Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері белгісіз. Тек белгілісі, жасөспірімдер бір отбасының балалары емес. Қайғылы жағдай таңғы сағат 05:00 шамасында болған.
Жамбыл облысында қайғылы оқиға: екі оқушының мәйіті сарайдан табылды
942
оқылды

Жамбыл облысында тағы бір қайғылы жағдай тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Қордай ауданы Қаракемер ауылында 9-сыныпта оқитын екі жасөспірімнің мәйіті бір сарайдан табылған.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері белгісіз. Тек белгілісі, жасөспірімдер бір отбасының балалары емес. Қайғылы жағдай таңғы сағат 05:00 шамасында болған. Кейбір дереккөздер оқушылардың өз-өзіне қол жұмсағанын айтады.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір полиция қызметкерлері көршілерден, оқушылардан және мұғалімдерден жауап алып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардағы дереккөзде оқиғаның себебі әзірге анықталмағанын растады.

Жасөспірімдер ешқандай хат қалдырмаған.

Жамбыл облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Сонымен қатар облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оқиға орнына жедел түрде облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова мен Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков барған.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жағдай бақылауда. Қажетті шаралар қабылданып, оқушылар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылған.