деп атап өтті Джули Стаффт.
