Ақтау қаласында бұрынғы сүйіктісінің интимдік фотоларын әлеуметтік желіде жариялаған 23 жастағы ер адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сот мәліметінше, күдікті қызбен қарым-қатынасы үзілгеннен кейін оның шешімін қабылдай алмай, кек алуға барған. Ол жалған аккаунт ашып, жәбірленушінің жеке сипаттағы суреттерін интернетке жүктеген. Сонымен қатар қызды бірнеше рет қудалап, жанжал кезінде оған күш қолданған. Оқиғалардың бірінде ер адам оны телефонмен бірнеше рет ұрғаны анықталған.
Сот шешімімен ол жеке өмірге қолсұғушылық және дене жарақатын келтіру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Нәтижесінде, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек сот жәбірленушіге өтемақы төлеуді міндеттеді. Оның ішінде моральдық шығын үшін 1 миллион теңге қарастырылған.
Сотталған азамат үкімге шағымдануға тырысқанымен, апелляциялық сот алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
