Парсы шығанағынан тыныштық кеткелі, міне, бір жарым айдай уақыт өтті. АҚШ пен Израиль тарапының Иранға соққысынан кейін басталған қақтығыстар өткен аптада сәл саябырсығандай еді.
Бітімсіз ұстаным – бітпейтін ұрыс
коллаж: Елдар ҚАБА
109
оқылды

Тіпті, Ормұз бұғазынан еркін жүзіп өтіп жатқан кемелерді де көрдік. Дегенмен кейінгі уақыттардағы келісімдер сәтсіз аяқталып, қақтығыстың ұшқыны қайта тұтанып отыр. Бұған қай тараптың позициясы себеп, келіспеушіліктің өзегі неде? 

Ядролық бағдарламаның беталысы

Өткен демалыс күндері АҚШ пен Иран­ның дипломаттары үшін ма­засыз өтті. Пәкістан астанасы Исла­ма­бад­та екі тараптың делегациялары келіс­сөз орнатуға ниетті болған. 21 сағатқа созылған келіссөздің соңы ортақ мүддесіз, ке­ліспеушілікпен аяқталып тынды. АҚШ пре­зиденті Дональд Трамп 13 сәуірде Аста­на уақытымен кешкі сағат 19:00-де маңыз­ды мұнай жолы – Ормұз бұғазын Иран­нан бұрын өзі бөгеп тастайтынын мә­лімдеді. Ал ресми Тегеран Трампың бұл әре­кетінен түк шықпайды деп жауап қай­тарды.

Негізі өткен келіссөз қақтығыстардың түп­кі себебін ашып көрсеткендей әсер қал­дырды. Өйткені түптеп келгенде, дип­ло­матия үстелінде Иран ядролық қаруға қол жеткізу мақсатынан айнымайтынын жет­кізген. Саясаттанушы Бөріхан Нұр­мұха­­­­­медовтің айтуынша, АҚШ, әсіресе Израиль бұл тұсты өз қауіпсіздіктеріне тіке­лей қатер төндіреді деп бағалаған. Енді тараптар ирандықтардың мүддесін шек­теуге тырыса береді – санкциялар ен­гізеді, саяси қысым жасайды, күш көр­се­теді. 

– Иран үшін ядролық бағдарлама тек қару мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету құралы, өйткені ел ұзақ уа­қыттан бері сыртқы қысым жағдайында өмір сүріп келеді. Сонымен қатар бұл – тех­нологиялық тәуелсіздік пен елдің бе­делін көрсету тәсілі. Ядролық бағдарлама – Иран үшін келіссөздердегі маңыз­ды құ­рал, яғни өз ұстанымын күшейтетін көзір іспеттес.

Мәселе мұнымен шектелмейді. Таяу Шығыстағы ықпал үшін кү­рес ұзақ жылдан бері жалғасып келеді, ал Иран осы үдерісте белсенді рөл ат­қа­рады. Ол түрлі елдегі одақтастарын қол­дап, өзінің аймақтық ықпалын кеңейтуге ұм­тылады. Бұл жағдай АҚШ пен оның се­­­рік­тестерінің алаңдаушылығын күшей­тіп, жал­пы текетіресті ушықтыра түспек, – дей­ді сарапшы.

Б.Нұрмұхамедов осы жерде тағы бір маңызды факторды атады. Екі тараптың ортасында өзара сенім жоқ. Бір келісімге кел­геннің өзінде, оның орындала қалаты­ны­на толық сенбейді. Өйткені бұған дейін түр­лі келісім жасалған, түгелі дерлік бұ­зыл­ды. Демек, кез келген келісім уақытша си­патта болатыны секілді түсінік қалып­тас­қан. 

– Ормұз бұғазы төңірегіндегі жағдай – осы­ның айқын көрінісі. Бұғаздың ашылуы шиеленістің азайғанын білдіретін белгі ре­тінде қабылданады. Алайда ол да уа­қыт­ша, тактикалық қадам ғана. Негізгі қай­шы­лықтар шешілмегендіктен, біраз уа­қыт­тан кейін жағдай қайта ушығады. Жал­пы алғанда, қазіргі жағдай ұзаққа со­зылған текетірес сипатына ие. Тараптар бір-біріне қысым көрсетіп, кейде шие­леністі азайтуға тырысады, бірақ түбегейлі ке­лісімге келе алмай отыр. Ірі соғыстың болуы екіталай, өйткені оның салдары тым ауыр болмақ. Дегенмен жақын арада толыққанды шешім табу да оңай емес. Сон­дықтан шиеленіс толқын тәрізді қай­та­ла­нып тұра береді, – деп түйіндеді сая­сат­танушы. 

