Бұл жоба жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытып, логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Кентауда бір мезетте 2 500-ге жуық адам қатысқан республикалық  AL-FARABI интеллектуалды ойыны өтті
99
оқылды

Кентау қаласында өткен республикалық  AL-FARABI  интеллектуалды ойыны жастардың білімін, ойлау қабілетін және зияткерлік әлеуетін айқындайтын ірі алаңға айналды. Ашық аспан астында ұйымдастырылған ауқымды шара бір мезетте 2 500-ге жуық жастың басын қосып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген білімді жастарды бір ортада тоғыстырды,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл маңызды жобаны Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырып, Кентау қаласы әкімдігі қолдау көрсетті. Нәтижесінде, жастар саясатын дамытуға бағытталған мазмұнды әрі тағылымды іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Интеллектуалды сайысқа Қазақстанның 7 өңірінен және Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан 500-ге жуық команда қатысып, олардың қатарында 2 500-ге жуық жас өз білімдерін сынады. Мұндай ауқымдағы қатысушылар саны жобаның беделі мен жастар арасындағы қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және қала әкімі Жандос Тасов қатысушыларға сәттілік тілеп, жобаның қоғамдағы маңызына ерекше тоқталды. Олар мұндай интеллектуалды алаңдардың жастардың жан-жақты дамуына серпін беріп қана қоймай, елдің болашағын қалыптастыратын білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

 AL-FARABI  интеллектуалды ойынының басты мақсаты дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық белсенділігін арттыру, білімге деген қызығушылығын күшейту және елімізде зияткерлік мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар бұл жоба жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытып, логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Іріктеу кезеңінде қатысушылар тартысты бәсекеде өзара мықтыларды анықтады. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған 45 команда келесі кезеңге жолдама алып, енді Түркістан қаласында өтетін 1/8 финалда бақ сынайтын болады. Бұл кезеңде бәсекелестік деңгейі одан әрі артып, нағыз үздіктер анықталмақ.

Жалпы, жүлде қоры 3 миллион теңгені құрайтын бұл білім бәйгесі қатысушыларды жаңа жетістіктерге жігерлендіріп, олардың алға қойған мақсаттарына жетуіне ынталандырады.

Айта кету керек,  AL-FARABI  интеллектуалды ойыны биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт ішінде жоба өз аудиториясын қалыптастырып, жастар арасында кеңінен танылған білім алаңына айналды. Ол  білім мен бәсекені үйлестірген, жас буынның ой-өрісін кеңейтетін, зияткерлік әлеуетін арттыратын бірегей платформа.

Қорытындылай келе, Кентауда өткен бұл ауқымды іс-шара  жарыс қана емес, жастарды біріктірген, білімді дәріптеген және болашаққа бағыт берген маңызды бастама. Осындай жобалар арқылы елімізде білімді, белсенді әрі жаңашыл ұрпақ қалыптасып, қоғамның зияткерлік деңгейі жаңа сатыға көтеріле беретіні анық.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы