Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында із-түзсіз жоғалған 10 жастағы баланы іздеу жұмыстары аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің сүңгуірлері баланың мәйітін Елек өзенінен тапты. Мәйіт жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдікте анықталған.
Еске салсақ, 4-сынып оқушысы 29 наурыз күні үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Содан бері оны іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді.
Іздестіру шаралары Сарыжар ауылы маңында ұйымдастырылып, оған ТЖМ қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер, еріктілер мен тұрғындар жұмылдырылды.
Күн сайын сүңгуірлер 30-35 шақырымға дейінгі су айдынын тексеріп, жүзу құралдарымен 25-30 шақырым аумақ қаралды. Жаяу іздеу топтары жағалау бойымен 15-20 шақырым жерді шолып шықса, дрондар арқылы 10-15 шақырым аумақ бақылауға алынды. Сонымен қатар эхолоттар да қолданылды.
Бірақ іздеу жұмыстарына өзеннің қатты ағысы, иірімді арналары, қалың өсімдіктер, судың лайлығы мен көріну деңгейінің төмендігі айтарлықтай қиындық келтірген.
