«AMANAT» партиясы елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту ісіне айрықша атсалысып келеді. Мәселен, партияның колдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры Қарағанды, Қостанай облыстарының, Шымкент қаласының әкімдіктерімен бірлесіп «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыруда.
«Ойлан, қазақ» романының таныстырылымы өтті
116
оқылды

Астанада «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған  SocioExpertClub  алаңында жазушы Ерлан Ахмедидің «Ойлан, қазақ» романы таныстырылды. Ұлттық кітап күні қарсаңында өткізілген іргелі іс-шара отандық әдебиетке қолдау көрсетуге және кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған байыпты бастамалардың біріне айналды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деді. Осы орайда, елімізде отандық әдебиет саласын дамытуға институционалдық деңгейде көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 23 сәуір Ұлттық кітап күні ретінде бекітілуі – соның жарқын көрінісі.

Биыл елімізде  MECENAT.KZ  әдеби сыйлығының 5-маусымы өтіп жатыр. Оған 33 үміткер қатысуда. Нәтижесінде, 6 роман ақтық кезеңге жолдама алды. Соның бірі – жазушы Ерлан Ахмедидің «Ойлан, қазақ» романы. Осылайша, таныстырылым барысында автор шығарманың басты идеялық желісіне тоқталып, оның бүгінгі қоғаммен байланысын түсіндірді.

«Туындыда ұлттық тәрбие, тарихи тізбек пен сабақтастық, әділдік пен адалдық, әке мен бала арасындағы байланыс, отбасылық құндылықтар аясындағы рухани һәм пәлсапалық тақырыптар көтерілді. Сондай-ақ психологиялық, нақты айтқанда, экзистенциялық дағдарыс пен диссоциативті бұзылыс, яғни тұлғаның екіге жарылуы мәселелері қозғалган. Бұл тақырыптар кезінде Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесі мен Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романының өзегіне айналған еді. Сонымен қатар романда заманауи тақырыптар да қамтылды. Атап айтқанда, мәтінде жасанды интеллект және виртуалды кеңістік концепциялары көркемдік құрал ретінде пайдаланылған. Қазақ әдебиетін ХХІ ғасыр үрдістерімен үндестіру мақсатында романда Жасанды интеллект пен Виртуалды уақыт машинасы тақырыптары көрініс табады», – деді Ерлан Ахмеди.

Іс-шара аясында қатысушылар авторға өз сұрақтарын қойып, кітаптың мазмұны мен көтерген тақырыптары төңірегінде пікір алмасты.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту ісіне айрықша атсалысып келеді. Мәселен, партияның колдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры Қарағанды, Қостанай облыстарының, Шымкент қаласының әкімдіктерімен бірлесіп «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыруда. Осы уақыт аралығында жобаға 189 мыңнан астам адам қатысып, олардың әрқайсысы 10-15 кітап оқыды. Осылайша, катысушылар оқып шыққан кітаптардың жалпы саны 2 миллионнан асты. Жобаның басты мақсаты – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын 10  мемлекеттің қатарына косу.

Сондай-ақ партия ел азаматтарының отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға, кітап оқуға ынталандыруға және қазақстандык авторлар мен кітап шығарушыларды қолдау бағытында «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып келеді. Бүгінде ел аумағында 24 кітап орталығы тұракты жұмыс істеп тұр. Жоба аясында кітап орталықтарында 17 мыңнан астам баспа өкілдерінің оқырманның, жастардың, отандық авторлар мен қатысуымен 1,5 мыңнан астам мәдени-рухани және танымдық-ағартушылық іс-шара өткізілді.

Сондай-ақ партия бастамасымен отандық кітаптар мен оларды басып шығару қызметін қосылған құн салығынан босату жөніндегі норма енгізілді.