Тереңдегі тірек

Көктемнің бел ортасында Қазақстанның елордасында өтетін аймақтық экологиялық саммит – замананың зәру сұрақтарына жауап ізделетін тағдыршешті жиынның бірі.

Бұл басқосу табиғат тағдырын талқылаумен шектелмей, су қауіпсіздігін ұлт бола­ша­ғының өзегі ретінде қайта пайымдайтын бірегей алаң болмақ. Демек, саммит – жаңа Ата заңда бекітілген стратегиялық саясат пен табиғат тоғысқан тұстағы жаңа бет­бұрыстың бастауы.

Су қауіпсіздігі – стратегиялық міндет

Алдағы аптада, 22-24 сәуір ара­лығында Қа­зақ­стан экологиялық дипломатияның орта­лы­ғына ай­на­лады. Астана төрінде Өңірлік эко­ло­гиялық саммит (RES 2026) өте­ді. Оған мем­ле­кеттер бас­шы­ла­ры, халықаралық ұйымдар, биз­нес пен ғылым өкілдерінен 1500-дей де­легат қа­тысады деп жоспар­лан­ған. RES 2026-ны БҰҰ-мен әріп­тес­тікте өткізу ұсынысын Қа­зақ­стан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ас­сам­блеясының 78-сессиясында жа­рия­­­лаған-тын. 

Нақты іске ұласқалы тұрған бұл бас­тама – Қазақстанның эко­ло­гиялық мә­се­лелердегі көшбас­шы­лық жауап­кер­ші­лі­гі­нің көрі­ні­сі. Бұл алқалы жиынның өзегі ре­­­­­­­­­тінде өзге экологиялық проб­ле­ма­лар сыр­тында, маңызды қор са­налатын же­рас­ты суларын ұтым­ды игеру мәселесі қау­з­алады деп кү­тіледі. Климаттың жаһан­­дық жы­лынуы, трансшекаралық өзен­­дер­ге тәуелділік және су қор­ла­ры­ның жедел азаюы жағдайында Қа­зақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіп­сіздіктің басты фак­торына ай­налып отыр. Жер астындағы жа­сырын дариялар сыртқы фак­торларға тәуелділікті азайтатын, ең қиын-қыстау ке­зеңде елге де­меу болар стратегиялық резерв.

Бұл мәселеге кейінгі Жолдауында Мем­лекет басшысы да баса назар аударды. Ол судың стратегиялық маңызы бар ре­сурс екеніне, сусыз өмір жоғына назар ау­дартты. Сондықтан бұл сала ұлттық цифр­лық жаңғыру жұмысындағы басты ба­ғыттың бірі болуға тиіс. 

– Су ресурстарының бірыңғай цифр­лық платформасын жасау керек. Плат­фор­мада жасанды интеллект негізінде же­рүсті және жерасты сулары туралы мә­лімет жинақталады. Жоба іске қосыл­ған­да гидрогеология мониторингі, яғни ба­қылау жұмысына қатысты мәселе то­лық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүр­гізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге ар­нал­ған су саясатын жоспарлаудың аса маңыз­ды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті ба­қылау орнатып, инвестиция тарту мүм­кін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Су ресурстары және ирригация ми­нистр­лігі Президенттің бұл тапсырмасы орын­далғанын мәлімдеді. Оның дерегіне жү­гін­сек, «Су ресурстарының ұлттық ақ­параттық жүйесі» (СРҰАЖ) әзірге пи­лот­тық режимде жұмыс істеп тұр: 12 модулінің 8-і іске қосылды. 11 мемлекеттік дерек­қор­мен кіріктірілді. Жүйеге 2 430 ұйым қо­сылған, 3 500-ден аса белсенді пай­даланушы тіркелген. Жүйе қаты­су­шы­ларын басқару бір орталықтан жүзеге асы­­­рылады. 

«СРҰАЖ су шаруашылығы инфра­құры­лымы мен ресурстары бойынша бір­тұтас цифрлық деректер базасын қа­лыптастырады. Атап айтқанда, ны­сан­дар­ды цифрлық паспорттау, жерасты суын есепке алу, су объектілерінің жай-күйі үшін жауапкершіліктің ашық жүйесі құры­лады.  Картографиялық модуль не­гізінде су нысандарының цифрлық де­рек­тер базасы жасалып, жүйеге 17 307 өзен, 3 148 көл және 1009 гидротехникалық құ­ры­­лыс енгізілді», – деп хабарлады ми­нистр­­лік. 

Бұлақ көрсең тізімге ал

Жалпы,  Ұлттық гидрогеологиялық қыз­мет жыл басында жерүсті және жерас­ты суы туралы барлық мәліметті қамтитын бірыңғай ақпараттық жүйені «Water Base» деген атпен құрған болатын. ҰГҚ оны ор­нату және пилоттық режимде іске қосу жұ­мыстарын аяқтады. Ары қарай жүйені жер­гілікті жағдайға бейімдеу және оны Су ре­сурстарының ұлттық ақпараттық жүйе­сімен интеграциялау жұмыстары жүр­гізі­ле­ді.

