“Жануарларға жауапкершілікпен қарау” туралы заң екі жылдан астам уақыт талқыланды.
Ерболат Сатыбалды: "Көшеде бұралқы ит жүрмеуі керек"
98
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды жақында Мәжілістің жалпы отырысында “Жануарларға жауапкершілікпен қарау” туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша пікірімен бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, осы Заңға енгізілген өзгертулердің авторы Еділ Жаңбыршин негізсіз сынға ұшыраған.

Нақты конструктивті ұсыныстар жоқ. Тек жеке басына тиісу, қаптаған қорқынышты сөздер. “Сені ату керек!”, “Көзіңді құрту керек!” деген жантүршігерлік пікірлер бар. Біз бір істің айналасында қатар қызмет етіп жүргеннен кейін Еділ Жаңбыршиннің кім екенін, қандай екенін, заң жазу жолында атқарған еңбектерін жақсы білеміз. Оның Маңғыстаудағы беделін, халықтың оны өзі сайлағанын, оның елдің жыртысын қалай жамап жүргенін біліп қана қоймай, жалпы Қазақстанның дұрыс дамуына үлкен үлес қосып жүрген азамат.

Қазіргі “Жануарларға жауапкершілікпен қарау” туралы заңды біз екі жылдан астам уақыт талқыладық. Қырықтан астам елдің жүргізген жұмысын қарадық, ғалымдардың, сол зооқорғаушылардың өздерімен, жергілікті мәслихат өкілдерімен, белсенділермен кездесіп, дөңгелек үстел өткіздік. Сондағы ортақ шешім  көшеде бұралқы ит жүрмеуі керек, ит тіркелуі керек және иттің мінез-құлқына жауап беретін кісі міндетті түрде болуы керек деген қорытындыға келдік. Міне, Заңның негізіне осылай жазылған.

Ал зооқорғаушылардың иттерге қандай да бір қамқорлық көрсетуінде мәселе жоқ. Жеке панажайларда иттерді өмір бойы асырай алады. Олардың барлық шығынын өздерінің мойнына алуына да ешкім қарсы емес. Бірақ “итті көшеге жібереміз, шығынын бюджетке артамыз, одан кейін ол иттер адамдарға, қоршаған ортаға шабуыл жасаса, оған мемлекет жауап береді” деген заң  ешқандай гуманизмге де, адамгершілікке де, жалпы қоғамның алдындағы жауапкершілікке де жатпайтын, қайшы келетін істер.

Сондықтан біз бұл істе  Еділ Жаңбыршин ағамызды қолдаймыз. Жалпы, фактілерді бұрып көрсетуге қарсымыз, елдің көңілін басқа жаққа қарай байбалам салып, бұруға да қарсымыз. Бұл Заң дер кезінде және дұрыс қабылданған заң. Біз кіммен сөйлессек те, көптеген кісі осы заңның шығарылғаны дұрыс екенін, бағытының дұрыс екенін қолдап жатыр, – деді ол.