Ведомствоның мәліметінше, мұндай күрделі операциялар трансплантология жүйесінің жоғары деңгейде үйлесімді жұмысын талап етеді.
Сирек кездесетін операция: екі донорлық процесс қатар өтіп, ондаған адамға үміт берді
92
оқылды

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі елде сирек кездесетін жағдай тіркелгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Себебі бір уақытта екі мультиағзалық донорлық процесс жүзеге асырылды.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай күрделі операциялар трансплантология жүйесінің жоғары деңгейде үйлесімді жұмысын талап етеді. Донорлардың бірі – Астанада 1981 жылы туған әйел. Ми өлімі тіркелгеннен кейін оның туыстары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген.

Осы шешімнің арқасында ұзақ уақыт бойы кезекте тұрған бірнеше науқасқа бір мезетте көмек көрсетілді. Донордан алынған жүрек, өкпе, бауыр және бүйрек сынды өмірлік маңызды ағзалар еліміздің әр өңіріндегі, атап айтқанда Астана, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және оңтүстік аймақтардағы пациенттерге трансплантацияланды.

Бір мезгілде екі донорлық процесті жүзеге асыру бірнеше медициналық топтың жедел әрі үйлесімді әрекетін талап етті. Операцияларға Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Астанадағы UMC кардиохирургиялық орталығының мамандары, сондай-ақ санитариялық авиация борттары мен жергілікті қызметтер жұмылдырылды.

Барлық үдерісті Трансплантаттау мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық үйлестірген.

Министрлік бұл жағдай трансплантация жүйесінің жоғары жүктемеге дайын екенін және күшейтілген режимде тиімді жұмыс істей алатынын көрсеткенін атап өтті.

Соңғы екі жылда салада оң динамика байқалады. Әлеуетті донорларды анықтау көрсеткіші 2023 жылғы 49 жағдайдан 2025 жылы 186-ға дейін артқан. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлық процестер саны 7-ден 19-ға жеткен. Бұл жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

 

Денсаулық сақтау министрлігі донорлардың туыстарына алғыс білдіріп, мұндай шешімдер бірнеше адамның өмірін құтқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, елде донорлық мәдениетті дамыту мен саналы таңдау жасаудың маңыздылығы ерекше екені айтылды.