Ата-аналардың айтуынша, мерекелік іс-шараға ондаған миллион теңге көлемінде қаражат жинау жоспарланған.
"Шоу бағдарламаға 9 миллион теңге жұмсайды": Алматыдағы бітіру кеші дауға ұласты
77
оқылды

Алматыдағы мемлекеттік мектептердің бірінде 11-сынып түлектерінің бітіру кешіне байланысты ірі көлемде ақша жинау мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ата-аналардың айтуынша, мерекелік іс-шараға ондаған миллион теңге көлемінде қаражат жинау жоспарланған.

Әлеуметтік желілерде мәселе көтерілгеннен кейін білім басқармасы тексеру жүргізді. Алдын ала мәліметке сәйкес, ақша жинау бастамасы мектептің ресми құрылымдарында емес, ата-аналардың бейресми чаттарында талқыланған.

Министрлік өкілдері бұл бастама ата-аналар тарапынан шыққанымен, мектеп әкімшілігі мен білім бөлімдері қаржылық ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етуге жауапты екенін атап өтті.

Тексеру нәтижесінде мектеп басшылығы мен аудандық білім бөлімінің жетекшілеріне тәртіптік шара қолданылды. Оларға қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны және заңсыз ақша жинаудың алдын алмағаны үшін жаза берілген.

Даудың туындауына 11-сынып оқушысының анасы жариялаған бейнеүндеу себеп болған. Оның айтуынша, 138 түлекке арнап 41 миллион теңгеден астам қаржы жинау жоспарланған, оның ішінде шамамен 9 миллион теңге шоу-бағдарламаға жұмсалуға тиіс болған.

Ата-ананың есебінше, бітіру кешін әлдеқайда аз шығынмен өткізуге болады. Бірақ бұл ұсыныс қолдау таппаған.

Кейбір ата-аналар үшін бір балаға 200–300 мың теңге көлеміндегі шығын ауыр салмақ болғандықтан, олар мәселені қоғам назарына шығарған.