Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінде сөйлеген сөзінде «Университеттердің өсуі мен тиімділігінің іргелі тетігі автономия болуға тиіс» деп атап өтті. Бұл тұжырым жоғары білім мен ғылымның бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыруға, оны дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағытын айқындайды.
Университет  дербестігі моделі жетілдіруді қажет етеді
110
оқылды

Жаһандық білім беру кеңістігінің трансформациясы жағдайында универ­ситеттер тек білім беру ұйымдары болудан қалып, білім генерациясының, иннова­циялар мен экономикалық өсудің орта­лықтарына айналуда. Бұл объективті түрде кеңейтілген институционалдық авто­номияға – академиялық, қаржылық-экономикалық, кадрлық және ұйымдас­тырушылық дербестікке негізделген басқарудың икемді, өзін-өзі реттейтін модельдеріне көшуді талап етеді. Осы модельде жұмыс істейтін әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттер халықаралық рейтингте Топ-200 оқу орындарына кіреді. 

Халықаралық тәжірибеде әлемнің жетекші университеттерінің табысының негізгі көзі де осындай модельдерде.

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымдары елдерінде, сондай-ақ бірқатар посткеңестік мемлекетте универ­ситеттердің автономиясы олардың жа­һан­дық рейтингтердегі көрсеткіштерін арттырудың, ғылыми қызметті дамытудың және инвестициялар тартудың негізгі факторына айналды. 

Мысалы, Ресей Федерациясында 50-ден астам жетекші жоғары оқу орны «автономды мекеме» мәртебесінде жұмыс істейді, бұл оларға басқарушылық еркін­діктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. 

Өзбекстан Республикасында кейінгі жылдары 35-тен астам мемлекеттік жоғары оқу орнына қаржылық және академиялық автономия, Қырғыз Республикасында 9 жетекші университетке ресурстарды бас­қаруда кеңейтілген дербестікті көздейтін «ерекше мәртебе» берілген.

Қазақстанда жоғары оқу орындарының автономиясын кеңейту заңдық негізде 2018 жылдан басталған болатын. Алайда жүргізілген талдауларға сәйкес қабылданған шаралар уақытша сипат алған, шын мән­інде, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында толыққан­ды институционалдық дербестік қамтама­сыз етілмеген.

Ал жаһандық бәсекенің күшеюі жағ­дайында адам капиталы мен ғылыми ресурстар стратегиялық мәнге ие. 

Әртүрлі сараптамаға байланысты 150 мыңға жуық қазақстандық шетелде білім алады және олардың едәуір бөлігі оқуын аяқтағаннан кейін елге оралмайды. 

Қазақстан студенттерді «экспорттау» бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына кіреді, бұл білікті кадрлардың және дар­ынды жастардың шетелге кетуін арттырып, елдің зияткерлік әлеуетінің төмендеуіне әкеледі. 

Бүгінде ғылыми кадрлардың орта жасы ұлғаюда, 200-ге жуық жаңа мамандық пайда болуына қарамастан, оқу орын­дарында қажетсіз мамандықтар дайындау үрдісі жалғасуда, ғылым мен өндірістің алшақтығы экономикаға өз әсерін тигізуде.  

Сонымен қатар институционалдық кедергілер мен тиімді басқарудың төмендігі қазақстандық университеттердің халық­аралық ғылыми жарияланымдар жасау мен зерттеу жобаларындағы үлесі әлі де шектеулі болуда.

Аталған мәселе коммерциялық емес ұйым нысанында жұмыс істейтін ұлттық зерттеу университеттері үшін өте өзекті. Қолданыстағы модель басқару, инвестиция тарту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мүмкіндіктерін шек­тейді.

Бұл ретте Қазақстанда кеңейтілген автономияның табысты үлгісі ретінде Назар­баев университеті қызмет етуде. Ол арнайы заң негізінде жұмыс істейді және оның нәтижелері кең институцио­налдық дербестікке негізделген модельдің тиімділігін дәлелдейді. Ұқсас тәсіл Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесінде де іске асырылған.

Алайда бұл тәжірибе елдің басқа жетекші оқу орындарында таралмаған, және институционалдық теңсіздікті қалып­тастыруда.

Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірегей тарихы мен елеулі жетістіктері бар, елдің негізгі ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік QS World University Rankings-2026  рейтингінде 166-орын, QS Asia University Rankings-2026 рей­тингінде 38-орын (континенттің үздік жоғары оқу орындарының 6%-на кіреді), «Орталық Азия» көшбасшысы (өңірде 1-орын), ал ТМД елдерінің университеттері арасында 2-орында. 

