Кәсіпкер жобаны іске асыру үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 8,3 млн теңге көлемінде несие алды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Солтүстік Қазақстанда кафе ашты
90
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған «Шанырақ» отбасылық кафесі табысты жұмыс істеп тұр. Кәсіпкер Ботагөз Саниева өз ісін бастап қана қоймай, ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие қоғамдық тамақтану орнын ашты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кафе ашу идеясы ауыл тұрғындарының нақты сұранысынан туындаған. Кәсіпкердің айтуынша, ауылдық округте тұрғындарға қолжетімді бағада үйдегідей ыстық тамақ дайындайтын орындар тапшы болған. Осы қажеттілікті ескеріп, сапаға басымдық бере отырып, бағасы қолжетімді және жайлы атмосфера сыйлайтын отбасылық кафе ашуды мақсат еткен. Алайда оны жүзеге асыру үшін Ботагөз Саниеваның қаражаты жеткіліксіз еді.

Кәсіпкер осы мәселе бойынша «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына жүгініп, нәтижесінде жобаны іске асыру үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 8,3 млн теңге көлемінде несие алды.

Бұл қаражатқа кәсіпкер өз жинағын да қосып, ғимарат сатып алған. Нысанда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі мен септик орнатылды және электр желісі толық жаңартылып, су құбыры тартылды. Сондай-ақ асүй жабдықтары мен залға арналған жиһаздар сатып алды.

Бүгінде «Шанырақ» кафесі тұрақты түрде жұмыс істеп, тұрғындарға қоғамдық тамақтану қызметін және ыстық тағамға тапсырыс беру мүмкіндігін ұсынып отыр. Мұнда мерекелік іс-шаралар өткізуге болады. Арнайы жабдықталған ойын бөлмесі де ашылған. Нысан күнделікті жұмыс істеп, ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Сонымен қатар жоба аясында 6 адамды жұмыспен қамтыды.

«Кафе ашу идеясы тұрғындардың қажеттілігін түсінуден туындады. Адамдар келіп, үйдің тамағын ішетін немесе өздерімен алып кете алатын орын болса деген ниетім болды. Бірақ ол үшін қаражат қажет еді. «AMANAT» партиясының қолдауының арқасында өз ойымды жүзеге асырдым. Бүгінде кафенің қызмет аясы кеңеюде», – деді Ботагөз Саниева.

 «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асановтың айтуынша, мұндай бастамалар – «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту ісіне нақты үлес қосып отырғанының айқын көрінісі.