Тараптардың сәтсіз келіссөзден кейін­гі өктем әрі агрессияға толы үндеулеріне қа­рап отырып, Парсы шығанағындағы жағ­дайдың таяуда реттеле қоятынына кү­дік бар. 

«Қара алтынның» қарыштауы

Геосаяси жағдай бәрінен бұрын жаһандық экономикаға залалын ти­гізіп отыр. Ормұз бұғазынан шамамен әлемдік мұнайдың 20 пайызы өтеді. Егер жа­бық тұрса, «қара алтын» құны қайтадан қа­рыштайды деген сөз. Сарапшылар ке­ліссөздерден кейін-ақ Brent-тің бір бар­ре­лі 150 долларға дейін қымбаттауы мүм­кін деп болжады. 12 сәуірден бері үздіксіз кө­терілген баға 102 доллардың маңайына жет­ті. Бұл берісі болуы да мүмкін. 

Бұл жағдайдың зиянын бірінші болып АҚШ жұртының өзі тартқандай. Себебі Иранға шабуылдан кейін, көп өтпей елде жа­нармай бағасы 2 есеге жуық өсті. На­рық заңдылығына сай, жанармай қым­бат­таған жерде азық-түлік пен қызмет түр­лері­нің де бағасы құбылады. Түбінде кә­сіп­орындарға қысым түседі. Амери­ка­лық­тар Трампқа артқан үміті инфляцияны те­жеумен қабысып жатыр еді. Кәрі құр­лықтағы жағдай да құбыла бастағанын өт­кен айда байқадық. Бұл елдерде де жа­нармай бағасы 15-20 пайызға қым­бат­таған. Тіпті, шетелдерге арзан жанармай іздеп барып, сабылып жатқандар жетер­лік. Кейбірі бағаны көтермеу үшін шектеу енгізуге әзір отыр.

Басқасын айтпағанда, әлемдегі екінші экономикасы бар Қытайдың өзі жағдайға алаң­дай бастады. 2005 жылдан бері бұл ел Таяу Шығысқа 270 млрд доллар инвес­ти­ция құйған. Оның біразы қақтығыс ке­зін­де соққыға қалды, 4,66 млрд доллар бо­ла­тын тағы 12 жоба жоғары қауіп аймағында қалған. Қақтығыс ошағында қалған мың­даған қытайлықтың өмірі тағы бар. Сол себепті Бейжің Иранды да, араб елдерін де сабырға шақырып, дипломатиялық тепе-теңдік сақтауға мәжбүр.

Дегенмен бәрінен бұрын Таяу Шы­ғыс­­тағы жағдайдың әсері Қазақстан эко­номикасына қалай әсер ететіні қызық. Осы­ған дейін еліміздің Иранға астық экс­порты азайып жатқанын жазған едік. Әйтсе де, жағымды көрініс табатын тұстар да бар. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, мәселені екіұдай бағалауға бо­лады.

– Таяу Шығыстағы ахуал әлемдегі мұ­най нарығына тікелей әсер етіп отыр. Мұнайдың бір баррелі 100 доллардан асты. Бірақ қазір біз бұған дейін жасалған фор­вардтық және фьючерстік келісімшарт негізінде 70-80 доллардан сатып жа­тыр­мыз. Ендігі келісімшарттарда баға жо­ғары­лайды. Ол кезде қазақстандық мұнай компанияларының, Ұлттық қордың табы­сы көбейетіні даусыз. Яғни, бюджетке қо­сымша қаражат түсуіне оңай жол аш­пақ, – дейді сарапшы.

Сапарбай Жобаевтың пікірінше, екін­ші тиімділік инвесторлардан болмақ. Өйт­кені инвесторлардың көбі осындай кезеңде шулы аймақтардан шығып, ты­ныш аймақтарға инвестиция құяды. Яғни, екінші тұстан Қазақстанның инвес­ти­ция­лық тартымдылығы жақсаруы мүмкін. Қа­зақстан мұнайдан түсетін табысты ха­лықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен инфрақұрылымдық жобаларға жұм­сауға тиіс. 

Бірақ мәселелер де жоқ емес. Са­рап­шы елімізге Араб мемлекеттері де инвестиция құйып жүргенін, шие­ле­ніске байланысты солардың біразы тоқтап тұруы ықтимал екенін еске салды. Оның үстіне, Иран – Каспийдің арғы бетіндегі көршіміз. Екіжақты сауда жақсы өсіп келе жатты, тауар айналымын 1 млрд долларға жет­кізу үшін қос тарап біраз жұмыс атқар­ды.

Қалай алғанда да, мұнай құнының өсуі тек пайда әкелетін жағдай секілді көрін­бе­гені абзал. Басқа қырынан экономи­ка­лық соққылар беруі мүмкін. 

Мадияр ТӨЛЕУ