Мәдениет саласының үздігі Нұрхан Кәдірбаев жуырда өмірден өткен театр актері Есмұхан Обаевқа арнап жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол марқұм туралы Асанәлі Әшімовтің бұрын айтқан сөзін еске алды.
«Асанәлі Әшімовтің жиі айтатын сөзі бар еді: “Бірінші мен кетемін, екінші Есмұхан сен кетесің, үшінші болып Сәбит (Оразбаев) кетеді”
Асағаның қайғысын еңсере алмай жатқан қазақ өнері тағы да қара жамылды.
“Жасы ұлғайды, өмірде көп нәрсені көрді” десек те, төрің сиреп бара жатса, қабырғаң қайысады екен. Есаға – менің ұстазым. Бүгін топырақ салуға бара алмадым. Себебі осы ұстазымнан алған білімімді халыққа паш ететін күн. Бақұл болыңыз, Есаға! Бүгінгі кешімді сіздің рухыңызға арнаймын», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Есмұхан Обаев 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
