«AMANAT» партиясы жаңа жобаны іске қосты.
«AMANAT» жергілікті басқарушылардың жаңа кадрлық резервін қалыптастыруда
Суретті түсірген: Әли Ғалым
132
оқылды

Ол партияның кадрлық активінің функционалдық құзыреттерін дамытуға бағытталып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жоба жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыруды көздейді. Партияның Саяси менеджмент академиясы жаңа форматта ауылдық округтердің сайланған әкімдерін, мәслихат депутаттарын және бастауыш партия ұйымдарының өкілдерін оқыту жұмысын бастады. Жаңа бағдарлама басқарушылық құзыреттерді арттыруға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, стратегиялық ойлауды жетілдіруге және мемлекеттік жобалық басқаруды меңгеруге бағытталған. Оқыту жұмысы Абай облысында басталады.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов әлем қарқынды өзгеріп жатқанын, жаһандық тұрақсыздық жағдайында жаппай цифрландыру мен Жасанды интеллект жаңа өмір шындығына айналғанын атап өтті. Жаңа сын-қатерлерге лайықты жауап беру үшін Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүргізілуде. Бұл қадам азаматтардың ел басқару ісіне араласуын кеңейтуде. «AMANAT» партиясы жалпыұлттық үдерістерге тікелей қатысады. Сондықтан партияластар жаңа жағдайда алға қойылған міндеттерді лайықты әрі тиімді орындау үшін жаңа құзыреттерді белсенді түрде меңгеруі қажет.

«Біздің Президентіміз халықаралық қатынастардың мойындалған маманы, әлемдік деңгейдегі дипломат ретінде осындай прогрессивті үрдістерді жақсы біледі. Мемлекет басшысы «Алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсініктің ескіргенін, оның орын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басқанын үнемі айтып жүр. Оның үстіне, жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту, білім мен ғылым стратегиялық басымдық ретінде бекітілді. Бұл біздің басты ресурсымызға айналды. Сондықтан осы бағдарды басшылыққа алған «AMANAT» партиясы бүгін жергілікті кадрларды оқыту бағдарламасын бастап отыр. Олар өзіне жауапкершілік ала алатын, табанды, тиімді шешім қабылдай білетін маман болуы керек», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов сайланған ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары және БПҰ өкілдері бүгінде халық сенім артатын, азаматтар өз мәселелерін шешу үшін жүгінетін нағыз өңірлік элита екенін ерекше атап өтті. Бұл ретте, ауыл әкімдері мемлекеттік бағдарламаларды жүзге асырудан бастап, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға дейінгі кең ауқымды мәселелерге жауап бере отырып, үлкен жүктеме арқалап отыр. Өз кезегінде, мәслихат депутаттары мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланыстың негізгі буыны ретінде қарастырылады. Азаматтардың сенімі мен өңірлердегі тұрақтылық деңгейі олардың кәсіби шеберлігіне, коммуникация сапасына тікелей байланысты. Партияның күн тәртібін жүзеге асыру ісінде 3800 БПҰ ерекше рөл атқарады. Дәл осы деңгейде қоғамдық пікір қалыптасып, халықпен кері байланыс қамтамасыз етіледі.

Партия Төрағасы жаңа оқу жобасы болашағы зор басқарушыларды анықтауға арналған платформаға айналатынын ерекше атап өтті. Бағдарлама аясында «AMANAT» партиясының кадрлық резерві қалыптасып, мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметте ілгерілетуге бағдарланған тиімді әрі бәсекеге қабілетті көшбасшылар даярланады.

Жаңа оқу жобасына қатысты пікір білдірген «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова жаңа оқу бағдарламасы қолданбалы тәсілімен ерекшеленетініне және заманауи ғылыми зерттеулерге сүйенетініне назар аударды.

«Саяси менеджмент академиясы ұсынып отырған жаңа білім беру бағдарламасы тәжірибелік бағытымен ерекшеленеді. Онда әріптестеріміз қызмет барысында кездесетін түрлі жағдайға нақты шешім ұсынылады. Бағдарлама Назарбаев Университеті, AlmaU, SDU және БИЛ сынды жетекші жоғары оқу орындары ғалымдарының қатысуымен әзірленді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес оқыту бағдарламасының модульдік құрылымын мақұлдады. Сондай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындары бұл оқыту модульдерін өз бағдарламаларына енгізе алады», – деді партия Хатшысы.

Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет саласының басшылық құрамын толықтыру барысында «AMANAT» партиясы мүшелерінің әлеуеті ашық әрі бәсекелі цифрлық іріктеулер арқылы белсенді пайдаланылып жатқанын атап өтті. Istanbul Kent University экономика, әкімшілік және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Хасрет Чомак «AMANAT» бағдарламасы нақты нәтижеге негізделгенін және саяси шешімдерді тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағыттайтын көшбасшыларды даярлауды көздейтінін айтты. Абай облысының әкімі Берік Уәли жаңа модульдік бағдарлама ауыл әкімдерінің заңнаманы іс жүзінде қолдану дағдысын қалыптастыруға бағытталатынын, олар бюджеттік ресурстарды тиімді басқаруды – бюджеттік вертикальді түсінуден бастап, өз кіріс базасын дамытуды, салық түсімдерін арттыруды және аумақтардың экономикалық өсімін ынталандыруды меңгеретінін атап өтті.

Сондай-ақ іс-шарада Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің профессоры, италиялық саяси технолог Рикардо Пелиццо, Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы мәслихатының төрағасы Айзада Рахметова және «Жетіген» БПҰ төрағасы, Алатау қаласы Жетіген шағын ауданындағы №11 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Анастасия Мельник, Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов, Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген және Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов сөз сөйледі.

Жаңа оқу бағдарламасының басталуына мемлекеттік органдар мен академиялық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы партияның өңірлік филиалдарының қызметкерлері қатысты.