Алматы облысында «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шара Іле өзенінің бойындағы «Көшпенділер қаласы» мен «Таңбалы тас» шатқалы маңында ұйымдастырылып, аумақ қоқыстан тазартылып, жартастарға жазылған бейберекет жазулар өшірілді.
Акцияға 150-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, волонтерлер мен жергілікті тұрғындар бар. Бір күннің ішінде 9 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды.

«Іле бойы – өңірдің табиғи ажарын айқындап тұрған, көпшілік жиі баратын ерекше мекен. Алайда демалушылар саны артқан сайын бұл аумақта қоқыс көлемі де көбейіп, жартастарға ретсіз жазу қалдыру секілді келеңсіз әрекеттер белең алып отыр. Өткен жылы осы аумақта жүргізілген тазалық жұмыстары кезінде 30 тоннадан астам қоқыс шығарылған болатын. Биыл да мәселенің әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл акцияның басты мәні аумақты тазартумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – елдің санасына тазалық мәдениетін сіңіріп, туған жерге деген жауапкершілікті күшейту», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров.
Тазалық жұмыстары кезінде қатысушылар қоқыс жинап қана қоймай, «Вандализмге жол жоқ» бастамасы аясында шатқалдағы жартастарға жазылған бейберекет жазуларды өшіруге де атсалысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көптеген туристер бұл жерде өздері туралы естелік қалдыруға тырысады. Соның салдарынан жартастарда түрлі есімдер мен махаббат жайлы жазулар көбейген.

Айта кету керек, вандализммен күрес – «Жастар Рухы» Жастар қанаты тұрақты түрде атқарып жатқан бағыттарының бірі. Ұйым өкілдері қоғамдық орындарда, табиғи аумақтарда және тарихи нысандарда тәртіп пен тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға жүйелі түрде атсалысып келеді. Осы бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, экологиялық және мәдени жауапкершілікті арттыруға арналған түрлі акциялар, рейдтер мен ақпараттық науқандар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
«Табиғи аумақтың бүгінгі ахуалы алаңдатарлық. Өзен жағасында пластик бөтелкелер, тамақ қалдықтары, орамалар, шыны сынықтары мен тұрмыстық қоқыс үйіліп қалған. Бұған қоса, «Таңбалы тас» шатқалы маңындағы жартастарда демалушылар қалдырған түрлі жазулар да көбейген. Табиғи ландшафт пен тарихи кеңістіктің көркін бұзатын мұндай көріністер бұл аумақтағы экологиялық мәдениет мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді», – деді облыстық «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Әділет Айтқазы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Іле бойындағы тазалық мәселесін тек қоғамдық белсенділердің күшімен шешу мүмкін емес. Бұл үшін туристік аймақтарда санитарлық инфрақұрылымды күшейтіп, қоқыс контейнерлерінің санын арттыру, бейнебақылау жүйесін енгізу және табиғатты ластағандарға бақылауды қатаңдату қажет.