Су ресурстары және ирригация вице-ми­нистрі Талғат Момышевтің түсін­діруін­ше, жүйе жерасты суының жағдайын ба­қылауға, су ресурстарының тізімін қа­лып­тастыруға, карталар арқылы көрнекі түр­де көрсетуге, талдамалық ақпарат дайын­дауға, қашықтағы көздерден, со­ның ішінде бақылау датчиктерінен жедел мә­лімет алуға, сондай-ақ басқа ұйым­дар­мен және ведомствоға қарайтын ме­ке­ме­лермен ақпарат алмасуға мүмкіндік бере­ді.

Оның айтуынша, бұл істе шетелдік әріп­тестер көмекке келіп отыр. Гер­ма­ния­ның халықаралық ынтымақтастық қо­ға­мының (GIZ) қолдауымен Ұлттық гид­рогеологиялық қызметтің Ахуалдық-тал­дамалық орталығын заманауи құрал-жаб­дықтармен жабдықтау жобасы қатар жү­зеге асырылып жатыр.

Қазақстандағы ірі өзен-дариялардың бә­рі дерлік өзге елдерден – Өзбекстаннан, Қыр­ғызстаннан, Қытайдан және Ресей­ден бастау алады. Бұл елдер, әсіресе ҚХР көбірек электр қуатын алу үшін өзен бас­тауын белсенді түрде бөгендермен буып жа­тыр. Салдарынан, төменге қарай жі­берілетін су көлемі жыл сайын азайып ке­леді. Бұған қоса, кейінгі жылдары өзен­дердің басты бір қоректендіруші қай­нары – Орталық Азия елдеріндегі мұз­дық­тар қарқынды түрде еріп, кеміп барады. Мұның бәрі, БҰҰ болжамынша, аймақта, әсі­ресе төменде отырған Қазақстанда су­дың алапат тапшылығын туғызуы мүм­кін. 

Сарапшылар болашақта Қазақстанға өзі­нің жергілікті су ресурстарына сүйеніп, со­ған қанағат етуіне тура келуі ықти­мал­ды­лығын да жоққа шығармайды. Сол се­беп­ті, биыл Үкімет оңтүстік өңірлердегі біраз ауданда күріш егуге тыйым салды. Мақтаны тек су үнемдегіш технологияны қол­данатын кәсіпорындардың өсіруіне рұқ­сат етілді. Суды көбірек талап ететін­дік­тен, бидай өсірілетін егіс алқаптары да қар­қынды қысқартылып жатыр. 

Осы орайда «Қазгидрогеология» ұлт­тық гидрогеологиялық қызметі жүздеген бұ­лақты анықтады. Яғни, бұл аумақтарда же­расты суларын өндіру жеңілдейді. Бұл қыз­мет бүгінде ел аумағындағы барлық бұ­лақты түгендеу жұмыстарын жүргізіп жа­тыр. Алдын ала деректерге сәйкес, бү­гінде 711 әлеуетті бұлақ анықталды.

Сонымен қатар қор және архив ма­те­риал­дары негізінде ел аумағындағы 2 772 бұ­лақ­ты қамтитын карта жасалған. Олар­дың көзін ашу қажет. Салаға жауапты ма­мандар бұл бұлақтардың «су ресурстары тап­шылығы жағдайында қосымша су көзі ре­тінде қарастырылатынын» мәлім­деді.

«Қазгидрогеология» ұлттық гидро­гео­логиялық қызметінің басқарма төрағасы Бо­лат Бекнияздың айтуынша, бұлақ су­лары ауызсумен, техникалық сумен жаб­дықтау, мал мен егін суару және өзге де шаруашылық мақсаттарға қолданылады. Қазіргі уақытта республикада жерасты суы­ның 4 803 кен орны барланған. Мем­лекеттік баланс деректеріне сәйкес, же­р­ас­ты суының тәуліктік пайдалануға бо­латын қоры 43,2 млн текше метр. Алайда қазір оның тек шамамен 1,5 млн текше метрі пайдаланылып отыр, бұл жал­пы көлемнің 3,6%-ы. Барланған қор құры­лымында 21,2 млн текше метр ауызсу мен тұрмыстық қажеттілікке, 2,4 млн тек­ше метр өндірістік-техникалық мақ­сат­тарға, 19,6 млн текше метр суармалы егін­шілікке бағытталады. 

– Бізде жерасты суына арналған мем­лекеттік мониторинг желісі жұмыс іс­тей­ді, оған шамамен 4 мыңға жуық бақылау ұң­ғымасы кіреді. Олар су деңгейін, тем­пературасын және сапасын бақылауға мүм­кіндік береді. Гидрогеология саласын цифрландыру мақсатында мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын Су ресурс­тары­ның ұлттық ақпараттық жүйесіне ен­гізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Болат Бекнияз.

