Қанша ескерту жасалып, тосқауыл қойылып, жазалар күшейтілсе де, қауіпті кәсіпке тәуекел ететіндер саны керісінше өсіп келеді. Соның салдарынан түрлі жарақаттар мен адам өлімі жиілеп барады. Өкінішке қарай, бүгін тағы бір қайғылы жағдай тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, “Вентиляционная” шахтасының 160-горизонтында заңсыз жұмыс істеп жүрген старательдердің бірі кенеттен есінен танып қалған. Бұған дейінгі оқиғалардағыдай құлау немесе өндірістік жарақат емес, ер адам шай үстінде тамаққа қақалып қалған деген болжам бар.
Оқиға орнында болған азаматтар оны құтқаруға тырысқанымен, жас жігіттің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Қайтыс болған азамат пен оның жанындағы серігі Ақтөбе қаласынан келгені мәлім болды. Олардың шахтаға қалай және қашан кіргені қазір құқық қорғау органдары тарапынан анықталуда.
Жергілікті әкімдік бұл жағдайды растап, заңсыз алтын іздеушілердің ағымы тоқтамай тұрғанын атап өтті. Алайда, шенеуніктердің айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттерге жергілікті тұрғындар қатыспайды.
Полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам тағамға қақалып қалған. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінен.
Айта кетейік, өткен жылы ғана елімізде заңсыз шахталарға қатысты 800-ден астам құқықбұзушылық фактісі анықталған. Соған қарамастан, қауіпті кәсіптен бас тартпай отырғандар аз емес. Бұл қайғылы оқиға тағы да бір шындықты көрсетті. Заңсыз алтын іздеу тек құқықбұзушылық емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін қатерлі жолға айналды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