Сонымен бірге Times Higher Education University Impact Rankings-2026 рейтингінің Топ 401-600 құрамына, БҰҰ тұрақты даму мақсаты бойынша Топ-200-ге енеді. Университетте 8 ғылыми-зерттеу инсти­туты, 39 ғылыми орталық, 140 оқу және ғылыми зертханалар, 1 ұжымдық пайдалану зертханасы, 10 шағын өндіріс жұмыс істейді.

Университет Қазақстандағы ғылыми жарияланымдардың елеулі үлесін қамта­масыз етеді, жоғары білікті кадрлар даяр­лайды және тұрақты түрде әлемдік рейтингтердің (QS) Топ-200 қатарына кіреді.

Дәл осындай жетістіктерге қол жет­кізген бірнеше университет пен институт бар. Олар әлі де, артық нормативтік реттеу жағдайында жұмыс істеуде. Оқу орындары үшін қолданыстағы модельді сақтау болашақта нақты әрі болжамды тәуекел­дерге әкеледі.

Біздің пайымдауымызша, аталған тәуекелдерді назарда  ұстау қажет. Айталық, бірінші кезекте әлемдік рейтингтердің Топ-200 қатарына кіретін Қазақстан уни­верситеттерінің саны шектеулі. Бұл жаһандық білім беру жүйесіндегі мем­лекетіміздің бәсекелік тұғырын төмен­детеді.

Екіншіден,  шетелдерге жыл сайын студенттер мен жас ғалымдардың кетуі ғылым мен экономикада ұзақмерзімді кадрлық теңгерімсіздікке алып келуі мүмкін.

Үшіншіден,  экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымы елдерімен сал­ыс­тырғанда, ғылыми-зерттеулерге тар­тылатын жеке инвестициялар мен гранттардың деңгейі айтарлықтай төмен.

Төртіншіден,  университеттік ғылым саласында ғылыми жаңалықтарды, жобаларды    коммерцияландыру үлесі төмен болуына байланысты инновациялық экономиканың қалыптасуын баяулатады. 

Бесіншіден, сақталып отырған әкім­шілік басқару жүйесі шешім қабыл­дауда көп мерзімді қажет етеді, университеттердің жаңа технологиялық өзгерістерге жедел бейімделуіне мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар шетелдік универ­си­теттер мен олардың филиалдарының жоғары дәрежелік автономды және тиімді қаржыландыру жүйесі бәсекенің күшеюіне әкелуде. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, жекелеген шетелдік филиалдар үшін бөлін­етін гранттардың құны ұлттық уни­верситеттерді қаржыландыру көлемінен бірнеше есе жоғары, бұл іс жүзінде тең емес бәсекелестік жағдай қалыптастыруда.

Осылайша, жарияланған автономияға көшу бағыты іс жүзінде шектеулі күйінде қалып отыр және қолданыстағы модельді жүйелі түрде қайта қарауды талап етеді.

Бүгінде ғылымның негізін құрайтын цифрлы контент, виртуалды әлем, кванттық механика, ядролық физика, атом энер­гиясы, үлкен деректің, заттар интерне­тінің, киберфизикалық жүйелердің, блок­чейн-технологияларының, жасанды интеллект пен бұлттық жүйелердің маңызы арта түсті. 

Өркениетті мемлекеттер ауқымды ақпараттық технологияларға, супер ком­пьютерлерге негізделген «Білім эконо­ми­касына» бағыт алып, инновациялық серпіліс жасауда.

Осыған байланысты біз Үкімет бас­шысы Олжас Бектеновтің атына жолданған депутаттық сауалымызды  бірқатар өзекті  мәселеге назар аударуды сұрадық. 

Атап айтқанда, автономды білім беру ұйымдары институтын кеңейтуді қарас­тыратын, коммерциялық емес ұйым нысанында жұмыс істейтін ұлттық зерттеу университеттеріне осы мәртебені таратуды көздейтін, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу,   кешенді талдау жүргізу қажет деп білеміз. 

Сонымен қатар  автономияны тиімді іске асыруды қамтамасыз ететін ілеспе тетіктерді, оқу орындарының деңгейіне қарай сараланған автономия моделін енгізуді, мемлекет пен жоғары оқу орын­дары арасындағы өзара іс-қимылдың келісімшарттық жүйесіне көшуге, эндау­мент-қорларды дамытуды,  кеңестердің қызметін жетілдіруді, кадрлық және қаржы­лық дербестікті кеңейтуді, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерция­ландыру және халықаралық мамандарды тарту үшін жағдайлар жасауға тапсырма беруін сұрадық. 

Ұсынылып отырған іс-шаралар мемле­кеттің рөлін төмендетпейді, керісінше, оларды іске асыру аталған тәуекелдерді азайтуға, білім экономикасына көшуге, университеттердің инвестициялық тар­тымдылығын арттыруға және Қазақстан­ның жаһандық білім беру кеңістігіндегі тұғырын нығайтуға мүмкіндік береді деп есептейміз. 

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты