Қағаз жүзінде ел білім беру жүйесін дамытуда табысты мемлекеттердің қатарына қосылғандай көрінеді. Дегенмен экономистер дәл осы көрсеткіш қазіргі күнде нарықтан көрініс таппай отырғанын айтуда.
Себебі еңбек өнімділігі баяу, азаматтардың табыс деңгейі біліммен әрдайым сәйкес келе бермейді. Алдымен статистикаға назар салайық. Мысалы, Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2025–2026 оқу жылының басында елдегі жоғары оқу орындарында 678,1 мың студент білім алып жатыр.
«Елімізде студенттердің 99,8 пайызы бөлігі күндізгі бөлімде оқиды. Жаңа оқу жылында университеттерге 208,9 мың талапкер қабылданған. Ал өткен оқу жылында 152,8 мың студент оқуын аяқтап шықты», – делінген Ұлттық статистика бюросының мәлімдемесінде.
Статистика жоғары білімнің қолжетімділігі де артқанын көрсетеді. Бюро дерегіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 15 жастан асқан әрбір мың адамның 276-сы жоғары білім дипломына ие. Жалпы алғанда, ел халқының шамамен 27,6 пайызы жоғары білім алған.
Демек, диплом көбейді, бірақ оның нақты экономикалық қайтарымы әлсіз. Бұл – бүгінгі күннің ең өткір сұрақтың бірі. Сарапшылардың айтуынша, мәселе білімнің қолжетімділігінде емес, оның сапасында.
«Қазақстанда соңғы жылдары білім беру жүйесі сан жағынан өсті. Балалар көбірек оқиды, университетке түсетіндер саны артты. Бірақ бұл өсім автоматты түрде сапаға айналған жоқ. Бізде жылдар саны білімнің көрсеткіші болып кетті, ал шын мәнінде, бұл тек сыртқы өлшем ғана. Адам капиталы уақытпен емес, нақты дағдымен өлшенеді. Егер оқушы мектептен базалық қабілеттерді меңгермей шықса, онда ол диплом алғанымен, экономика үшін толыққанды ресурсқа айналмайды. Сондықтан бүгінгі мәселе – білімнің ұзақтығында емес, мазмұнында. Осы айырмашылықты түсінбейінше, жүйені өзгерту қиын», – дейді экономист, EconomyKZ сарапшысы Сұлтан Уәлиханов.
Маманның бұл пікірі білім жүйесіндегі негізгі түйінді дәл көрсетеді. Яғни, формалды көрсеткіштер мен нақты нәтиже арасындағы алшақтық барған сайын ұлғайып барады.
Шын мәнінде, адам капиталы – аудиторияда өткізген жылдардың жиынтығы емес. Ол – адамның өмірде қолдана алатын дағдылары. Оқу, жазу, есептеу, талдау, жаңа технологияны игеру, күрделі ортада жұмыс істеу. Егер осы қабілеттер қалыптаспаса, білім беру жүйесі тек формалды институтқа айналуы ғажап емес.
Мамандардың сөзінше, мәселе мектептің алғашқы сатыларынан басталады. Бала бастауыш сыныптың ортасына дейін еркін оқи алмаса, қарапайым математиканы түсінбесе, кейінгі білім тек «жыл санауға» айналмақ. Бұл олқылықтың орны жойылмай, керісінше, мәселе тереңдей түсері даусыз. Себебі соның салдарынан еңбек нарығына қабілетсіз жұмыс күші тоғытыла бермек.
Бұл жағдай экономиканың өзіне де әсер етеді. Себебі технологияны игеру үшін дайын кадр қажет. Ал дайын кадр болмаса, өндіріс те күрделенбейді.
Сұлтан Уәлиханов бұл байланысты ашық айтады: «Білім жүйесі мен экономика бір-бірінен бөлек жұмыс істеп тұрғандай әсер қалдырады. Мектеп пен университет өз бетінше өмір сүреді, ал еңбек нарығы өз талабымен жүреді. Егер экономика күрделі дағдыларды талап етпесе, білімнің де құны төмендей бермек. Адамдар оны сезіп-біліп отыр. Сондықтан олар білімге инвестицияны мәжбүрлі түрде жасайды, бірақ оны стратегиялық құрал ретінде көрмейді. Бұл – өте қауіпті тенденция. Өйткені ұзақ мерзімде ол бүкіл жүйенің сапасын төмендетеді».
Дегенмен сарапшы мәселе тек мектепте емес, жалпы жүйеде жатқанын алға тартып отыр. Білім беру саласында тағы бір күрделі түйін – басқару тәсілі. Жаңа мектеп салу, бағдарламаларды жаңарту, есептерді көбейту – мұның бәрі сырт көзге даму сияқты көрінеді. Бірақ шын сапа сынып ішінде қалыптасады. Мұғалімнің дайындығы, оқушыға берілетін кері байланыс, нақты оқу уақыты – бәрі осы жерде шешіледі.
Егер жүйе есеп үшін жұмыс істесе, нәтиже екінші орынға шығып қалары даусыз. Мұндай жағдайда қаржының өзі өзгеріс әкелмейді, тек қазіргі әлсіз тепе-теңдікті сақтап тұруға ғана қауқарлы болмақ.
Сұлтан Уәлиханов бұл тұйық шеңберді былай сипаттап берді:
«Мектепте берілетін білім мен дағды онша мықты емес. Ал экономика болса, күрделі, білікті еңбекті көп талап етпейді. Соның салдарынан оқығаныңның пайдасы да айқын көрінбейді, табысқа тікелей әсері аз. Пайдасы сезілмеген соң, адамдар да білім сапасына аса мән бере бермейді. «Қалай болса да диплом алсам болды» деген көзқарас қалыптасады. Сөйтіп, бұл жағдай қайта-қайта қайталанып, жүйе өз-өзін ұстап тұруы мүмкін. Ең қауіптісі – осының бәрі қалыпты нәрсе сияқты көріне бастауы. Егер осы шеңберді бұзбасақ, біз ұзақ уақыт бойы орта деңгейден аса алмай қалуымыз ғажап емес».
Маманның сөзінше, көп жағдайда шешім ретінде стандарттарды жаңарту, бағдарламаларды өзгерту ұсынылады. Бірақ бұл жеткіліксіз, себебі мәселе білімнің мазмұны мен идеологиядағы басымдықта.
Экономикалық зерттеулер көрсеткендей, ең жоғары нәтиже ерте жаста қалыптасады. Яғни, баланың алғашқы білім кезеңі – бүкіл жүйенің іргетасы.
«Бастауыш мектеп – ең маңызды кезең. Дәл осы жерде бала оқу мен есептеуді толық меңгеруі керек. Егер бұл кезеңде олқылық кетсе, оны кейін түзету өте қиын. Сондықтан біз бағдарламаны күрделендірудің орнына, керісінше, негізгі дағдыларға назар аударуымыз керек. Мұғалімнің сапасы – шешуші фактор. Мықты мұғалім кез келген реформадан маңыздырақ. Егер ерте даму, базалық дағды және мұғалім сапасы секілді осы үш нәрсені жөнге салсақ жүйе өздігінен өзгерер еді», – деді Сұлтан мырза.
Тағы бір маңызды мәселе – нәтижені қалай өлшейміз деген сұрақ. Қазір көбіне сағат саны, бағдарлама көлемі, қамту көрсеткіші есепке алынады. Бірақ бұл білім ошақтары сіңіріп жатқан қабілеттердің нақты көрсеткіші емес. Сарапшылардың пікірінше, басты өлшем – білім алушылардың қаншасы нақты базалық дағдыны меңгерді деген сұрақ болуға тиіс. Әсіресе, әлсіз оқушылардың ілгерілеуі маңызды.
Сарапшы Қазақстан үшін бұл жай ғана білім саласындағы мәселе емес, бұл – экономикалық даму моделі туралы таңдау екеніне назар аудартып отыр. Себебі ең маңызды екі сұраққа жауап беруіміз қажет: қазіргі жүйемен орташа өсімге қанағат етеміз бе, әлде адам капиталын нақты драйверге айналдырамыз ба? Қазіргі экономикада ұзақ білім алу емес, оны қолдану қабілеті жоғары бағаланады. Өйткені түбінде жетістікке жететін көп оқытатын емес, тиімді оқытатын елдер болмақ.
Кәмила ДҮЙСЕН