Бейнебақылау камераларындағы жазбаларға қарағанда, үш жасөспірім екі қатарласын ұрып-соққан. Жанжалдан кейін олар тарап кеткен.
Павлодарда жасөспірімдер қатарласын соққыға жығып, кейін ересек ер адамды ұрып тастады
81
оқылды

16 сәуір күні Павлодар қаласындағы Машһүр Жүсіп Көпейұлы көшесі, 40-үйдің ауласында кәмелетке толмағандар арасында жанжал болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бейнебақылау камераларындағы жазбаларға қарағанда, үш жасөспірім екі қатарласын ұрып-соққан. Жанжалдан кейін олар тарап кеткен.

Әлеуметтік желілерде тараған тағы бір видеода осы жасөспірімдердің футбол алаңы маңында тағы бір баланы соққыға жыққаны көрінеді.

Оқиғаға бейжай қарамаған ер адам жанжалды тоқтатуға тырысқан. Бірақ ол да жасөспірімдердің шабуылына тап болған. Себебі олар ер адамды қоршап алып, қорқытып, кейін ұра бастаған.

Павлодар облыстық полиция департаменті аталған дерекке қатысты пікір білдірді.

«Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысқан барлық жасөспірім анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.