Астанадағы HAS SANAT өнер галереясында Қазақстан мен Қырғызстан суретшілерінің «Нұр шашу» атты халықаралық көрмесі ашылды. Экспозицияға Әсел Тілеулен, Сансыз Мирзираимов, Абай Насиридин уулу және Ислам Дооровтың 60-тан астам кескіндеме туындысы қойылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көрме өзегіне адам жанындағы сәуле, ішкі тазару мен рухани тереңдік тақырыбы арқау болған. Суретшілер бұл ұғымдарды әртүрлі көркемдік мәнер, дара қолтаңба және бейнелеу тәсілдері арқылы көрсеткен. Шығармашылық ұстанымдары бөлек болғанымен, экспозиция тұтастай алғанда жан тыныштығы, үміт, рухани тірек және адам сезімінің терең болмысы жайындағы ортақ көркем ойды алға шығарады.

Көрме қатысушылары мен қонақтарына Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Өз құттықтауында Үкімет басшысының орынбасары мұндай жобалардың мәдени байланыстарды нығайтып, халықтар арасындағы рухани жақындықты тереңдете түсудегі ерекше маңызын атап өтті.
«Бұл көрме – заманауи бейнелеу өнерінің таңдаулы туындыларын тоғыстырған, шығармашылық ізденіс пен рухани сабақтастықты айшықтайтын тағылымды мәдени оқиға деп білемін. Көрмеге еліміздің, сондай-ақ Қырғыз Республикасының белгілі қылқалам шеберлері қатысуда. «Нұр шашу» көрмесі – суретшілердің шығармашылық жетістіктерін танытатын алаң ғана емес, сонымен бірге мәдениеттер тоғысының, өнер арқылы рухани үндесудің жарқын көрінісі», – делінген құттықтау хатында.
Көрмеге қатысушы қылқалам иелері түгелдей кескіндеме жанрында еңбек етеді. Соған қарамастан, әр суретші ортақ тақырыпты өзіндік таным-түйсігімен, өзіне тән стильдік ерекшелігімен ашады.

Экспозицияда портрет пен пейзаж, абстракция элементтері мен ішкі үйлесімге құрылған көркем ізденістер табиғи сабақтастық тапқан.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, көрме 2026 жылғы 11 мамырға дейін жалғасады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