Жалпы алғанда, қазір Қазақстанның 5 өңі­рінде жерасты суының жаңа көздерін іздеу қолға алынып жатыр. Су ресурстары ми­нистрлігі 2027 жылға дейін Ақмола, БҚО, Қостанай, Жетісу мен Ұлытау об­лыс­тарында жерасты суының жаңа көз­дерін анықтау бойынша кешенді іздестіру-бар­лау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар жерасты су қорының ре­сурстық базасын кеңейтуге және елді ме­кендерді, ауыл шаруашылығын және эко­номиканың өзге де салаларын қосым­ша сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар 2026 жылы жерасты су кен орындарын барлауға арналған 28 жаңа жоба әзірленбек. Оның ішінде 9 жо­ба Жамбыл облысында, 3 жоба Ақмола об­лысында, 4 жобадан Батыс Қазақстан жә­не Түркістан облыстарында, Ма­ң­ғыс­тау мен Атырау облыстарында екі жобадан жә­не бір жобадан Шығыс Қазақстан, Пав­лодар, Қызылорда мен Ұлытау облыс­тарында жүзеге асырылады. 

– Су ресурстарының тапшылығы ар­тып, климаттық өзгерістер күшейіп жат­қан жағдайда жерасты суының әлеуетін да­мыту – тұрақты су пайдалануды қамта­ма­сыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Же­расты су қорының әлеуеті жоғары бол­ғанымен, оның едәуір бөлігі әлі толық зерт­телмеген. Осыған байланысты Су ре­сурс­тары министрлігі жерасты суын ке­шенді пайдалану тұжырымдамасын әзір­леуді бастады. Бұл құжат жерасты су ре­сурстарын басқарудың заманауи жүйе­сін қалыптастыруға бағытталған, – деді вице-министр Т.Момышев.

Резерв қауіп көзіне айналмасын

Сенатор Жанболат Жөргенбаевтың бай­ламынша, жер астында тұтас дария жатыр: ресми деректерге сәйкес, елдегі же­расты суларының бекітілген эксп­луатациялық қорлары тәулігіне шамамен 43,1-43,2 млн текше метрді құрайды және олар табиғи жолмен қайта толып отырады. «Алайда іс жүзінде осы көлемнің небәрі 3-4%-ы ғана пайдаланылады. Бұл жерасты су ресурстарының елеулі бөлігінің эко­номикалық айналымнан тыс қалып отыр­ғанын және оларды басқару жүйесінің же­ткіліксіздігін көрсетеді. Ел бойынша шаруашылық ауызсу қажеттілігінің ша­мамен 40%-ы жерасты сулары есебінен, ал 60%-ы жерүсті су көздері есебінен қам­тамасыз етіледі», – деді депутат.  

Әрине, жерасты су ресурстары өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеген: тұщы же­р­ас­ты суларының 68%-ы Алматы, Жам­был, Түркістан және Қызылорда об­лыс­тарында шоғырланған. Ал, Атырау, Маң­ғыстау және Солтүстік Қазақстан об­лыстары су тапшылығы жоғары өңірлер қа­тарына жатады. Мысалы, Алматы қа­ласында жерасты су қорларын пайдалану дең­гейі 73%-ды құраса, Түркістан қала­сын­да бұл көрсеткіш 1%-дан төмен. Се­натордың пікірінше, бұл өңірлік даму үшін пайдаланылмай отырған елеулі резервтің бар екенін көрсетеді.

Жерасты сулары сондай-ақ ми­не­рал­дар­дың және тұздың өндірісінде пай­да­ла­ныла алады. Қазақстан аумағында ли­тий, йод, бром және стронцийге бай өнер­кә­сіп­тік жерасты суларының 4 перс­пек­тивалы провинциясы анықталғанымен, олар­дың әлеуеті экономикалық ай­на­лымға толық енгізілмеген. 

– Жерасты су ресурстарын басқару са­лас­ы қазір институционалдық бы­ты­раң­қы күйде. Соңғы жылдары жерасты су­ларына қатысты функциялар әртүрлі мем­лекеттік органға таратылып, сал­да­ры­нан нақты жауапкершілік айқындалмаған. Са­ла­лық саясат әлсіреген. Көптеген өңір­де жерасты су ұңғымалары иесіз қалды. Бұлақ сияқты ашық су көздерінің қатты ластануы жерасты суларына тікелей қауіп төн­діріп тұр, – деді сенатор Ж.Жөрген­баев.

Сондықтан алдағы Өңірлік эколо­гия­лық саммит аясында отандық және шет­ел­дік мамандар, Үкіметтегі жауапты тұл­ғалар жерасты суларын қорғау және оң­тайлы пайдалану жолдары мен тәсілдерін пы­сықтап, жаңа шешімдер түзсе құба-құп. Өйткені жер астындағы бұл «тіршілік нәрі» – ертеңгі ұрпақтың еншісі, елдіктің мәң­гілік болуының кепілі.

Айхан ШӘРІП